» » ЕЛ БАСЫНА ҚОНҒАН БАҚ

ЕЛ БАСЫНА ҚОНҒАН БАҚ



қазақ халқы Тәуелсіздікке жету жолында талай қиындыққа кезікті, тағдыр тауқыметін тартты. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында, кеңестік кезеңнің шырмауында болды. Бірақ, бұл кезеңдер де артта қалды. Азаттықты аңсаған ел жұрты 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстан егемендігін төрткүл дүниеге паш етті.
Тәуелсіздік – ел басына қонған бақ, баға жетпес құндылық. Біз – Тәуелсіздік құрдастары болғандықтан, егемендікке жету жолындағы тарихи сәттің куәгері емеспіз. Десе де, алдыңғы буын өкілдері тоқсаныншы жылдары елде әлеуметтік-экономикалық қиындықтар туындағанын айтады.

Ел экономикасы күрт төмендеген уақытта жігері жасымаған халық жарқын болашақтан үмітін үзбеді. Еңсесін нық ұстап, өр рухын жоғалтпады.
Қазақ елі өз алдына дербес мемлекет құрған тұста ел тізгінін қолға алған ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең алдымен ел экономикасын еселеуге, дағдарысты ауыздықтауға кірісіп, елдің даму жос­парын әзірледі. Содан бері еліміз егемендіктің ауасымен еркін тыныс­тап келе жатқанына биыл жиырма жеті жыл толыпты. Бұл бір мемлекеттің қалыптасуы үшін ұзақ жыл болмаса да Тәуелсіз елдің тағдырын қолына алған Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан мемлекетін әлем таныды, ел экономикасы өркендеді.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде экономикалық, сая­си, әлеуметтік секілді көптеген реформалар жүзеге асырылды. Елбасының стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында жас мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әсіресе, тәуел­сіздіктің бізге берген ең ғажайып сыйы – тіліміз, дініміз қайта тіріліп, ұлттық сипатымыз айшықталды. Еліміздегі жас түлектер шет елдерде білім алып, әлемнің озық технологияларын меңгере бастады. Өзімізде өндірілген өнімге сұраныс артып, экспорт-импорт көлемі артты. Өйткені, Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ішінде әлемнің 180-нен аса мемлекетімен дипломатиялық достық орнатып, өзара тиімді экономикалық байланысты нығайтты. Оның ішінде Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланыс өркендеді. Мемлекет басшысы шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланыс­ты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Бір сөзден айтқанда, Елбасының іскерлігі мен ел халқының бірлігі арқасында Тәуелсіз Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең, керегесі кең, бейбіт сүйгіш елге айналды.
Тәуелсіздікпен бірге өмірге келген сәбилердің алды 27-ге келді. Бүгінгі таңда олар әр салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып жүр. Жан-жақты білімін жетілдіріп, инновациялық техноголияға ден қойды. Олар, қазір өз идеялары мен жарқын жобаларын жан-жақты дамытуға мүдделі.
Сонымен, Тәуелсіздік бізге не берді? Ең алдымен, еркіндік берді. Қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзінің ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлері, ұлы тұлғаларының есімдері қайта оралды. Ата Заңымыз қабылданып, мемлекеттік рәміздеріміз өмірге келді.

Өзіміздің төл теңгеміз айналымға шығып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Бұл – бір. Екіншіден, Мемлекет басшысы барша қазақстандықтардың денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалу қажеттігі айтылып келеді. Ата Заңның алғашқы бабында көрсетілгендей елдің басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан, әркез аққалаттылар тәжірибелерін шыңдап, халық денсаулығын нығайту жолында тың бастамаларды қолға алды. Сонымен бірге, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында көптеген әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Бүгінгі таңда белсенді түрде іске асырылып жатқан «Жұмыспен қамту – 2020» жол қартасы, «Агро бизнес – 2020», «Өрлеу» және тағы басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы елдің еңсесі көтеріліп, еңбек нарығында бәсекелестік артты. Ал, әлемдік спорт додаларында еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген спортшыларымыздың жетістігінен спорт саласына қаншалықты көңіл бөлініп отырғаны айтпай-ақ байқалады.
Мұның барлығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тек арман ғана болып көрінгені жасырын емес. Аз ғана уақыт ішінде эканомикасы қарыштап дамыған елдің жиырма жеті жылда жеткен жетістігін бір ғана Есіл бойындағы әсем шаһар, бас қаламыз, ажары төрткүл дүниені тамсандырып, таңдай қақтырған Астанадан аңғаруға болады. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі де осы алып шаһарда өтті. Әлем жұртшылығы қызығушылық танытқан көрменің біздің елде өтуі де Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебесін одан әрі айшықтап тұр. Бұл – даму жоспарын жүйелі жолға қойған мемлекетіміздің жеткен жетістіктерінің бір ғана көрінісі. Бір сөзден айтсақ, Тәуелсіздік – жоғымызды түгендеп, елдігімізді айшықтаған баға жетпес байлық. Ынтымақ-бірлігі жарасқан Қазақ елі әлі талай асуларды бағындырып, биік белестерге қол жеткізері сөзсіз...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Тәуелсіздік құрдасы.
15 желтоқсан 2018 ж. 976 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031