» » Ызасын жеңу үшін балаға қандай көмек беруге болады?

Ызасын жеңу үшін балаға қандай көмек беруге болады?

Расында, ата-аналарға қазір тәрбие беру қиын тиіп жатыр. Оған теледидар мен компьютер үлкен «бәсеке» болып тұр. Американдық әлеуметтанушылар АҚШ-та адамдардың басым бөлігі қатыгездікпен ғана мақсатына жете алады деп тапты. Психологтардың зерттеуінше, кез-келген балақай телеарнадан немесе компьютер ой-ынынан бір сағаттың ішінде орташа есеппен 5-6 рет күшпен ұрып-соғу көрінісін тама¬шалайтын болса, оның миында адамға қол жұмсау бейімділігі қалыптасып үлгеретіні белгілі болған. Себебі, бұл жерде жағымсыз кейіпкермен бірге жағымды кейіпкер де нағыз қылмыскер секілді адамға қол жұмсайды. Қорғану үшін болса да… Әрине, мұны жиі қайталап көрген бала агрессияға бейім болады.

Ертеде көне үндіс тайпаларының бірі команчи мен апачи балаларын айбынды, қайсар, ержүрек және қандай жауға да қаймықпай қойып кететін, есесін ешкімге жібермейтін батыр, әрі батыл етіп тәрбиелеуге тырысады екен. Ал, оларға көршілес жатқан тайпа: гопи мен зуни керісінше, ұрпағына мейірімді болуды, ақыл мен парасатқа жүгініп әрекет етуді, бәрін әділдікпен шешуді үйрететін болыпты. Иә, өзіңіз осы екі тайпаның қайсысының тәрбиесін қолдаған болар едіңіз? Мәселен, табиғатта қай аң-құс мықтыға саналады? Шындығына кел¬сек, жыртқыш аңдардың көбісі адуындылығының, азулығының арқасында өмір сүре алады.

Ал, өмірде ше? Өмірде көбіне-көп мақсатына жететін адамдар күшті, жігерлі, батыл жандар болып келеді. Бұған қол жеткізу үшін алдымен ол адам өзгелерден қалауын талап ете білетін, қайсар, керек жерінде күшпен өзінің айтқанын орындата алатын, ашу-айқайымен болса да айналасындағыларды өз пайдасына жүргізе алатын жандар. Мұндай әдет пен мінез-құлық жүре келе пайда бола ма, әлде туа бітті ме?
Ғалымдар тұқымқуалаушылықты және өмірдегі тәжірибелерді қанша зерттегенімен бұл сұрақтың нақты жауабын әлі күнге дейін бере алмай келе жатыр. Дегенмен, психологтар адамда мұндай мінез жүре де пайда болады деген тұжырымға келеді. Мәселен, қыз балаға қарағанда ер балаларда агрессия басымдау болады, неліктен екенін білесіз бе? Себебі кішкентай кезінен бастап ұлдар қайсар, алған бетінен қайтпайтын, бірбеткей мінез таныта бастаса, оны айналасындағылар қолпаштай жөнеледі. Ал, қыз бала мұндай мінез көрсетсе, сөкеттік көріп ұрыса жөнелеміз. Тез арада қайталанбауын ескертіп, тыйым сала¬мыз. Міне, осыдан кейін көбінесе қыз балалардың мінезі ұяң тартып, керісінше ұл балаларда қияңқылық әрі қарай дами түседі.

Ызақорлық, кекшілдік қайдан шығады? Кинофильмдердегі зұлымдықтардың кесірінен деген пікірді екінші кезекке қоя тұрып, басқа да шындыққа жанасымды себептерді тауып көрейікші. Батыс психологтары әрқандай отбасындағы тәрбиені зерттей келе 7 топқа бөліп қарапты. Мәселен:

1. Авторитарлық тәсілмен тәрбиелейтін отбасы.
Мұндай отбасында ата-ана мен бала арасында ортақ әңгімелесу болмайды, олар тек қана қас-қабақпен талап етіп отырады. Тек балаға ережелерді түсіндірумен болады. Үлкендер көбінесе бұйрықпен тапсырма береді және оның орындалуын күтеді. Және ол дер кезінде айтқандағыдай болып орындалуы керек. Әрі қарай ештеңе талқыланбайды. Мұндай отбасының балалары тұйық, жасқаншақ, үрейшіл, жалтақ болып келеді. Қыз балалардың белсенділігі төмен, жасөспірім кездегі әдет-қылықтарымен қалып қояды. Ұл балалар болса өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Кей жағдайда ашушаң, ызақор, әсіресе жан-жағындағы талап қоятын адамдарға тісін қайрағыш болып өседі.

2. Либеральдық тәрбие.
Бұл үйдегі ата-аналар балаларымен ашық әңгіме-дүкен құрады. Сосын әңгіменің тақырыбы мен балаларының өзіндік көзқарасына тым шектеу қоя бермейді. Балалар үй ішінде еркін жүреді. Баланың қалауына шекара қойылмағандықтан, бұл отбасының балалары тек қана өзінің айтқанымен жүретін, онша-мұнша ескертпелер мен айтқан бұйрықтарға құлақ аса қоймайтын, көпшілік арасында өзін салқынқанды ұстайтын болады. Бір жақсы жері, мұның арқасында бала кішкентайынан белсенді, өз бетінше шешім қабылдай алатын, жеке тұлға болып қалыптасады. Бірақ нағыз өзімшілдер.

3. Баланы жан-дүниесімен қабылдамай тәрбиелеу тәсілі.
Өмірде мұндай ата-аналар да бар. Баласын ұнатпайтынын ашық та, іштей де білдіріп жүреді. Мысалы, ата-анасы қыз бала күтті делік, дүниеге ұл келді немесе керісінше ұл бол-са деп тілеген болатын, алайда қыз бала туылды. Әрине отбасында ата-анасы ол балаға қамқорлықпен қарайды, тамақтандырады, жаңа киімдерін сатып әпереді, бірақ әке-шешесімен арасында рухани байланыс орнай қоймайды. Мұндай жағдайда балалар ашушаң, ызақор, өкпешіл, шамшыл не болмаса именшек, тұйық болып өседі. Ержеткен соң да осындай мінезі бойында қалып қояды және өзіндік тұлға ретінде қалыптаса алмайды. Әсіресе, үлкендермен жақсы қарым-қатынас орнатуы қиын тиеді.

4.Индифферентті тәрбиелеу стилі.
Ата-аналары баласы не істесе де бетінен қақпайды. Бұл балаға өзіндік таңдау берілді де¬ген сөз емес, түсінікті болу үшін айтсақ, әке-шешесінің баласымен шаруасы жоқ. Көбінде, жұмыстан қолдары босай бермейді, уақыттары жоқ, баладан басқа да проблемалармен басы шырмалып жүреді. Бұл да жоғарыда айтып өткен (баланы жан-дүниесімен қабылдамай тәрбиелеу) тәсіліндегі балалар секілді болады.

5.Гиперәлеуметтік тәрбиелеу стилі.
Ата-аналар балаларына «идеал» мүлтіксіз тәрбие беруге тырысады. Бәрі өз орнымен әділ, тура болу керек, өтірік сөйлемейтін, өзгелерге қиянат жасамайтын, үлкендердің алды¬нан кесіп өтпейтін, сөздеріне құлақ асатын етіп өсіреді. Бұл шаңырақтың балалары тәртіпті, айтқанды бұлжытпай орындағыш, тілалғыш. Алайда олар ішкі ойлары мен сезімдерін, жан қалауларын сыртқа шығармай, іште сақтап қалуға мәжбүр. Нәтижесінде баланың өмірге көзқарасы
ызалы, ашулы болып шығады.

6.Эгоорталық стильмен тәрбиелеу.
Отбасында көптен күткен, жалғыз бала болса, ол ата-анасының өмірінің мәніне айналады және нағыз сүйікті баласы болып қалады. Оның айтқандары заң, қалауы орындалады. Соның салдарынан ондай бала айналасындағылардың өтініш-тілегімен санаспайды. Егер әлдекім тілегін орындамаса, орындаудан бас тартса, онда нағыз ашудың жарылысы болады. Мұндай бала кінәмшіл, шыдамсыз, долы.

7.Беделмен тәрбиелеу стилі.
Балаға тәрбие беру ісінде ең тиімді және тұлға ретінде қалыптасып дамуына маңызды тәсіл. Яғни, мұндай үйдің балалары көзқарасы мен пікірлерін ашық білдіре алады, ата-анала¬ры да өз кезегінде балаларына сый-құрметпен қарайды. Қандай істе бірігіп кеңесе алады. Ба¬лалары өз проблемасын шешу үшін ата-анасымен ақылдасады. Үнемі әке-шешесінің игілігін, батасын алуға талпынады. Ата-аналары да балаларына үлгі бола біледі, айтқанын тыңдата алады.
Бұндай отбасының балалары өзіне сенімді, өзін қалай ұстауды біледі, өзіндік пікірі бар, мек¬тепте сабақ үлгерімі жақсы болып келеді және оларды айналасындағы достары, оқушылары мен ұстаздары жоғары бағалайды.

Ызасын жеңу үшін балаға қандай көмек беруге болады?
Ең бастысы баланың бойындағы жиналып қалған ашу-ызасын жеңе білуге үйретуіңіз керек және бойындағы күшін жағымсыз нәрселерге емес, бейбіт мақсаттағы жұмыстарға жұмсауға бейімдеуіңіз керек.
Бір күні бір мектепте бастауыш сынып оқушыларының тәртібі жөнінде мұғалімдер де, ата-аналарда бірдей шағымдана бастады.
Шынында, олар оқитын сынып бөлмесінде балаларды жәй бақылап отыру мүмкін емес еді. Ұлдар өздерімен, одан қалса қыз балалармен жұлқыласып, бір-біріне айқайлап, кітап пен сөмкемен ұрып, жағасынан алып төбелесетін. Мұғалімдер бұл сыныпты сыртынан агрессивті деп атап кетті. Ал, қалай сол сыныпта түрлі жарыстар мен ойындар, бас қатырғыш ойландыратын жұмыстар ұйымдастырыла бастады, солай балалардың тәртібі бірте-бірте жөнге келе бастаған. Тіпті, үзіліс кезінде де мұғалімдері жарыс өткізді. Әрқайсысының қолын бос қоймайды. Балалар бір-бірімен төбелеспек тұрмақ, сөйлесуге уақыттары болмады. Және араларындағы кикілжіңді қарым-қатынас осылай реттеле бастады.
Танымал чех психологы Зденек Матейчик: «Егер балада тебетін доп жоқ болса, онда ол қасындағы балаларды теуіп ойнайды» деген екен. Сондықтан, балаға бойындағы күшін сыртқа шығаруға дұрыс жағдай жасалу керек.

Есіңізде жүрсін!
Белсенді және ашулануға бейім, бір орнында шыдамсызданып тұра алмайтын, жеңіл, әрі тез қозғалатын балаға өзінің қабілетін, күшін көрсете алатын тап¬сырмалар бере білуіңіз керек. Мәселен, сіздің берген жұмысыңыз ылғи қозғалыстан тұратын болсын және міндетті түрде баланың қызығушылығын арттыратындай болса. Спорт секцияларына жазылуға, оқушылар арасындағы жарыстарға, спектакльдер не¬месе сахналық қойылымдарға ойнауға шақырыңыз.
Бұл жерде ересектердің жұмысы баланы дұрыс жаққа бағыттау, бойындағы ішкі иірімдерін, эмоцияларын сыртқа шығарып отыру. Бір балалар бар, өте қызба, шамданғыш. Олар мектеп¬те, бейтаныс ортадағы үлкендердің көзінше өзін тежеп ұстайды, бірақ үйге келгенде ашудан жарылуы мүмкін. Айқайлайды, үйдегі жандарға дөрекілік көрсетеді, үлкен-кіші бауырларымен төбелеседі. Осылай бойындағы ашу-ызасын шығару арқылы жеңілдеп қалады. Оның бұлай етуі өзіндегі болып жатқан оқиғаларға көңілі толмайды және бұған өзін кінәлі санайтындықтан. Осы қысымнан оның бойындағы ызасы одан сайын күшейе береді. Мұндай кезде баланың бойындағы стрессті алу үшін мына тәсілді қолданып көріңіз:
• Бала қалауынша бөлмеде жалғыз қалсын. Кімге ашуланды, кім ашуландырды, соның атын атап, айтқысы келген барлық сөздерін бүкпей айқайлап айтып шықсын. Болмаса параққа түсіріп жазсын.
• Егер өзін-өзі ұстай алмаса қолына жастық беріңіз, соны жұдырықтасын. Газетті жыртсын, доп тепсін, үйді айналып жүгірсін.
• Балаңызға мынадай кеңес беріңіз, ашу үстінде бірнәрсе деп сөйлемес бұрын не¬месе бір нәрсе істеп қоймас үшін терең тыныстап дем алу керек және онға дейін санасын.
• Бұл тынышталуға көмектеседі. Болмаса ән тыңдау керек немесе дауыстап ән айтқан жөн.
• Бала айналасындағылардың өзін басынуына жол бермеуін және «жоқ» деген сөзді айтып үйренуі керек. Сәтсіздіктерге әзілмен қарауды үйретіңіз.
• Балаға өзіңіз де үлгі бола біліңіз. Егер қатыгез фильмдерді көретін болсаңыз, балаңыз да көргісі келеді. Ит-мысықты ұрып қуатын болсаңыз, бала да соны қайталайды. Сол себепті өзіңіз бала алдындағы қылықтарыңызды бақылаңыз.
11 сәуір 2021 ж. 294 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930