» БАҒЫТЫ АЙҚЫН БАЛАБАҚША

БАҒЫТЫ АЙҚЫН БАЛАБАҚША

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Қазақ халқы да қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан, ұлттық тәрбиені жастардың бо­йын­да жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру – бүгінгі ұлағатты ұстаздардың басты міндеті. Осы тұрғыда үлкен жауапкершілікті педагог мамандар да жақсы сезінеді. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың білімге деген ынтасын арттыруда оқытудың сантүрлі әдісі қолданылып келеді. Әрине, мұның барлығы алдымен тәрбиешілердің тәлімді тәжірибесіне байланысты.
Қазір аудан, ауылдық елді мекендердің барлығы балабақшамен қамтамасыз етілген. Бала тәрбиелеп отырған кез келген ата-ана оны оқытуда, ой-өрісін дамыту жолында сыртқа сабылмайды. Бұл – мемлекеттің жеке балабақша ашамын деген кәсіпкерлерге жасап жатқан мүмкіндігінің жемісі. Үлкен қолдау бір жағынан балабақша мәселесін шешуге оң ықпалын тигізсе, келесі кезекте кәсіпкерлерге де өз ісін өрістетуге жол ашады.
Мемлекеттік бағдарламамен жұмыс жасап, жастардың бойына тәлім-тәрбие сіңіруде үлкен іс тындырып отырған балабақшалар қатарында «Ақжүніс» те бар. Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын Еңбек ауылында жұмысын бастаған балабақша 60 орынға лайықталып салынған. Кәсіпкер Мадина Көшерова өз ісін өрістетумен қатар балалардың білім алуына барлық жағдай жасауда қыруар жұмыс атқарған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған балабақша басшысы кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктің жұ­мыс­тың алға басуына үлкен қолдау болғанын айтады.
– Тәуелсіздік алған жылдардың басында кәсіпкерлерге бүгінгідей қолдау болған емес. Бірақ, сол кездегі қаржылық тапшылықпен санассақ, бұлай болудың да өз жөні бар. Ал, қазір ше, бүгінде бәрі басқаша. Керісінше мемлекет қай салада кәсібімді өрістетем десең де барлық жағдайды жасап отыр. Ал, іс бастауға талаптанған адамның алдындағы жалғыз міндет – мүмкіндікті пайдаланып, кәсібіңнің көкжиегін кеңейту. Кәсіп ашып, білім саласының ілгерілеуіне тамшыдай болсын үлес қоссам деген мақсат мені балабақша ашуға алып келді. Бастапқыда қиындықтар болды. Қазір соның жемісін көріп отырмыз. Келесі кезекте бүлдіршіндер білім нәрімен сусындаса, келесі кезекте мемлекеттік бағдарламаның да шарапатын сезінудеміз, – дейді Мадина Қырғызбайқызы.
Өңірдегі халықтың балабақшаға деген сұранысын қанағаттандыру және жұмыссыздар қатарын азайту мақсатымен ашылған нысан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданды. Мұндағы мамандардың тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын ұштастыра білген мекеме бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл нысанның ауылдық елді мекенде орналасқанын ескерсек, жақсы көрсеткіш. Алғашында өз қаражатымен жұмыс бастауға талаптанған кәсіпкер 2010 жылдан бастап «Балапан» бағдарламасының қолдауын сезінді. Балабақша iшi жаңа жөндеуден өтіп, заманауи стильде көркемделген. Бір сөзбен айтқанда мұнда жас өрендердіӊ тәрбие алуына және олардыӊ бойына білімніӊ негізін қалауға қажетті жағдайдыӊ барлығы жасалған. 60 орынға лайықталған балабақшада 3 топ жұмыс жасайды. Басты ерекшеліктердің бірі мұнда ұжымның демеушілігімен мектепалды даярлық тобына қабылданған балалар тегін білім алады. 3 жылдан бері үрдіске айналған бұл жеңілдік көп балалы, тұрмысы төмен, отбасылық жағдайы нашар балаларға тиімді болып отыр.
– Алдымен, балабақшада өсіп келе жатқан балалардың бойындағы алуан түрлі қасиеттерді байқаймыз. Оған оң баға беріп, жетілдіру жолында бар күшімізді саламыз. Мекеменің бас­ты бағыты – бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай олардың спортпен айналысуына да назар аудару. Сонымен қатар, болашақта балаларды автобуспен жеткізу мәселесі де жолға қойылады, – дейді мекеме басшысы.
Бүгінде ауыл балалары төрт қабырғаға қамалып, теледидарға таңылмайды. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жауапкершілікпен қарап, білімін жетілдіруде өзіндік үлесін қосып келе жатқан тәрбие орталығының жұмысына біз де сәттілік тілейміз.

Наргиза БЕКТАЙ.
---
07 тамыз 2018 ж. 1 041 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930