ҚОЛӨНЕР ҚАШАНДА ҚҰНДЫ
Көрісу күніне орай облыс орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығында «Қобыз үні» атты аймақтық көрме-байқау ұйымдастырылғаны мәлім. Оған Қызылорда облысының танымал қолөнер шеберлері жиналды.
Сыр өңіріндегі айрықша шараның өтуіне халыққа қызмет көрсету және «Қолөнер» ұлттық нақыш, сондай-ақ, «Тағылым» балаларды шығармашылық дамыту орталықтары ұйытқы болды.
Қазақтың ұлттық мерекесі – Көрісу күнінде ұлтымыздың киесі болған қобыз аспабы кеңінен насихатталды. Дана жұртымызда киелі қобыз
туралы аңыз-әпсаналар аз емес. Тіпті, түркі дүниесінің ортақ абызы, ұлы ойшыл, музкант, Жанкет шаһарында дүниеге келген Қорқыт атамыздың бірнеше күйі ғасырларды көктеп бізге жетіп отыр. Ұлы бабамыздан қалған күй аңыздарын жасымыздан құлағымызға құйып өстік. Мамандардың айтуынша қобыз, оның ішінде қылқобыз – тағдырлы аспап. Деректерде қобыз атасы біздің заманымыздың IX-X ғасырларында өмір сүрген Қорқыт ата делінеді. Енді бір мәліметтер бұл киелі аспапты ислам діні енген VII-VIII ғасырлармен байланыстырады. Қалай дегенмен, сан ғасырлық тарихы бар қобыз аспабының қазақ үшін қашанда құны бөлек.
Қасиетті қобыз үнімен ұштастырылған дүбірлі шарада ұлттық құндылықтарымыз кеңінен ұлықталды. Облыс көлемінде өткізілген көрмеге Қазалы ауданынан жас қолөнерші Мархаббат Асанова қатысып, өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Мархаббат қазақтың ою-өрнектерімен кестеленген көрпе-төсек тігеді. Оның қолынан шыққан әрбір дүниенің сәні мен сапасы ерекше. Соның нәтижесі болар, еңбегі бағаланып, Мархаббат «Қобыз үні» атты облыстық көрме-байқауында «Құрақ көрпе» номинациясы бойынша жүлделі екінші, «Ою-өрнек – тарихи мұра» номинациясы бойынша үшінші орынды иеленді.
Талантты қолөнершілердің туындыларын жұртшылыққа таныстыру, насихаттау мақсатында өткізілген көрмеден ерекше әсермен оралған Мархаббат Асановамен тілдестік. Ол ойын былайша өрнектеді: «Көрмеде қазақтың қазақылығын танытатын, ұлтымыздың өзгелерлерден ерекшелігін көрсететін көптеген дүние болды. Әрқайсысының өзіндік әдеміліктері бар. Бұл көрме мен үшін жай ғана көрме-байқау емес тәжірибе алаңы болды. Үйренгенім, көрген-білгенім көп болды. Бастысы, ойыма тың идеялар да келді. Ұлттық бұйымдарымыздың бағасын арттырып, рухани байлықтарымыздың маңыздылығын түсіндіре білген ұйымдастырушыларға деген ал¬ғысым шексіз. Бұндай мәні мен мағынасы зор шаралар жиі өтіп тұрса», - деген ниетін жеткізді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
Қазалы ауданы