» » ҚЫЗЫЛ ЕТІК

ҚЫЗЫЛ ЕТІК

Еншімізге тәуелсіздік тиген тоқсаныншы жылдардағы тұрмыстық тоқыраудың тұсы. Жайқалған жаздың жамалынан әлдеқашан өң қашқан. Күн құрық бойы көтерілсе де түнде түскен шық буға айнала қоймайтын мизам ұшқан мезгіл. Кішкентай кенттің күнделікті күйбең тіршілігі ерте басталады. Теміржол вокзалы ығы-жығы адам. Сапарлаған жолаушы аз, пойыз күтіп отырғандардың дені ала дорбалы сатармандар. Перрондағы сапырылысқан халықтың да көбі қап-қап күріш арқалап жүр. Жұмыссыз қалған жұрттың күнкөрісі сол.

Бір мүйістегі ағаш орындықта екі бала бір-бірін құшақтаған күйі бүрісіп ұйықтап жатыр. Бұлар – Медет пен Меруерт. Үйлерінен кеше түс ауа қашып шыққан. Ауылдан 2-3 шақырым ұзаған соң жолай кездескен көліктерге кезек-кезек отырып, өтелектеп аудан орталығына жеткен. Жаздай күн астында жүрген соң жүздері тотығып, торлап, қолдары жарылған. Әсіресе құнарлы жерде өсіп қабығы қақырап кеткен күләбідей еріндерінің жұқа етінен шыпылдап қан шығып тұр. Көнетөз шұлықтарының тесігінен күстенген өкшелері көрінеді. Әбден сілелеп шаршаған. Тіпті сол маңайдағы ғимараттардың қабырғасын солқылдата ақырған тепловоздың зор дауысынан да оянатын емес.
Медеттің Меруерттен екі жас үлкендігі бар. Меруерт 4-ші сынып, ал Медет 6-шы сынып оқиды. Қарындасына қарағанда естияр. Қашу жоспарын да ұйымдастырған сол. Ішімдіктің ізіне түскен әкесінің туысқан інісі Әділбектің қорлығына шыдамаған. Әкелері Еркін ауылда шаруашылықтың шынжыр табан тракторын айдаған. Ерте көктемде аяқсудың жолын та­зартып жатқанда трактор жар басынан жармаға құлап кеткенде ішінде қалған өзі майып болған. Екі ай ауруханада ауыр халде жатты. Бірақ беті бері қарамады. Бас сүйегі мен омыртқасынан алған жарақаты жазылмай көз жұмды. Ал ауылда медбике болып жұмыс істейтін ше­шелері Баян да қан қысымынан аяқасты ана ауылға аттанып кеткен. Аралары үш-ақ ай. Әке-шешелері өлгеннен кейін екі бала Әділбектің қолына келді. Биыл үшінші жыл. Әділбек немере ағасының өлеріндегі аманатын ұмытқан. Араққа сылқия тойып келіп екі жетімекті жеті атасынан бері боқтап, жәбірлеу оның біраздан бері әдетіне айналған. Тіпті соңғы кездері мас болып келгенде көзіне қан толып, құртақандай екі баланы аяусыз ұрып-соғып, түн ортасында үйінен қуып жіберетінді шығарған. Содан бері тағдырларын іштей тілдеген қорғансыз екі бейбақтың көп түні ұйқысыз өтіп келеді. Қалжырап төсектеріне қисайғанда қара түн олардың қайғысын екі есе ауырлатып жібергендей болады. Тамақтарына тығылған түйдек-түйдек өксікті жанарларынан сорғалаған ащы жаспен қоса жұтып, булыға жылаған жетімектер кімге мұңын шағарын да білмейді...
Қысты күні Медет ауыл сыртынан отын сын­дырды. Сиреп кеткен сексеуілді жұлуға қатаң түрде заңмен тыйым салынған. Егер табиғатты қорғау қызметкерлерінің қолына түс­сең, шырқыратып тұрып мойныңа айыппұл өңгереді және сексеуілдің бір түбі үшін мемлекет сенен тұтас бір орманның құнын өндіреді. Айыбың анықталса, төлеуге тиіссің. Бірақ ауыл адамдары ондай заңнан ыға қоймайды. Өйткені ауылда сексеуілден өзге пұл қылатын ештеңе жоқ. Ал Медет ондай заңның бар екенін түсінбек түгіл "орман-тоғай шаруашылығы", "орманшы" дегендердің не екенін де білмейді. Тек мектептің еденін жуатын адуын мінезді жеңгесі Мәрзияның қатаң бұйрығымен жиырма күн бойы ауыл сыртынан сексеуіл сындырды және қаршадай қара баланың мұндай жұмысқа жегіліп тұрғаны алғаш рет емес. "Мен сендерді асырай алмаймын. Өз жанымды, өз балаларымды бағып алайын әуелі. Ана қарындасыңның аяғында етігі жоқ, жалаңаяқ қалды. Сабаққа бара алмай отыр. Отын сатып, сол қызға етік алып бер", – деп сілкінген. Жеңгесі айтпаса да Меруерттің жағдайы жанына батып жүрген Медет содан бері сабақтан келе сала түскі асын да ішпестен бір жапырақ нанын қолтығына тығып алып, үйреншікті жолына түседі. Құм ішінің қысы жұмсақ дегенмен, үстіндегі киімі жұқа, жұпыны. Қырық жамаулы шалбар мен қаудырлақ ескі куртка қыстың азынақ боранына қамсау бола алмайды. Қас қылғандай ауыл маңында да сексеуіл қалмаған. Жақын жердегі қалың тоғайды тракторға тросс жегіп, айнала тартып тып-типыл қылған. Енді ауылдан 3-4 шақырым ұзап шықпасаң, шыбық сексеуілді ешкім саудаламайды. Шалғайдағы ауыл халқының жағдайын білетін сырттан келетін арамза алармандар да әбден дәнігіп алған. Медет жалғыз емес, ауылда оның отын сататын басқа да бәсекелестері бар. Алармандар со­сын да таңдау жасап, кергиді. Тұрмыс тауқыметін тартып отырған тұрғындардың бір ай бойғы еңбегін бағаламай, бір көлік сексеуілді арзанға түсіргісі келеді. Отбасының барлық тіршілігі соның ақшасына қарап тұрған ауыл адамдарының да саудаласып тұруға әбдісі жоқ, солардың сұраған бағасына беруге амалсыз келіседі. Бірақ Медет екі мың теңгеге әзер өтетін бір үйме көлік сексеуілді ойламаған жерден бес мың теңгеге сатқан. Оның да қызығы мен шыжығы мол өз оқиғасы бар...
Әдеттегідей сабақтан келе сала құм ара­сына беттеген. Сол күні қатты аяз болды. Күн көкжиектен көтерілсе болды, табақтың жие­гін айналған зауза қоңыздай лезде ұясына батады. Сол қысқа күнде Медет бір үйіншек болса да отын жинап үлгеруі керек. Оның үстіне өткен түнде ауылға келген алып-сатарлармен сөйлесіп, даладан тиеп жіберетін болып ке­лісіп қойған. Жинаған сексеуілі бір көліктің ша­масындай болып қалса да, бес-он тиын ақшасы артықтау бола ма деген оймен барын сала жанұшыра қимылдады. Маңдайынан шүмектеген тердің буы бұрқырап, аязды елейтін емес. Әуелі аяғындағы керзі етігімен сексеуілдің түбін теуіп-теуіп, кейде қолымен көсіп-көсіп ұйытқып соққан боранмен қасаттанып қалған қардан аршып алады. Содан соң қайланың ұшын томардың кертігіне салып күштеп көтеріп жібергенде, тамырымен қопарылады да қалады. Діңі жуан дарақтарға қанша мықшыңдаса да әлі келмейді. Ондайда сәл шаршап қалады. Отырып бірауық демалып алып, қайта кіріседі. Біраздан соң бір жүк көлігі көрінді. Бұған қарай жолсызбен салдыртып келеді. Қасына кеп тоқтағанда аңғарды, түндегі ГАЗ-53 көлігі емес, қорабы үлкен ЗИЛ. Шопыры да басқа. Ал қасындағы үш адамды онсыз да танымайды. Көліктің қорабын көргенде Медеттің көңілінде бөтен адамдарға деген күдік емес, "Жинаған отыным толмай қалмас па екен?" деген уайым болды. Отыны аз болса, ақшасы да аз болады. Амандық-саулықтан соң:
– Медет деген сен бе? – деді әлгілердің арасындағы шойман қара.
– Иә, мен!
– Отын сатасың ба?
– Иә!
– Сенің отын сататыныңды бізге Марат айтып, осында сілтеп жіберді. Олар түнде басқа біреуден сатып алып кетіп қалыпты. Енді сенің отыныңды сол бағаға біз сатып алайық. Саған отыныңды өткізіп, ақшасын алсаң болды емес пе?!
– Иә, маған бәрібір. Бірақ сол бағаға сатамын.
– Жарайды. Келістік. Онда қарап тұрмай, іске кірісейік. Күн батып қалды. Сен отыныңды мыналарға алып беріп тұр.
Көліктің қорабына екі жігіт шықты. Шопыр мен Медетпен саудаласқан шойман қара кабинада қалды. Әлгі әлекедей жаланған екі жігіт отын тиеудің әдіс-тәсілін әбден меңгергенге ұқсайды. Сексеуілді бір-біріне жымдастыра өріп жинағанда арасында саусақ сиятын қуыс қалмайды және қимылдарына көз ілеспейді. Медет алғашында ет қызумен қауырт қимылдаса да, ортасына келгенде болдырып қалды. Үстіндегілер ара-тұра "Әй, тез қимылда, жігіт емессің бе?! Қараңғы түсіп кетеді қазір-ақ" деп бұған бұйыра сөйлеп, әкіреңдейді. Бала болса да Медет олардың сөзіне іштей шамданып қалады. Бірақ үндемейді. Олар да мұны баласынып тұр. Көлік қорабында күңкілдеген екеудің сөзі өтті ме, намысқа тырысып, ширақ қимылдауға көшті. Оның үстіне үйіне кеш барса, кешкі астан қағылады. Жеңгесі түнделетіп келгенін сылтау етіп, тамақ бермейді. Оның жұмыс істеп келгенін жорта ескермейді. Ал ондай кезде оған қамқор болып, сөзін сөйлейтін ағасы өзі сияқты жұмыссыз достарымен арақ ішіп, үй жағалап жүреді. Жиі болып тұратын ондай қитұрқылыққа Медет үйренген. Үйренбеске амалы да жоқ. Ондай сәттерде үндемей ғана төсегіне құлайды. Қарындасын құшақтап жатып шаршап ұйықтап кетеді. Сәскеде жеген бір жапырақ наннан өзге нәр сызбаған Медет сол түні түсінде баяғы өз үйін, әке-шешесінің жанында өткізген бақытты шақтарын және отбасындағы берекелі дастарханынан тойып тамақ ішіп отырғанын көріп шығады...
Жиырма бес жерге жиналған үйінді сексеуілден бір үйме көлік отын шықты. Отыншылар да риза, Медет те мәз. Жерге жайылған газеттің үстіндегі екі шөлмек арақтың бірі босап, бірі ортайған. Тіскебасар деп алып шыққан қаңылтыр қалбырлардағы майшабақ та жым-жылас болған. Қыстың күні далада жұмыс істеген адамның араны ашыла түсетіні бар. Кішкентай кесеге меймілдете құйылған арақты жұтқыншағына қотара салған шойман қара Медетке:
– Әй, сен нешінші класс оқисың? – деді түрін тыржитып. Өңешін күйдіріп өткен арақты ашырқанып тұрғаны.
– Алтыншы сыныпта оқимын.
– Отын сатып қай бала-шағаңды асырай алмай жүрсің? – деді мысқылдап.
Медет құлақшынын көтеріп, маңдайының терін жырым-жырым қолғабымен сүртті де, танауын бір тартып үндемей төмен қарады.
– Сен өзің біздің кім екенімізді білесің бе, ей? – деді арақтың уыты миына тепкен ол дауысын қатайтып, түсін суытып.
– Жоқ, – деді Медет кінәлі адамдай. Осы шойман қараның өзі де, сөзі де әу бастан Медетке ұнамаған еді.
– Біз лесхоздың адамдарымыз. Лесхоздың не екенін білесің бе?
Медет тағы үндемеді. Шынында лесхоздың немен айналысатынын, оның қандай мекеме екенін нақты білмейтін еді. Әйтеуір ауылындағы адам­дардың олардан өлердей қорқатынын, лес­хоздың адамдары жүрсе, далаға қарай ат­тап баспайтынын біледі. Соған қарағанда жақ­сы адамдар емес сияқты болатын. Енді міне, солармен бетпе-бет кездесіп тұр. Дұрысы, қыл­мыс үстінде ұсталып, олардың қолына өзі келіп түсіп тұр. Шойман қара Медеттің жауабын күтпей, тағы да салдырлап сөйлеп кетті.
– Лесхоз деген – табиғатқа зиян келтірген, қоршаған ортаны бүлдірген сен сияқты зиян­кестермен күресушілер. Сен қылмыс жасап жүр­геніңді білесің бе? Қазір сексеуіл деген өсімдік Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген. Ал оны жұлып, сындырғандар заңмен жазаланады, тіпті сотталады, – деді оқушыға мұғалімнің тілімен түсіндірген болып.
"Қылмыскер", "сотталады" деген сөздерді естігенде қорқыныштан Медеттің қол-аяғы мұз­дап кетті. Әп-сәтте басына неше алуан алақұйын ойлар келді. "Енді не істеймін, шынымен сотталып кетем бе, қанша жылға соттайды, мен түрмеде жүргенде қарындасыма кім қарасады?" деген үрейлі ойлар үймелеп келіп басына жиналып қалды. Осы кезде манадан үндемей отырған дөңгелек жүзді орта жастағы кісі "Әй, қойсайшы! Баланы неге қорқытасың?" деді жай ғана. Бұл көліктің шопыры еді. Әлгі жылы сөзден соң Медеттің аздап болса да көңілі орнықты.
– Бәке, араласпа! Табиғатты қорғау – біздің міндетіміз. Бұл бала емес, бәле секілді, – деп шойман қара тағы да Медетке бұрылды.
– Мына сексеуілді неше айда жинадың?
– Екі аптада.
– Мәссаған! Әне, айттым ғой. Мен бір айда бір көлік отын жинай алмаймын. Ал бұлар аптасына 2 мың теңге тауып әбден дәніккен, – деп бір тоқтады да, іле сөзін қайта жалғап: – Сен бала, атың кім еді? – деді іштей есебін түгендеген саудагерше қулана қарап.
– Атым – Медет.
– Иә, Медет біз былай қылайық, сен мына отынды бізге сатпай, тегін бересің. Әйтпесе біз сені аудан орталығына алып кетеміз де, апарып мілитсаға тапсырамыз. Сосын саған қиын бо­лады, – деді түңілдіре сөйлеп.
Бағанадан өз ойымен арпалысып аман қалудың жолын іздеп тұрған бала оған қуана келісті.
– Аға, сатпаймын. Тегін ала беріңіздер. Тек мені алып кетпеңіздерші. Соттамаңыздаршы. Үйде қарындасым бар, соған қарауым керек, – дегенде көзінен ыстық жас ытқып кетті.
– Аға, мен ауылға кете берейінші, жібе­ріңіздерші, – деді шарасыз жалынышты үнмен асыға сөйлеп.
Осы кезде манадан үнсіз отырған шопыр сөзге араласты. Шойман қарадай емес, дауысы жұмсақ, жүзі де жылы.
– Балам, әкеңнің аты кім?
– Еркін.
– Әкең бар ма?
– Жоқ.
– Шешең бар ма?
– Жоқ. Екеуі де қайтыс болды.
– М-м-м...
Шопыр үнсіз қалды. Ол енді балаға мүсіркей қарап, жанына шақырды.
– Басқа кімің бар? Кімнің қолында тұрасың?
– Қарындасымыз екеуміз папамның інісі Әділбек деген ағамыздың үйіндеміз.
– Ағаң жұмыс істей ме?
– Жоқ.
– Жеңгең ше?
– Мектепте еден жуады.
– Қарындасың нешінші класс оқиды?
– 4-ші сыныпта.
– Отынды ағаң неге сындырмайды?
Бала үнсіз қалды.
– Әлде науқас па?
– Жоқ, күнде арақ ішеді.
– Сенің жинап сатқан отыныңның ақшасын ағаң алып қоймайды ма?
– Жоқ. Бермеймін оған.
– Сен ол ақшаны қайда жұмсайсың сонда?
– Қарындасыма етік сатып алып беремін. Етігі жоқ, сабаққа бара алмай отыр.
Шопырдың көңілі босап, төмен қарап кетті. Одан әрі баладан қазбалап ештеңе сұраған жоқ. Орнынан түрегеліп үстін қақты. Содан соң жанындағыларға "Күн батып қалды, жүрейік, жиналыңдар" деді.
– Балам, сен де кабинаға отыр!
– Аға, жаңа алып кетпейміз деп едіңіздер ғой, – деді Медет дауысы дірілдеп.
– Ешқайда алып кетпейміз, ауылға апарып тастаймыз.
– Аға, мен жаяу қайта беремін.
– Жоқ, болмайды. Қараңғы түсіп қалды. Ауыл алыс. Оның үстіне аяз күшейіп келеді. Мініп ал машинаға.
Медет дүдәмал күйде амалсыз мінді. ЗИЛ-дың кабинасы кең болғанымен, төрт-бес адамға тарлық етеді екен. Оның үстіне пеш қосылып тұрған соң жанармайдың иісіне арақтың иісі араласып қолқаны қабады. Шопыр Медеттің түріне көзінің қиығын салып қарап қояды. Кәдімгі тас жетімнің кейпі. Баланың жалбырап өсіп кеткен шашы оның онсыз да арса-арса болған жүдеу түрін одан әрі шүңкейтіп жіберген. Ол көрініс көліктің рөлінде келе жатқан жігіт ағасының манадан сыздап келе жатқан жүрегін езіп жіберді. Көз алдынан әркімнің қабағын ба­ғып жаутаңдап өскен өзінің азапқа толы ба­ла­лық шағы көлбеңдеді. Әке-шешеден жас­тай айырылғаннан кейін туыстарынан көрген қорлықтары есіне түсіп, алқымына өксік кептелді.
Олар қараңғы түскенде ауылдың шетіне тоқтады.
– Ал Медет, біз ауыл ішіне кірмей-ақ қояйық. Қайтадан кері қайтамыз. Жолымыз ұзақ. Осы жерден үйіңе бара аласың ба? – деді шопыр.
– Бара аламын, аға. Рахмет!
– Бара алмағанда ше? Алтыншы класс оқиды ғой, әп-әйдік жігіт емес пе?! Біз бұндай кезімізде қызға барғанбыз, – деді шойман қара шопырдың айдаладағы баланы сонша өбектеп отырғанын жақтырмай.
Шопыр оның сөзіне мән берген жоқ. Киімінің ішкі қалтасынан мыжылған бір бума ақша алды. Оны кабинаның төбесіндегі өлеусіреген жарыққа тосып, арасынан бес мың теңге санап алып Медетке ұстатты.
– Балам, мә! Ал! Мына екі мың теңге сенен сатып алған сексеуіліміздің ақысы. Ал үш мың теңге – кішкентай болсаң да қарындасыңа қамқор болып жүрген сенің азаматтығыңның ақысы. Ертең қарындасыңа етік сатып аларда өзіңе де киім ал. Қарындасыңа әрдайым осылай қамқор болып, қарайласып жүр. Ертең-ақ ержетіп азамат болып кетесіңдер. Сол кезде бұдан да көп ақша табасың. Арақ ішіп жүрген Әділбек ағаңа да ренжи берме. Ол кейін ішім­дікті қояды. Әкеңнің інісі болса, ол – сенің жақын туысың. Сондықтан сыйла. Бәрі жақсы болады. Сен жақсы бала екенсің, – деді Медетті арқасынан қағып.
Ойда жоқта аспаннан түскен артық пайданы не аларын, не алмасын білмей отырғанда, шопыр қолындағы ақшасын оның қалтасына салды. Әке-шешесі өлгелі мұндай жылы сөз естімеген Медеттің көңілі босап, иегі кемсеңдеп кетті.
Қорабына үйіп сексеуіл тиеген ЗИЛ-дың ар­тындағы сығырайған қызыл жарығы қараңғыға жұтылып, көрінбей қалғанша соңынан көз алмай қарап тұрды. Бұл аялы алақан мен жылы сөзге зәру жетімектің әлгі жүрегі бар жақсы адамға деген риясыз алғысы еді...

* * *

Қалтарыста болған соң жай күндері қаң­ғыбастардың арақ ішіп ұйықтайтын жерінде кіш­кентай екі баланың жатқанын көрген сол маңда жүрген милициялар оларды ұйқыларынан оя­тып, ішкі істер бөліміне әкелген. Сосын өздерінің әбден машықтанған үйреншікті әдетімен сұ­рақты қарша боратып тергеуге алды. Әбден қа­рындары ашқан, оның үстіне түнімен жолда жүріп шаршаған екі бала ұйқыларын аша ал­май өздерінің қайдан шығып, қайда келгенін әлі де жөнді білмей отыр. Әсіресе Меруерт ми­лициялардан қорқып, ағасына тығыла түседі. Тостағандай үлкен көздері жәудіреп, түрлері суық бейтаныс адамдарға кезек-кезек жаутаңдап қарай береді.
– Қайда тұрасыңдар?
– Көкшоқыда.
– Әке-шешелерің қайда?
– Олар жоқ, қайтыс болған.
– Енді кіммен тұрасыңдар?
– Ағамыздың үйінде тұрамыз.
– Олар қайда?
– Ауылда.
– Сендер қайда бара жатырсыңдар?
– Ақтөбеге.
– Онда кім бар?
– Нағашы тәтеміз бар.
– Мекен-жайын білесіңдер ме?
– Жоқ.
– Енді қалай таппақсыңдар?
Екеуінде үн жоқ.
– Үйлеріңнен неге қашып кеттіңдер?
– Қуып жіберді.
– Кім?
– Ағамыз. Мас болып келіп, екеумізді ұрды.
– М-м-м... Тә-ә-к, балалар, енді не істейміз? Біз сендерді ағаларыңның рұқсатынсыз Ақтөбеге жібере алмаймыз. Оның үстіне сендер баратын мекен-жайларыңды да білмейсіңдер. Қазір жеңіл көлікпен ауылдарыңа қайтарамыз, – деді жалпақ бет мұртты кісі үстелдің жиегін сұқ саусағымен тықылдатып тұрып.
Иә, екі жетімектің Ақтөбеге тұрмыс құрған нағашы тәтелері Әлия әке-шешелері бар кез­де жиі келіп тұратын. Соңғы кездері келуді си­ретті. Былтыр бір келгенде Әділбек оған мас болып отырып “Бұл екеуі – менің бауырларым. Балаларыммен бірге өседі. Ұрамын ба, өлтіріп тастаймын ба оны өзім білемін. Екінші қайтара балалардың ортасына түсуші болма. Бұл жаққа келсең, балаларды азғырмай, өз жөніңмен тыныш қайт! “ деген нығырлап.

Жоспары бұзылып, жолы болмаған екі же­тімек УАЗ-да келе жатыр. Милициялар те­лефон арқылы ауыл әкіміне хабар берген. Аудан орталығынан шығарда Меруерт көлікке мінбей шырылдап жылаған. Ауылға, Әділбек ағасының үйіне қайтып барғысы келмеген. Бірақ көкжағылылар кәмелетке толмаған балалардың ата-анасынсыз жүруіне болмайтынын түсіндіріп, көлікке күштеп мінгізген. Содан әлі солығын баса алмай келеді. Көзінің жасымен бетінің кірі езіліп, айғыздалған. Шашы сыбасып тұр. Үстіндегі көйлегі мен күртешесі де кірлеген. Тек аяқ киімі ғана жаңалау.
Медет былтыр сексеуіл сатып тапқан бес мың теңгесін жеңгесіне берген. Ақша көрсе көзі күлімдеп кететін Мәрзия қобыраған көк қағаздарды қалтасына сүңгітіп жіберіп, “Ме­руертке де, саған да киімді өзім әкеліп беремін” деп уәде еткен. Бірер күннен соң Медет аудан орталығына бара жатқан жеңгесіне жалынып өзін де ала кетуін өтінгенімен, Мәрзия ыңғай бермеген. Медет қалайда қалып қоймаудың амалын іздеп, ақыры “Жеңеше, маған киім алып бермей-ақ қойыңыз. Ол ақшаны өзіңізге жұмсаңыз. Тек мені алып кетіңізші” дегенде ғана жеңгесі жібіп келіскен. Медеттің аудан орталығына ба­рудағы бар ойы базардан қарындасына өзі таңдап жүріп етік алу еді. Жеңгесі бағасы 500 теңге мен 1000 теңге аралығындағы арзандау аяқкиімдерді төңіректей береді. Бірақ Медет қоймай жүріп өзіне ұнаған ұзын қонышты әдемі қызыл етікті екі мың теңгеге алдырды.
Мәрзия іштей зығырданы қайнап тұрса да, "Болымды бала екен. Дұрыс! Қарындасы әдемі етік ки­сін деп тұр ғой" деп Медетті мақтап тұрған са­тушының көзінше ештеңе дей алмай, өтірік басын изеп күлген болды. Бірақ үйіне келген соң Мәрзиядан "сыбағасын" алды. Есесіне, Ме­руерттің қуанышында шек болмады. Оның бал-бұл жанған жүзі, ағалап қайта-қайта айтқан алғысы Медеттің сол күні өзін аямай сабаған жеңгесіне деген өкпесін шайып жіберді...
Қазір Меруерттің аяғындағы қызыл етік сол. Онда мезгілімен ауыстырып киетін аяқ киім жоқ. Түнде екеуі ауылдан қашып шығарда ұзақ жолда қара күздің ызғарын уайым қылған ағасы қарындасының аяғындағы жаздық сүйретпесін шештіріп, осы етігін әдейі кигізген еді.
– Ағ... ағ... аға-а, ау... ау... ылға ба... ба... бар-ғым ке... ке... ке-лмейді, – деді Меруерт өксігін бас алмай.
– Жылама, Әділбек аға енді арақ ішпейді, бізді ұрмайды. Ертең бәрі жақсы болады, – дейді Медет қарындасын үлкен адамдарша жұбатып.
– Он... оны қа... қа... қа-йдан бі... бі... бі-лесің?
– Бір аға айтқан. Ол өтірік айтпайды. Өйткені ол – жақсы адам.
Бірақ Әділбек арақты қоймады. Қос же­ті­мектің көз жасы тиылған жоқ. Қайта көретін қор­лықтары үдей түсті.
Одан бері де жыл айналып кеткен. Қақаған қаңтар. Медет жетінші сыныпқа көшкен. Бұл кезде ол бұрынғыдан да есейіп, ширай түскен. Бірақ былтырғыдай отын сындыра алмады. Орман-тоғай шаруашылығының қызметкерлері облыстан келіп, ауыл ішіне жатып алған. Сек­сеуіл отағандарды шетінен ұстап, айыппұл са­лып жатыр. Тек жыланның аяғын санаған жылпостар ғана олармен жақын байланысып, тамыр-таныс қылып алып, сексеуіл сатудың ыңғайын тапқан. Медеттің ондай жанашыры жоқ. Қайткенде де жеңгесі оны қарап отырғызбайды. Ауылда малдың кезегін екі жүз теңге ақша беріп бақтыратын бақуатты адамдар бар. Медет ара­сында солай ақша тауып жүр.
Бір күні көршісі Қайнарбайдың қой кезегіне кетті. Таңертең аязы болмаса күн тынық еді. Медетке қойды айдасып шығарып салған Қайнарбай қарттың өзі малдың өрісін ұзатпау керектігін, күн райы бұзылғалы тұрғанын ес­керткен. Бірақ қанша есейді дегенмен, көңілі бала емес пе, ауа-райын елең қылмаған. Түс­тен кейін ақ түтек боран басталады. Арты қырбық қарға ұласып, дүние алай-дүлей, ас­таң-кестең болады. Алдындағы қойлары ықтап кетеді. Қойдан айырылып қалмайын деп со­ңынан бағыт-бағдарсыз еріп жүре береді. Күн батып, қараңғы түскенде ысқырған боран тіпті құтырады. Түн ауғанша боранмен алысқан бала әбден қалжырап құлайды.
Ауылда жүріп тұрған оңды көлік те жоқ, көлік болғанымен жанармай жоқ. Жарық жиі сөнетін ауылдың тұрғындары кеш түссе ыдыстарын салдыратып солярка іздеп ел кезіп кетеді. Не керек, дүрліккен ауыл халқы жоғалған баланы таба алмай, түн ауа ауылға қайтты.
Ертесіне ауданнан шақыртқан төтенше жағ­дайлар бөлімінің арнайы жасақтары сол күні түстен кейін Медеттің өлі денесін тауып, ауылға алып келді. Бағытынан жаңылып ауылдан жиыр­ма бес шақырымдай ұзап кеткен ол топ жыңғылдың түбіне құлаған күйі қатып қалыпты. Жақын-жуық, көрші-көлем "ай, байғұс бала-ай" деп мүсіркеп жүріп, денесін жер қойнына тапсырды. Қатар тұрған қос қабірдің қасынан тағы да шөккен түйедей жас топырақ үйілді. Медет әкесі мен шешесінің қасынан мәңгілік тұрақ тапты.
Меруерттің басына шын жетімдік енді түсті. Ағасы барда әке-шешесінің де жоқтығы онша білінбеген екен. Оған Медеттің мезгілсіз өлімі қатты батты. Сабаққа да, тамаққа да зауқы соқпай бір апта сүлесоқ күйде жүрді. Сол уа­қыттың ішінде көп нәрсе ойлайтын болды. Көбі жаман ойлар. Дүниеде жалғыз өзі қалғандай қор­қады. Өмір сүргісі келмейді. Кейде өз ойынан өзі шошып кетеді...
Меруерттің сабаққа үлгерімі бұрынғыдан да күрт нашарлағанын және қу сүлдері қалып жүдеп кеткенін көріп жүрген сынып жетекшісі Маржан бірде сабақ соңынан онымен оңаша сөйлесіп, шет жағалатып балалар үйін айтып көр­ген. Алғашында тосырқап қалған Меруерт ол жақта өзіндей балалар бар екенін, жақсы жағдай жасалатынын, тәрбиешілердің де өте мейірімді, өз анасындай болатынын, ең бастысы жаңа достар табатынын естігенде жаңа ортаға деген қызығушылығы оянған. Расында, оның енді ауылда қимайтын ешкімі жоқ еді. Бар аяулылары қыр басында жатыр. Енді олар бұған қайтып келмейді. Осылардың барлығын ой елегінен өткізген Меруерт бір шешімге келді.
Аға-жеңгесінен күнде жәбір көріп жүрген қаршадай оқушысына жаны ашыған Маржан оған балалар үйіне кетерінде бірсыпыра жаңа киімдер сатып алып берді және ескі киімдерін осы жаққа қалдырып кетуге де кеңес еткен. Ұстазының ақылын құп алған Меруерт барлық ескі-құсқы киімдерін ауыл сыртына барып өртеді. "Бар жамандығым, өмірімнің ауыртпалығы осы киімдермен бірге кетсін" деп күбірледі ішінен. Тек ағасы сатып алып берген қызыл етігін ғана алып қалып, оны аялап сипап тұрды да, кеудесіне қатты қысып алып, егіліп ұз-а-а-ақ жылады...

Қуат АДИС


05 мамыр 2021 ж. 539 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930