» » ЖЕТІ КҮЛШЕ

ЖЕТІ КҮЛШЕ

Қала шынында қарбалас. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан көпшіліктен көз сүрінеді. Жұма күні болатын. Жеті күлшемді пісіріп тысқа шықтым. Қарсы алдымнан шыққан кісі жұмысқа асығып бара ма білмедім, ұсынған жеті шелпегімді кері қайтарды. Көппәтерлі үйдің екінші, үшінші қабатындағы кісілер есігін ашып, күлшені «қабыл болсын» деп жылы жымиып қабыл алды. Соның өзіне көңілге қанағат ұялаттым.

Тысқа қайта шықтым. Әлі жүрмін, адам таппай. Үйінен ешкім шықпайды. Көшеде де жан баласы жоқ. Көбісі жұмыста болар. Аялдамаға жақындадым. Бір қыз тұр екен. Сәлемдесіп оған бір күлшені бердім. Шынын айтсам, жаңа ғана пештен шыққан жеті шелпегім суып бара жатқаны есіме түскенде мазам кете бастады. Сол кезде бұрынғы ауылдағы мамыражай тіршілік ойыма оралды. Табаға пісірген анамыздың ыстық нанын бір сәтте таратып алып кететін ақпейіл, жаны жайсаң жандар қайда кетті? Қазір қалай өзі, суыған күлше секілді адамдардың бір-біріне ыстық ықыласы, көршілердің арасындағы татулық, сыйластық суып бара ма? Суық ойлар санамды есеңгіретіп, сағаттап жүріп жеті нанымды әзер тараттым. Қақпалары көк тіреген биік үйлер де адамдардың арасын алшақтатып кеткендей. Айдақ-жайдақ шіркін ауылдың ашық-шашық ауласы мен ақ пейіл, аңғал адамдарын айтсайшы.


Кезінде үйінен иіс шығарып, бауырсақ, күлше пісірген ақжаулықты әже, апаларымыздың алдынан өзіміз жүгіріп шығып алуға асығып тұратын едік. Кейде қазаннан енді түскен бірнеше ыстық бауырсақтың ортасынан ағаш өткізіп, суытып жеп жүретін кездер болды.


Ал бүгінде бәрі басқаша. Көрші-қолаңмен араласудың өзі мұң. Оған қоса күлше нан алып, үй-үйді аралап тарату да сиреп барады. Мұндай келеңсіз көрініс көпқабатты тұрғын үйде жиі кездеседі. Ешкім есігін бірден аша бермейді.
Кейбір өңірлерде жұмыс орнында таратудың өзін ерсі санағанын да естідік. Бәзбіреулер неге таратып жүргеніңді сұрайды. Жаға ұстарлық көрініс. Себебі, қазақ бола тұра күлше нанды білмегенін қалай түсінуге болады?..

Біз – салт-дәстүрді берік ұстанған халықпыз. Көнекөз қариялардың айтуынша, жеті шелпек пісіру үрдісі баяғыдан бар. Сонымен қатар табиғат құбылысы мен олардың сырларын терең түсінген дана халқымыз 7 санын киелі деп ұққан. Бұл туралы халық арасына кеңінен тараған жеті қат көк, жеті жұлдыз, жеті ата, жеті қазына, аптаның жеті күні, жеті жыл, адам баласының жеті қабаты секілді ұғымдарды атауға болады.
Бұл үрдістің бүгінде қадір-қасиеті ұмытылып бара жатқаны қинайды. Бұл – өмірдің ащы шындығы.


Г. Қожахметова

05 мамыр 2021 ж. 426 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930