БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ
Қазақ халқы Тәуелсіздікке жету жолында талай қиындыққа кезікті, тағдыр тауқыметін тартты. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында, кеңестік кезеңнің шырмауында болды. Азаттықты аңсаған жұрт 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстан егемендігін төрткүл дүниеге паш етті.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен елімізде көптеген экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Елбасының стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында жас мемлекетіміз көркейді. Еліміздегі жас түлектер шет елдерде білім алып, әлемнің озық технологияларын меңгере бастады. Өзімізде өндірілген өнімге сұраныс артып, экспорт-импорт көлемі артты. Өйткені Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ішінде әлемнің 180-нен аса мемлекетімен дипломатиялық достық орнатып, өзара тиімді экономикалық байланысты нығайтты. Оның ішінде Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланыс өркендеді. Тәуелсіздікпен бірге өмірге келген сәбилердің алды 28-ге келді. Бүгінгі таңда олар әр салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Жан-жақты білімін жетілдіріп, инновациялық технологияға ден қойды.
Сонымен тәуелсіздік бізге не берді? Ең алдымен, еркіндік берді. Қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзінің ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлері, ұлы тұлғаларының есімдері қайта оралды. Ата Заңымыз қабылданып, мемлекеттік рәміздеріміз өмірге келді. Өзіміздің төл теңгеміз айналымға шығып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Бұл – бір. Екіншіден, қазақстандықтардың денсаулығына мән беріліп, салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалу қажеттігі айтылып келеді. Ата Заңның алғашқы бабында көрсетілгендей елдің басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан әркез ақ халаттылар тәжірибелерін шыңдап, халық денсаулығын нығайту жолында тың бастамаларды қолға алды. Сонымен бірге, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында көптеген әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Әлемдік спорт додаларында еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген спортшыларымыздың жетістігінен спорт саласына қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын айтпай-ақ аңғаруға болады.
Мұның барлығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тек арман ғана болып көрінгені жасырын емес. Аз ғана уақыт ішінде экономикасы қарыштап дамыған елдің жиырма сегіз жылда жеткен жетістігін бір ғана Есіл бойындағы әсем шаһар, ажары төрткүл дүниені тамсандырып, таңдай қақтырған Нұр-Сұлтан қаласынан аңғаруға болады. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі де осы алып шаһарда өтті. Әлем жұртшылығы қызығушылық танытқан көрменің біздің елде өтуі де тәуелсіз мемлекетіміздің жеткен жетістіктерінің жемісі деуге болады. Бұл – даму жоспарын жүйелі жолға қойған мемлекетіміздің жеткен жетістіктерінің бір ғана көрінісі. Бір сөзбен айтсақ, тәуелсіздік – жоғымызды түгендеп, елдігімізді айшықтаған баға жетпес байлық. Әрбір адам осының қадірін білсе, ынтымақ-бірлігі жарасқан еліміз әлі талай асуларды бағындырып биік белестерге қол жеткізері сөзсіз.
Рахат АККАСИНОВ,
аудандық соттың бас маманы