Шымкентте жыл соңына дейін 1000-ға жуық арендалық пәтер беріледі
Биыл 5 144 отбасыға 80 кредиттік үй құрылысы жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі баспана мәселесі бойынша ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов тікелей эфирде сұхбат берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
– Шымкент қаласы бойынша 40 148 адам баспана кезегіне тіркелген. Осыған орай азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы механизм әзірленуде. Яғни, баспанаға қол жетімділікті табыс деңгейіне қарай сатылай бөлу ұсынылуда, – деді Ербол Құланбайұлы.
Атап айтсақ:
1. Табысы 1 күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар үшін (32,7 мың теңге) арендалық баспана;
2. Табысы 2 күнкөріс деңгейіне дейін (65,3 мың теңге) аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін «2-10-20» бағдарламасымен пәтер сатып алу;
3. Табысы 3,1 күнкөріс деңгейіне дейін (101,3 мың теңге) отбасыларға «5-10-20», «5-20-25» бағдарламасымен кредиттік пәтер сатып алу;
4. Табысы 3,1 күнкөріс деңгейінен жоғары (101,3 мың теңгеден жоғары) отбасыларға «7-20-25» бағдарламасымен ипотека ретінде сатып алу;
5. Табысы 5 күнкөріс деңгейінен жоғары (163,3 мың теңге) отбасылар үшін 8% немесе үлестік қатысу арқылы пәтер сатып алу ұсынылуда.
Спикердің сөзінше, биыл 5 144 отбасыға 80 кредиттік үй құрылысы жүріп жатыр. Ал жыл соңына дейін 51 үйді тапсыру жоспарлануда. Яғни, 3 284 отбасы өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, арендалық 280 пәтерлі 5 үй иесіне табысталмақ. Бұдан бөлек, нарықтан 696 пәтер сатып алынады. Жалпы, жыл соңына дейін 976 арендалық пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беріледі.