» » » БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ КЕШІКПЕҢІЗ

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ КЕШІКПЕҢІЗ

«Баланы жастан» емес, тіпті ана құрсағынан бастап тәрбиелеудің маңызын қазақ халқы ертеден-ақ түсінген. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Ал, осыған дейінгі құрсақтағы кезеңде алған әсері, естіген, сезінген жайттардың барлығы сәби бойында қалады. Сол себепті, нәрестенің ана құрсағындағы тәрбиесі маңызды орын алады.

Ғалымдардың айтуынша, сәби құрсақтағы өмірінде анасы нені көп үйренсе, нені көп білсе, бала дүниеге келгенде сол нәрсені тез игереді екен. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпек» деген осы болса керек. Ал, жарық дүниеге келгеннен бастап жайлы, толыққанды отбасында өсіп, жетілген бала қоғамға пайдалы азамат болары анық. Салиқалы ұрпақ, саналы азамат тәрбиелеуде ата-ананың сіңірер еңбегі зор. Бала бойына керегі ең бастысы – мейірімділік пен адамгершілік. Кез келген бала жаңа отырғызылған тал шыбық секілді ата-ана сүйіспеншілігіне шөліркеп тұрады. Перзентіңізге тәрбие беруде нендей қателікке бой алдырып жүрсіз? Қандай қасиеттерді, кеңестерді айтпадыңыз? Бұл әрбір ата-ананы ойландыратын сұрақтар.
Бала тәрбиесінде кеңес беретін мамандардың айтуынша, ең алдымен баланы тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айта алған бала ержеткенде өзіне керегін білетін, өмір жолын таңдай алатын жеке тұлға болып қалыптаса алады. Ал, керісінше, баланы не болса содан тыйып отырсаңыз, біржақты ғана тәрбие бергеніңіз. Әке-шешенің қаталдығы, тыйым салу жеткіншектің қызығушылығын шектеп, ынжықтыққа, тұйықталуға апарады. Мұндай балалар ержеткен сайын қателікке бойалдырғыш, өз мақсатын білмейтін, тек өзгенің жетектеуімен өмір сүруге қалыптасып кетуі әбден мүмкін. Баланың тәрбиесінде ата-аналар тарапынан кетіп жататын қателіктердің қатарында көп көңіл бөлмеу де бар. Осындай қарбалас тіршіліктен тұратын өмір бала мен ата-ананың арасын алшақтатқан секілді. Таң атысымен нанталап тірліктің күйбеңімен кеткен әке-шеше қас қарайғанда сілелеп үйге келеді. Мұндай жағдайда балаға көңіл бөле қоюы екіталай. Бірақ қанша шаршасаңыз да уақыт тауып баланың күні бойы не істегенін, сабаққа үлгерімі қалай екенін, әлеутеттік желіде қанша сағат отырғанын сұрап, азын-аулақ баламен байланыс орнатқан дұрыс.
Әсіресе, бүгінгі таңда әлеуметтік желінің әлегі көп болып тұр. Оңды-солын танып, білмеген жасөспірімдер үшін аса қауіпті тұстары жетерлік. Бірнеше жылда бір дүркін елді шулатқан суицитке итермелейтін ойындар түпкілікті тыйылмады. Жуырда ғана тағы да шулы мәселе көтерілді. Әлеуметтік желіде қазақстандықтарды алаңдатқан «әйгілі ойын» пайда болды. Онда «ата-анаңды өлтіреміз» деген секілді баланың психикасына тікелей шабуыл жасайтын сөздер таратылады екен. Осындай жағдайда ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар дұрыс шешім қабылдайды деп айту қиын. Білместік те, өз өмірін қию да қолдаусыз, қараусыз қалған жасөспірімдерден шығады. Әке-шеше балаға көңіл бөлмесе түсінеміз. Өйткені оларға да сол перзенті үшін күндіз-түні еңбек етуге тура келетін шығар. Алайда өмірдің басты байлығы балалар ертеңгі күні сіздің осы еңбегіңізді ақтайтындай, аяғына нық тұра алатын жігерлі азамат болатындай етіп тәрбиелеу де бүгінгі күннің еншісіндегі мәселе. «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсерін» ұмытпаған жөн. Ананың мейірі мен әкенің қаталдығы тең дәрежеде болса, ұрпағыңыз ата жолын аттамас.
Тәрбиенің өзегі – ата-ананың бала алдындағы қарым-қатынасы, адами құндылықтарға толы үлгі қасиеттері. Бала тәрбиесінде кешікпеңіз. Өйткені, болашақта не ексең, соның жемісін көресің.  

Н.АЛМАС
09 мамыр 2020 ж. 438 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930