» » Білім ошағының бүгінгі келбеті

Білім ошағының бүгінгі келбеті

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, мемлекеттік рәміздерімізді әлемге танытып, өркениетті елдер қатарына қосылып, азаттықтың ақ таңын қарсы алып, мерейіміздің өсіп, мәртебеміздің биіктегеніне де отыз жыл уақыт болыпты. Шынында мезгілмен салмақтап тарих безбеніне салғанда бұл көп уақыт емес. Ат оздырған арғымақтай еліміз бүгінде көп қиындықты артқа тастап, дамудың дара жолына түскенін біз мақтанышпен айта аламыз. Соның ішінде біз білектің емес, білімнің күшімен, заманауи талаптың әлеуетімен шыңдарды бағындырып келеміз. Біздің мемлекет инвестицияның көпшілігін білімге құйып, жергілікті қазынаның қомақты бөлігі осы саланың екпін алуына жұмсап отыр.
Шынында қазір ауыл мектептерінің өзі за­ман та­лабына сай жабдықталып, күрделі жөн­­деу жұ­мыс­­­тары қолға алынып, көрсең, көз тоятын білім ор­дасына айналып отыр. Жа­лағаш ауданының ауыл­дық мектептерінің бір­қатары жаңарды. Соның ша­­ра­патымен білім ұя­сындағы оқушылар жаңа оқу жы­­лын сүйікті, жайлы, жарық ғимаратта қарсы ал­ға­ны ата-аналарды да шаттыққа бөлеп отыр. Тек­ті­лер мен зиялыларды, ғалымдар мен ақиық ақын-жазушыларды тәрбиелеп, оларға қыран қанат беріп, таудай талапқа баулыған қазақтың бір­туар перзенті Әб­дікәрім Оңалбаев есімімен аталатын №117 орта мектеп – аудан көлемінде білім, тәрбие сапасы жөнінен алдыңғы қатарда келе жатқан іргелі білім ордасы. Міне, осы мектептің былтыр күрделі жөндеуден өтуі ауыл тұрғындары үшін көзайым қуаныш болды. Бір емес, бірнеше немересі осы мектепте білім алатын зейнеткер Гүлғанша Райбекова бізбен өз қуанышын бөлісті.
– Менің немерелерім осы білім ұясында оқып жат­қанына ризамын. Бұл мектептің та­рихы тереңде жатыр. Осындай жарық, ауласына асфальт төселіп, терезелері жаңартылып, іші-сырты мұнтаздай та­зар­ған, сәулетті жерде білім алып жатқан шәкірттер де, оларды оқытып жатқан ұстаздар да бақытты деп ойлаймын. Көне нысанның құрылыс сапасына қатысты мәселе көптен бері шешілмей келген еді. Былтыр жасалған күрделі жөндеуден кейін мектебімізді танымай қалдық. Біздің аға буын көрмеген жақсылық пен жаңалықты немерелеріміз көріп жатқанына тәубе дейміз. Енді мұндай көрікті жерде нашар оқу ұят болады, – дейді ол.
Жақсы көңіл-күйде тұрған ата-аналардың ри­за­­шылығын естіген соң біз мектеп басшысынан жа­ңарған білім нысанының күрделі жөндеу процесінің жай-жапсары жайлы айтып беруін сұрадық.
Мектеп директоры Райкүл Ілиасқызының ай­туынша, 1987 жылы пайдалануға берілген сы­йым­дылығы 464 орынға негізделген білім ошағында қазір 334 оқушы білім алуда. Былтыр ау­дандағы мектептердің 2020-2021 жаңа оқу жы­лына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы шеңберінде бөлінген 219 млн теңгеге мектеп күрделі жөндеуден өткен. Құрылыс жұмыстарын «Peal Stroi Invest» ЖШС жүргізген. Білім ме­ке­месінің шатыры ауыстырылып, есік-терезелері жа­ңартылып, кәріз жүйесі, әжетханалары қалпына кел­тірілген. Мектептің аумағы жаңадан қоршалып, жарықшамдар орнатылған. Электр желілері мен желдеткіш жүйелері ауыстырылып, аулаға асфальт төселген.
Иә, сән-салтанаты келіскен құтты шаңырақ ұс­таздар мен шәкірттердің озат ойын жүзеге асырып, ұядан қияға самғататын білім ұстаханасы секілді. Шынында мектептің сыртқы келбетіне де, ішкі жөндеу жұмыстарына да көңіліміз толып, марқайып қалдық. Сыр топырағынан шыққан, осы ауылдың төл перзенті, жалынды ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың есімімен аталатын мектеп тәуелсіздіктің тартуы секілді жарқырап тұр. Тұғырлы білім ор­да­сының ақын есімімен аталғанына да биыл тура 30 жыл болыпты. Тәуелсіздік таңымен туған жері өз пер­зентін ұлықтағаны да ұлылық нышаны болар бәлкім. Әйтеуір бұл кереметтің құпиясы тереңнен тамыр тартқаны көрініп тұр.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

25 мамыр 2021 ж. 441 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930