Сыбайластық сыйлық беруден басталады
Әрбір өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан да мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы жемқорлықпен күрес болып табылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің алдын алуға, одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Жалпы айтқанда сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады. ҚР Қылмыстық кодексінің өкілеттіктерді теріс пайдалану (228-бап), коммерциялық сатып алу (231-бап), қызмет өкілеттігін теріс пайдалану (307-бап), билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану (308-бап), пара алу (311-бап), қылмыстық жалғандық жасау (314-бап) туралы лауазымдық қылмыс нормалары ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нормалары болып табылады. Қазақстанда сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Оларға “Мемлекеттік қызмет туралы” және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” ҚР заңдары жатады. Сонымен қатар осы саладағы ынтымақтастық туралы халықаралық актілер де бар.
Қорыта айтқанда жемқорлық дертіне жол бермей, әркім өз қызметін адал әрі тиянақты атқаруы тиіс. Ел алдында абырой-беделге ие болып, халықтың алғысын алғанға не жетсін?! Сондықтан да осы бір індетпен бәріміз бірге күресіп, сыбайластыққа қарсы тұруымыз керек.
М.Тұрсынбаева,
Жалағаш аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы.