Шымкентте Отырар кітапханасы Әл-Фараби атына өзгертілді
Ондағы негізігі мақсат Әл-Фараби бабамызды толық зерттеп, түбі үлкен инситут құратындай Шымкент қаласын Әл-Фараби тану орталығына айналдыру.
Шымкент қаласындағы қазіргі Отырар әмебап кітапханасына Әл-Фараби есімін бере отырып, оны қайта жабдықтау мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1550 жылдығына орай Отырар кітапханасын Әл-Фараби есімімен атау 26 мамырда Республикалық ономастика орталығы бекітіп, ұсынды. Ол 27 тамызда министрлік тарапынан қолдау тапты. Оның концепсиясын жан-жақтан жиналған Әл-Фараби танушылар мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың тарихшылары құрастырды.
Концепсияның негізгі бағыты қазіргі кітапхана ішіндегі залдарды Әл-Фараби зерттеген ғылым салаларына арнау. Ойшылдың зертеулерін ақыл-ой, музыка, жаратылыстану, тіл, логика, құқықтану, құдайтану деп 7 бағытқа бөліп, бағытына сай жабдықтайды. Оның құрылысына қажетті қаражат демеушілер тарапынан тартылады.
Қорында 4 мыңнан аса кітап қоры бар қаладағы ең үлкен кітапхана алдағы уақытта заман талабына сай жаңарады. Екінші ұздаздың өз дауысы 3D форматында жазылып, суреттері қабырғаларға ілінеді. Ол кітапханаға кірген адамды Әл-Фараби әлеміне енгендей әсер ететін болады.
Ал қазіргі «Отырар» атауы Түркістан қаласында салынып жатқан кітапханаға беріледі. Ол Отырардың облыс орталығына қарайтынын алға тартып, ол жерден шыққан тарихи тұлғаларды таныту мақсатында алдын ала ойластырылған.