ҰЛ ӘКЕДЕН ҮЙРЕНБЕЙ... Қазақта «Ұл әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей, өнеге алмас» деген бар. Расында, «баланы жастан» деген сөздің астарынан-ақ, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Өткенге зер салсақ, баланы ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке баулыған. 13 жасқа дейін атқа мінгізіп, «Аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел!» деп жіберген. Оның себебі де түсінікті, көпті көрген көнекөз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, өткенмен сабақтаса өмір сүрсін дегені. Бұрын сондай-тын. Ал, қазір жағдай тым бөлек. Арнайы жүргізілген зерттеу бүгінде кез келген баланың бір күн ішінде әкесінен гөрі анасына көп сауал қоятынын дәлелдеген. Соған қарағанда балалардың дені анасын өзіне жақын қоятын секілді. Бұл нені аңғартады?Отбасы – алтын діңгек. Кейде біреудің баласы үлгі тұтар, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі білікті жан еді, көргенді бала, текті жерден шыққан», – деп мадақтайды. Осыған қарап, әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызын байқаймыз. Алайда, бүгінгі уақытта әкеден гөрі ана беделі биік болып тұр. Қит еткен бала анасына жүгінеді. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі». Бұл – ескірген нақыл. Қазір баласының тағдырына, отбасының қамына көз қысып қарайтын, түзде тазы, үйде түлкі әкелердің қатары көбейді. Бала алғаш үйден тәрбие алып, қалған тәрбие тостағанын далада толтырады. Түлкіні көріп өскен бала түлкі, тыстан тазыны көріп, тазы болады. Баласы үшін жауап берудің орнына оны талақ етуге даяр әкелер бар. Жұп құрып үйленеді, бақытты күйге енеді. Содан соң отбасын ойрандап, көшеге тайраңдап кетеді. Кейін баласына тиісті алиментін төлеуден қашады. Бес саусақ бірдей емес. Балаларының болашағын ойлап, өмірден өз орнын табуда бағыт-бағдар беретін әкелер жоқ емес, бар.– Ата-ана баланы өмірге әкелген соң бірінші кезекте оны қатарынан қалдырмай киіндірсек, тамағын тойдырсақ болды деп ұғынады. Бұл дұрыс емес. Өйткені бала жас өскін секілді баптағанды, аялағанды қажет етеді. Әсіресе, ер балалар ер адамға қажет тағылымды көбіне әкесінен үйренуге ұмтылады. Жасында ұғынбағанды баланың ер жеткенде түсіне қоюы екіталай. Сондықтан әрбір әке бауыр еті баласының қоғамдағы өз орнын қателеспей табуына ықпал ету керек, – дейді қала тұрғыны Бекталап Сағашев.Танымал психологтар да бала тәрбиесін басты орынға қоюға кеңес береді. Сондай-ақ, көбіне баланы әкесіне қарсы қоймау қажеттігін алға тартады. Себебі, бұл жағдай белең алған. Осы ретте әкесін сыйламаған ұл ертеңгі күні сізді де, болашақ жарын да сыйламай өтетінін естен шығармауымыз керек. «Балаң жақсы тәрбиелі болса, о дүниеде Алла Тағаланың алдында, бұ дүниеде адамзат арасында да жүзің жарқын болады», – дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде. Атақты «Абай жолы» романында да мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер», – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы М.Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.М.СНАДИНҚЫЗЫ. Жаңалықтар / Руханият 02 маусым 2018 ж. 934 0