"Балам БАЙ БОЛСЫН" десеңіз, мына 4 қатені жасамаңыз
Кейде ата-аналар баланың бағы мен жолын өздері байлайды.
Баласының болашақта жетістікке жетіп, бай-бақуатты өмір сүргенін кім қаламайды? Әрине, бұл – әрбір ата-ананың арманы әрі мақсаты. Кез келген көздегенге жету үшін бүгіннен бастап әрекет ету керегі түсінікті. Баланың болашағына қатысты да дәл солай. Өскенде ешкімге алақан жаймайтын, тіпті, артылғанын айналасымен бөлісе алатындай бақуатты болсын десеңіз, жетістікке жетер жолын қазірден қалыптастыру керек. Әсіресе, баланың жолы мен бағын байлайтын мына 4 қателіктен аулақ болыңыз.
«Балам, бұған жұрт не дейді?» Дәл осы сөзді балаңызға ешқашан айта көрмеңіз. Айтсаңыз, бала бойындағы жаңашылдық, ерекшелік сияқты өте қажетті қасиеттерді өзіңіз өшіресіз. Есесіне, санасына мыналарды сіңіресіз:
қашан да жұрттың пікірімен санасуды;
өзгелерден еректенбеуді;
басқалар салған ізбен ғана жүруді; жаңа сүрлеуге аяқ баспауды;
қашан да басқалар не дер екен деп біреуге жалтақтауды;
өз бетінше шешім қабылдамауды;
Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Бәрі де тек кері әсер. Елеулі ісімен не елден асқан байлығымен аты шыққан тұлғаларды еске алайықшы. Олардың басым бөлігін бастапқыда ел-жұрт есінен адасқан деп санаған. Идеяларын қабылдай қоймаған. Тек алған бетіне таймай, өзін дәлелдеген соң ғана жетістігінің сырын білуге бәрі құштар. Міне, ешкімнің сөзіне, пікіріне тәуелді болмай, жүрек қалауының жетегіне ерсең, жетістік те, байлық та көп күттірмейді. Осыны өзіңіз ұғыңыз, балаңызға да ұғындырыңыз.
«Сабағыңды оқы, басқасына бас қатырма!» Балалардың сұрағы ешқашан таусылмайды. Асылында, әрбір сұрағының астарында үлкен қызығушылық жатыр. Дәл осы қызығушылық жаңа білім әлеміне жетелеуі мүмкін. Бірақ біз не істейміз? «Апайың берген тапсырмаларды орында, басқасына бас ауыртпа!» деп баланы бірден тыйып тастаймыз. Дәл қазір мектеп бағдарламасын беске білсе болды деп санаймыз. Одан басқа тақырыптарда баламен бірге ізденуге, жол көрсетіп жіберуге не уақыт жоқ, не құлқымыз жоқ. Осылай қиялының қанатын өз қолымызбен қырыққан соң, баладан қандай жетістік күтуге болады? Біліңіз, баланың мектеп бағдарламасынан да бөлек білім ізденуі, қосымша ақпараттармен қанығуы өте маңызды. Сондықтан, сұраныс болса, түлі энциклопедиялар, кітаптар сатып әперуге, ғаламторда баламен бірге отырып ізденуге қиналмаңыз.
«Қанша сабақтан 5 алдың?» Осылай сұрау арқылы балаға сабақты тек «5»-ке оқу керектігін ұғындырамыз. Барлық пәннен бірдей үздік болу неге соншалықты маңызды? Әр баланың бойында Алла берген таланты, қабілеті бар. Соған сай бағытта ілгері дамуына жәрдемдесудің орнына, неге бірнеше кеменің басын қатар ұстауға мәжбүрлейміз? Көбіне оқуда озат баланың бойында «үздік оқушы синдромы» болады. Оны қалыптастыратын – ұстаздар мен ата-ана. Дәл осы синдром оның болашақ өмірінде көп кедергісін келтіреді. Жетістікке жетуге де, баюына да, бақытты болуына да. Сондықтан, сабақты баға үшін емес, өз қызығушылығына, қалауына қарай оқуына рұқсат беріңіз.
«Мұғалімнің (үлкеннің) айтқанына қарсы келме» «Ұстазға қарсы келме», «сыныптастарың бірдеңе сұраса, бер», «үлкенге қарсы сөйлеме», «біреу көмек сұраса, міндетті түрде орында», «ешкімге жаман сөз айтпа» - балаңызға осындай тыйымдарды айтасыз ба? Қаншалықты жиі? «Ұят болады» мен «Мінсіз бол» деген тәрбиелерді ту етем деп, балаңызға үлкен зиян келтіріп жатқаныңызды білесіз бе? Ата-ананың осындай сансыз нұсқауларынан соң бала ешкімге өз қалауын, пікірін жеткізе алмайтын, өзіне ыңғайсыз болса да «жоқ» деп айта алмайтын, бәрінің көңілінен шығуға тырысатын, тек өз көңілін ойламайтын жалпақшешей жанға айналады. Қалай ойлайсыз, ондайлардың жетістікке жетуі мүмкін бе? Күмәнді. Есесіне, жетістікке жетушілердің жолындағы баспалдаққа айналатыны айдан анық.
Әлбетте, бала тәрбиесі – шетсіз-шексіз ғылым. Биікті бағындыратын мықты тұлға тәрбиелеу жолында қаншама ережелер мен қағидаларға кезігесіз. Ата-ана жіберуі мүмкін қателіктердің саны да аталғандармен шектелмейтіні анық. Алайда, бастапқы баспалдаққа жарайды. Осы төрт қатені жібермеуді бүгіннен бастап үйреніңіз. Соның өзі біршама мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ERNUR.KZ