КІРШІКСІЗ ӘЛЕМДІ КІРЛЕТПЕЙІКШІ «Бала – адамның бауыр еті». Жер бетінде балаға мейіріммен қарайтын екі ұлт болса, соның бірі – қазақ. Сондықтан да халқымыз баланы өзінің ішкі ағзасындағы ең аяулы, ең нәзік мүшесіне теңепті. Аңдасаңыз, бұл сөз тәрбиеден бұрын балаға ең алдымен ата-ананың мейірімі керек екенін меңзеп тұр. Батыстың баз бір елдерінде көшеде келе жатқан ата-ананың жетегіндегі бала сүрініп жығылса, олар біз секілді жаны ышқынып айналып-толғанып өбектеп жүріп кішкентайын жерден көтеріп алмайды екен. Баласы қашан өзі бойын тіктеп орнынан тұрғанша күтіп, баласының осындай қиын жағдайдан қалай шығатынын, оның сол мақсаттағы барлық қимыл-әрекеттерін бақылап тұратын көрінеді. Қаталдық па, тәрбие ме? Меніңше, бұл ата-ананың мейірімі. Кейде қаталдықтың астарынан да мейірім іздеуге болады. Қазақта: «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Демек, баланың болашағын ойлайтын ата-ана оларды тәй басқан кезінен-ақ кедергіге кез болғанда демеу көрсетпей, өз бетінше жол табуға мүмкіндік жасайды екен. Одан соң еңбекке жарайтын жасқа жеткенде түздің тіршілігіне жұмсау арқылы ширатып, төзімділікке үйретеді, өмірдің сынағына сынып кететіндей күйрек болмау үшін шыдамын шыңдайды. Бұл – есейгенде үлкен өмірге бейімсіз, тірлікке икемсіз, қандай жұмысқа да орашолақ, жалқау, еріншек, жатыпішер, арамтамақ, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын жалтақ, жасық жастар қайдан шығады деген сауалға жауап және бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Әсіресе, қазірде жаратылысы гүлден нәзік, еңкейіп еңбек етпейтін күйрек мінезді ер балалардың қатары көбейіп келеді. Ал, бұл жағдайды психолог мамандар ата-ананың балаға деген шектен тыс қамқорлығының нәтижесі деген уәжімен түсіндіреді. Хош, сонымен бала тәрбиесіне ата-ана мейірімі қаншалықты қажет? Тағы да қайталайық, «Балаңды аясаң, аяма» дегенді қазақ балаға деген ата-аналық махаббатының толымсыздығынан айтқан жоқ. Керісінше, әкелеріміз бізді қату қабағымен тәрбиелеп, жұмсақ жүрегімен жақсы көрді. Аналарымыз екі бастан: «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп баласының амандығы жолында жаны құрбан екенін білдірді. Иә, бұдан артық қандай мейірім керек дейміз ғой. Бірақ, бұл балаға деген кез-келген ата-ананың табиғи сезімі ғана. Жаратылыстану ғылымының тілімен айтсақ, шартты рефлекс. Ал, енді осы мейіріммен қоса дұрыс бағытта орнықты тәрбие берілсе біз тек өз баламызды ғана емес, еліне тұтқа болар тұлғаны қалыптастырып шығарған болар едік... Бала – әке мен шешенің көлеңкесі. Олар сенің істегеніңді ғана қайталайды. Сондықтан Шығыс ғұламалары: «Балаңа айтпа, көрсет» дейді. Әке-шешенің сөзі мен ісінде үйлесім болмаса, баланың болашағынан үміт күтпей-ақ қоюға болады. Айтпағымыз, ата-ананың шектен шыққан қамқорлығы мен шарасынан меймілдеп төгілген мейірімі баланы тек шолжаң, сотқар етіп өсіріп тіпті есейген кезінде де нағыз басбұзар есерлікке алып келуі әбден мүмкін. Бұл жағын бұрынғы ата-бабаларымыз да ескеріпті. Ер баласын алты жасында ашамайға отырғызып, оған текке бәсіреге тай атаған жоқ, баласын сол ақыл кірген алты жасында-ақ шаруаға бейімдеді. Оған меншігіне тиген сол тайды күтіп-баптау жауапкершілігін жүктеді. Ал, үкідей үлпілдетіп төрінде мәпелеп ұстаған қыз балаға деген әке-шешенің мейірімі мен махаббаты алабөтен болды және қыз бала тәрбиесі отбасынан емес, бесіктен де емес, құрсақтан бастау алатын еді. Қыз балаға деген махаббатын тек маңдайынан иіскеп, шашынан сипап аялаумен ғана білдірген ата-ана қыздарының бойына ісмерлік арқылы тәлім дарытты. Міне, көне күннің күмбіріне құлақ түрсек, баланың жанын мейірімге бөлей отырып тәрбиелеуді қазақ өзге ұлттан үйренбепті...Ал, бүгінде біз мейірім мен қамқорлықтың орынын шатастырып алып жүрген сияқтымыз. Тіпті кейбір ата-аналар балаларын тек қатарынан қалдырмай өсіріп, қажеттілігін өтеп, сұранысын қанағаттандырып отыруды ғана мақсат тұтады. Яғни біз оларды тек материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етеміз және оны ең басты парызымыз деп санаймыз. Бір қарағанда дұрыс сияқты. Өмірге ұрпақ әкелген соң оны өсіріп, бағу ата-ананың міндеті. Бірақ тағы да сол, біз тек қамқорлықпен ғана шектелеміз. «Әлі кішкентай ғой», «жалғыз бала ғой, осыдан немізді аяймыз», «Есейген соң өзі-ақ үйренеді» дейміз, әйтеуір жетпіс желеу, сексен сылтаумен баланың жан-жағына қоршау қойып, оны өмірдің барлық қиындықтарынан қорғап өсіреміз. Жастайынан бірде-бір қиындық көрмеген, ауыртпалықпен бетпе-бет келмеген бала есейген кезде де өмірдің сынағымен күресе алмайтын боркемік болатыны басы ашық мәселе. Құлағының түбіндегі ұялы телефоннан ән тыңдап жатып ұйықтап үйренген бесіктегі бала жай күндері шар ете қалса, қолымыздағы телефонды құлағына тоса қоямыз не болмаса қолына ұстата саламыз. Бала түгіл, ересек адамдардың денсаулығына кері әсері бар, тіпті белгілі уақыттан артық пайдалансаң адам ағзасында қауіпті аурулар тудыратын телефон қоңырауынан келетін зиянды толқынды айтпағанда, даңғырлаған дауысының өзі жас сәбидің құлағының әлі дұрыс жетілмеген дабыл жарғағын жарып жіберуге қауқарлы. Соны біле тұра өз құлағымыздың тыныштығы үшін және сәбиді жұбату үшін солай істейміз. Бесік жырын жас ана тұрмақ қазірде әжелеріміздің көбі ұмытып қалған. Бұл балаға жаны ашығандық па әлде өз жанымыздың тыныштығын ойлағандығымыз ба? Әрине, екіншісі. «Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің». Бізге қазір Абайдың өзі болмаса, сөзі өтімсіздеу болып тұр. Әйтпесе, бесіктен белі енді шықса да ата-анасын тыңдамай, әр қуысқа кіріп алып телефон шұқылап отыратын қыңыр-қисық баланың саны көбейер ме еді?! Дұрысы – баланы бақылаусыз қалдырып, кітапқа емес, қу темірге телміртіп қояр ма едік?! Абайдан асып айта алмаймыз, расында, балаларымыздың мөлдір әлемін өзіміз лайлап, оларды жастайынан «өлтіріп» жатырмыз. Елімізде кей жағдайларда балалар құқығы қорғалмайтыны және өзіміз де оған енжар қарайтынымыз жасырын емес, бұл да әбден жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Ең мөлдір әлем – балалар әлемі. Сондықтан шектен тыс қамқор боламыз деп немесе қату қабақпен тәрбиелейміз деп балалардың кіршіксіз әлемін кірлетіп алмайықшы, ата-ана!Қуат АДИС. Жаңалықтар / Руханият 02 маусым 2018 ж. 1 159 0