» » АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ АСҚАҚ

АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ АСҚАҚ

Тәуелсіздік деген қадірлі сөзді естігенде қаны қазақ әрбір азаматтың жүрегі тебіреніп, рухы көтерілетіні анық. Ұланғайыр даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ата-бабаларымыз, батырларымыздан бастап, кешегі желтоқсан боздақтары ел жадынан өшпек емес.

Келер жылы – ел тәуелсіздігінің отыз жыл­дығы. Осы уақыт ішінде жас мемлекетіміз талай асудан асып, биік белестерді бағын­дырды. Әлемге Қазақстанды танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білді. Қанатын кеңге жайған жас мемлекет дәуірлік өзгерістерден тайсалған жоқ. Қанында қайсарлық бар текті халық екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік – қиындықпен келген құндылық, тәңірдің сыйы. Мәңгілік ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік мұраты. Еліміздің тәуелсіздігі ежелден еркіндік аңсаған дана халықтың санғасырлық нәубетінің жемісі. Отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы ұлт-азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Халқымыздың сан мың ұрпағы армандап, дамылсыз күресіп келген азаттықтың ақ таңы атты. Қысқа мерзімде Қазақстан халқы айбары асқан қуатты мемлекетке, әлем таныған алпауыт елдермен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Әртүрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына ұйысып, ортақ Ата Заңын қабылдады.
Азаттық таңының атуы – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, ата-баба аманаты. Бүгінге дейін барлық жетіс­тіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында ғана негіз қалай алдық. Тәуелсіздік – ұлт пен ұлыстың татулығы, барша отандасымыздың табанды еңбек, ерік-жігерінің жемісі. Еліміз осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үлкен тарихи табыстарға қол жеткізді. Сол жетістік жолында кездескен көптеген сынақтарға лайықты шыдамдылық пен төзім таныта білді. Тәуелсіздік жылдары ел еңсесін тіктеу жолында да көптеген жұмыс атқарылды. Қазақстан халқы бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып, барлық жерде ынтымағы мен бірлігін танытты. Татулық бар жерде тұрақтылық болатынын, ал тұрақтылық орнаған жерде береке болатынын дәлелдеді. Бауырлас елдермен көршілес елдердің арасында түсініспеушілік туындап жатса, ынтымақтасуына ұйытқы болып келеді. Қазір дүние жүзі 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жұмылдырған мемле­кетімізге қызыға қарауының себебі де осы болса керек.
Тарих беттерінен еліміздің талай қиын кезеңнен өткенін байқаймыз. Бар тірлікті жаңадан бастаған мемлекетіміздің алдында көптеген жаңа асуларды бағындыру, заң қабылдау, жұмыссыздықты шешу, тұрғындардың хал-ахуалын арттыру, ел экономикасын дамыту сияқты алуан белестерден алқынбай өту міндеті тұрды. Ең бастысы, халқымыз жасымай, келер күнге үлкен үміт артып, талмай-тынбай еңбектене отырып, осынау қиын жылдарды асқан төзімділікпен еңсере білді. Расымен, тәуелсіздік – бұл бүгінгі өміріміз ғана емес, сонымен қатар ертеңгі өміріміз Қазақ­станның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Алауыздықтан ада, бірлігі жарас­қан, келешегі кемел Қазақ елі қашан да бейбіт өмірге лайықты.
«Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деген Тұңғыш Президенттің қуатты сөзі бізге сенім мен жігер беріп, рухымызды көтеретіні анық. Азаттығымыз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
11 маусым 2020 ж. 791 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930