ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР, ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕР
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?» деген ұлағатты сөз қалдырған. Осы ретте, «Бір жылыңды ойласаң егін ек, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң ұрпақ тәрбиеле» деген тағылымды сөз де еске оралады. Пайымдасақ, бала тәрбиесінің жалғыз ата-анаға ғана емес, бүкіл қоғамға қатысты екендігін ұғамыз.
Әл-Фараби: «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, апаты» деп бекер айтпаған. Бала балдәурен балалық шағында жаңа отырғызылған өрімтал ағаш сияқты нәрлі қорек пен аялы алақанның жылуын сезініп, аналық мейірім мен әкелік қамқорлықта өсіп-өніп, тәрбиеленуі тиіс. Бала тәрбиесі – ана сүтінен бастау алып, өмір бойына қалыптасатын күрделі құбылыс. Тәрбие басы – әдептілік деп білген әрбір ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретеді. Ал, бүгінгі күннің тәрбие тізгінін кім ұстайды? Қара шаңырақтағы әке мәртебесі өз дәрежесінде ме?
Тарқатып айтсақ, береке-бірлігі жарасқан, әке мәртебесі қашан да биік тұратын отбасынан салиқалы ұрпақ шығатыны анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөздің астарында бала ата-анасының айнасы, соларға қарап бой түзейтіні айтылады. Қазақы тәрбиедегі әрбір жанұяда әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың сөйлегенін көрмейсің. Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасын қалыптастырады. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзінен, іс-қимылынан, қас-қабағынан бастау алады. Мәселен, ата-ана балаларының көзінше бір-бірін сыйламай әйелдің еріне, ерінің әйеліне құрметсіздік танытуы өз беделдерін жоғалтуға апарады. Олардың санасына кейін өздері үй болғанда алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын себеді. Үйдегі анасының балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» тағы басқа да дәстүрімізде бар сөздерді айтып отырса, ұрпақ тәрбиесінің өзегі осыдан түзіледі.
Әрине, бала тәрбиесінде әйелмен қатар, ер адам да маңызды міндет атқарады. Өкініштісі сол, бүгінде бүтін бір отбасының жүгін арқалаған кейбір әкелер өз қадірін жоғалтып жүрген секілді. Бұл ретте, қоғамда көпшілікті адастырып, аздырып, отбасының ойрандалуына әкеп соғатын ішімдік ойымызға оралады. Бұл турасында алысқа ұзамай-ақ дініміздегі айтылған аяттардан мысал келтірсек. Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда: «Әй, мүминдер! Арақ, құмар, арнайы табынуға тіктелген тастар, бал ашатын оқтар – тек лас шайтанның істерінен. Одан аулақ жүрсеңіздер, мұратқа жетерсіздер», - деген. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Ішкіліктен аулақ болыңдар, өйткені ол бүкіл жамандықтың көзі», - деп келтіреді. Алайда, Жаратушы тұрғанда жаратылғанның сөзіне, ісіне еріп, аз-маз масайсаң ештеңе етпестің құрығына түсетіндер көп. Ең бастысы, ниетіміз түзу, жүрегіміз таза деп өз-өздерін алдағанын көріп, шошисың. Қалай десе де, ішімдікті көп ішсең де, аз ішсең де харам. Себебі, ішімдіктен ұрттағанның барлығы маскүнем емес деп ақталудың жөні жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таңертең ішкілік ішкен адам күн батқанға дейін Аллаһ тағалаға серік қосқан болады, ал күн батқаннан кейін ішкен адам таңертеңге дейін Аллаһ тағалаға серік қосқан болады. Аллаһ тағала ішкілік ішіп, мас болған адамның қырық күндік намазын қабыл етпейді», – деп ескертеді (Тирмизи жеткізген хадис). Ал, Аллаға ортақ қосу – күнәлардың атасы.
Ал, ғалымдардың сөзіне сүйенсек, адамның ажалы үшін этил спиртінің 250-400 грамы жеткілікті. Алкогольді ішімдіктің құрамында болатын этанол, яғни этил спирті ми жасушаларын улап, биологиялық алмасуларды күйретіп өлтіріп отырады. Адам ағзасын улап, өлім қаупін күшейтіп, физикалық және психологиялық ауруларға ұшыратып қана қоймай отбасын ойрандап, рухани азғындықты күшейтеді. Ал кез-келген халыққа ең ауыр тиетіні ұрпағының ақыл-есі таяздалып, ұсақталып кетуі. Бұдан бөлек, көпшіліктің айтуына қарағанда елімізде ішімдікке жаппай бой алдыру 1970 жылдары белең ала бастаған екен. Нәтижесінде, ішімдік дастарқанның ортасынан ойып орын алып, әрбір қазақ кез-келген қуанышын ащы сусыз атап өтпейтін халге жетті. Қарап отырсақ, ішкілікке салыну тек бір адамның өмірін ғана емес, бір отбасының болашағына балта шабуы мүмкін. Тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып ішімдікке жұмсайтын әкенің әйелі тұрмақ балаларының алдында да қадірі кетеді. Құран Кәрімде: «...Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...», – деген аят бар. Осы тұста шаңырақты шайқалтып, махаббатпен құрылған отбасын ойрандауға алып келетін бірнеше себептерді ескерсек. Ең алдымен, ерлі-зайыптылардың дәм-тұзының жараспауына әкелетін нәрсе – кемшіліктерді бетке басып, жақсылығын көрмей ұсақ-түйекке бола жанжалдасу. Одан кейін бір-бірін өзгелермен салыстыру, сенімсіздік, шектен тыс қызғаныш, уақыт бөлмеу, өмір сүру дағдысын шектеу және бағаламау. Сайып келгенде, бәрі сенім мен сыйластыққа келіп тіреледі. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тағылымды сөздің түйіні осы болса керек.
Дүниеге келген әр бала отбасының шаттығы, Алланың берген сыйы. Бала – ата-ананың игі істерінің жалғастырушысы, болашағы. Сондықтан, ана менен әке өздеріне қатысты әдеп, адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек.
К.ТҰҢҒЫШБАЕВА,
№8 мектеп интернат тәрбиешісі.