ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ СЕЛҚОСТЫҚ ТАНЫТУҒА БОЛМАЙДЫ
Балаларымыздың болашағы туралы сөз қозғағанда ойымызға бірден «Тәрбие басы – талбесік» деген бабадан қалған нақыл оралады. Онда ұғынған адамға терең мағына жатыр. Баланың ойы қашанда далада болады. Өйткені, ананы білсем, мынаны көрсем деген ниетпен сәби бейхабар дүниені зерттеп таниды.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген де бар. Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі – отбасы мен өскен ортасы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халық даналығы.Тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі. Әр сәбиге жарық дүние сыйлап, тәрбиелеп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп аялайды. Бар жақсыны сәбиінен аямайды.
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде селқостық танытуға болмайды. Қазір бала уақытының көбін теледидарда, интернетте өткізеді. Интернеттегі кейбір ойындардың атын атауға қорқасың. Өйткені, олардың басым бөлігі қырып-жоюға арналған. Жатқан атыс-шабыс. Бірінде террористермен атысса, енді бірінде көшені кезіп білгенін жасап жүреді. Мұндай ойындарда балалар адамды қалай өлтіру қажет, ол үшін қандай қару қолданатынын жадына әбден тоқиды. Мұндайда баламды бақылауда ұстаймын не болмаса қазақы тәрбие беремін деу бекершілік сияқты. Өзгеге еліктеп өскен сәби көп жағдайда ата-анасына қарсы шығып, оларды тыңдамай өз дегенімен жүреді. Әртүрлі жат қылықтар жасап, ата-анасының атына кір келтіреді. Бала тәрбиесін бақылаусыз жіберіп, артынан сан соғып отырмайық. Бұл жағдайға сонда кім кінәлі?
Тәрбие бесіктен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-анаға да байланысты. Қазақ баласына қол көтермей-ақ айтар ойын көзбен жеткізген. Осының өзінен қазақы тәрбиенің даналығы мен даралығын көруге болады. «Балалы үй – базар», «Баланы – жастан», «Бала – болашағымыз», «Ұл-қыз – ұрпағымыз» деп жатамыз. Осы сөздің бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Отбасы тәрбиесіне, әке-шешенің мейірімі мен жылы сөзіне, «Балам, жақсы бол, азамат бол, бұзық болма, тәртіпті, үлгілі болып өс» деп, перзентінің басынан ыстық алақанымен жәй ғана сипап өткенге ештеңе жетпейді. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» деген емес пе?!
«Ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым» деген қазақтың ұрпағымыз. Олардың тәрбиесіне келгенде барлығын талбесіктен бастағанды жөн санайтын халықпыз. «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» дейді ғой. Бабаларымыз балаға ана сүтімен бірге ана тілінің, бойына ұлттық тәрбие мен салт-сана даритынын әлдеқашан айтып кетті. «Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі». «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын». «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар». «Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле». «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес». «Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады» делінген бабадан қалған асыл сөздерде. Қалай болғанда да, ізімізді жалғар ұлымыз бен өрісімізді кеңейтер қызымыз ата-анасына қарап өсетінін ұмытпайық.
А.АҚЫЛБЕК.