БАЛА ДЕГЕН БІР БАҚЫТ
Бала қуанса, әлем қуанады. Олардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артықтығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті.
Тәрбиенің өзегі – бала бойына адамгершілік пен рухани құндылықты сіңіру. Құнды қасиеттерді бойына сіңіру, рухани дүниесі жетілген адамды қалыптастыру туған кезінен басталуы керек дейді халық даналығы. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оған көмектесе алмайсың. Баланы тәрбиелеу де осы секілді ерте жастан басталса, жемісін береді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, екінші бесік балабақша. Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие адам болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшада берілетін тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Мұндағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының маңызы зор. Бүгінгі күні балабақшаға бармайтын бала кемде-кем. Мектепке дейінгі білім беру орындарына сұраныс көп, жасы жақындағаннан бастап, кезекке тұрады. Уақыт сынаптай сырғыған заманда қарбалас тіршіліктен бас көтере алмайтын ата-аналар балаға тәрбие беруде үлгермейтін тұстары бар. Сондықтан, әрбір отбасы өз еркесін бар күш-жігерін, алтын уақытын балаға сарп ететін бөбекжай тәлімгерлеріне сеніп тапсырады. Мұнда өзі қатарлас балғындармен араласып, тілі шығады, әріп таниды, санауды үйренеді, еңбекқорлыққа, бауырмалдыққа бейімделе бастайды.
Біздің ауданда да қаншама бүлдіршінді қанатының астына алып, мектепке дейінгі білім беретін балабақшалар баршылық. Кенттің өзінде 15 бөбекжай орналасқан. Бұлардың барлығының мақсаты бір. Саналы тәрбие беріп, баланы оң-солын тануға, өзін-өзі игеріп тұлғалық дамуына күш салады. 3-6 жас аралығындағы тәрбиеленушілерді қамтитын балабақшалардың оқу бағдарламасы, тәрбие беру стандарттары барлығы бірдей. Жас деңгейіне қарай түрлі топтарға бөлінген тәрбиеленушілер үйірмелер бойынша тұлғалық жағынан тез дамиды. Мектеп қабырғасына қабылдануға дайын, білімнің ең алғашқы бөлігін үйреніп, бөбекжайынан түлеп ұшқан әр бүлдіршін тәрбиешінің мектебінен өтеді. Тәрбиеші сол ортадағы бүлдіршіндердің бағбаны, білім мен тәрбиені ұштастырып, жол сілтер бағдаршысы. Көрнекті тұлға А.Байтұрсынов: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шығады?» деген екен. Балабақшаның тәрбие негізі қай кезеңде болмасын, халық үшін қызмет ететін азаматты қалыптастыру жолында тер төгуде. Әрбір тәлімді тәрбие, іс-әрекет бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, тәрбиеші сол тылсым әлемнің, бала қиялының сиқыршысындай.
Осындай нәзік әлемнің мінсіз болуы міндетті. Баласын балабақшаға бергісі келген ата-ана «Халыққа қызмет көрсету» орталығына барып, қалаған бөбекжайына тіркейді. Бір балабақшаға тіркелген бала одан шықпайынша келесісіне тіркеле алмайды. Өйткені, жүйеден тіркелгені туралы барлық мәлімет шығып тұрады. Жуық арада баланы тіркеу ата-аналар үшін тіпті жеңілдеді. «Электронды балабақша» қызметі іске қосылды. Бала дүниеге келгеннен бастап-ақ осы қызмет арқылы орын алып қоюға толық мүмкіндік бар. Бұл қызмет арқылы жолдама алған әр бала тиісті орындар тарапынан үнемі бақылауда тұрады. Бұл да болса, жоғарыда айтып өткен келеңсіздіктердің алдын алуға көмектеседі. Әр бөбекжайдың өз жұмысын сапалы әрі таза атқаруын, барлығына бірдей бекітілген бағдарлама, стандарт бойынша тәрбие берудің кешенді ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді.
Талай бүлдіршіннің қанатын қатайтып, мектеп табалдырығына аттандырған балабақшалардың әлі де атқаратын жауапты жұмыстары көп. Елім деп соғатын жүрегі жас өрендеріміздің қатарын көбейтуге күш жұмсайтын тәрбиешілердің жұмысына жеміс тілейміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.