» » Егемендігімнің айғағы болған белгілер

Егемендігімнің айғағы болған белгілер

Тәуелсіз елдің басты белгілерінің бірі – оның рәміздері. егемендікті еншілеген тоқсаныншы жылдардың басында қазақ халқы да өзінің елтаңбасын, туын, әнұранын бекітті. БҰл 1992 жылдың 4 мау­­сымы болатын.
Азаттықтың ақ таңы арайлап атып, қыран бүркіті көкте еркін қанатын жайып, ел-жұрт егемендікті етжүрегімен сезінді. Тәуелсіз мемлекеттің өз Президенті сайланды. Бүкілхалықтық референдум арқылы Ата Заңымыз бекітіліп, шекарамыз шегенделді. Кез келген тәуелсіз елдер секілді егемендігіміздің нышанын бекіту сол кезеңде басты міндеттердің бірі болды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 1992 жылы 4 мау­­сым күнін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні деп белгілеп, арнайы заңға қол қойды. Содан бері 4 маусым еліміз үшін мерейлі датаға айналды. Сол уақыттан бері халқымыз егемендігі еңселі, тәуелсіздігі тұғырлы, мызғымас бірлігі бекем елде бақытты да тату-тәтті күн кешіп келеді.
Әлем картасында Қазақстан атты тәуелсіз ел бар екенін дәлелдейтін нышандарымыз – көк туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз бар. Қашанда қырандай қырағылық қанында бар текті халық бұрыннан құлашын кеңге жайып, ұланбайтақ атырапта еркіндікте өмір сүргенді аңсады. Қазақ халқының осындай болмыс-бітімі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған Мемлекеттік рәміздерімізден көрініс тапты. Елтаңбамыздағы қанатты пырақ осының дәлелі болса керек. Елтаңбаның қақ ортасындағы шаңырақ – ең алдымен қазақтың қара шаңырағының қасиеттілігін, сондай-ақ жатты жатсынбай, өзгені өзекке теппейтін көңілі дархан, пейілі дария халықтың бауырмалдығын, соның арқасында көптеген ұлт пен ұлыстардың сол қасиетті қара шаңырақ астында бір үйдің баласындай күн кешіп жатқандығын білдіреді. Сонымен бірге Елтаңбамыз ел тарихынан тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, еліміздің қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Талай елдің аспанында қалықтаған, әуелеген көк байрағымыз бен әнұранымыз Қазақстан атын көпке үлгі етіп, жұмыр жүрегімізге мақтаныш сезімін кернетті.
Мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігімізді паш етуші, азаттығымызды айқындайтын, біртұтас­тығы­мызды білдіретін қасиетті де құрметті нышанымыз. Әрқашан бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болып келген рәміздеріміз қазақтың намысын көкке көтерген, жалпақ әлемге атымызды оздырған, жас мемлекетіміздің жетістіктеріне куә болған – қасиетті құндылығымыз. Біздің рәміздеріміз қазақ деген халықтың бейбітсүйгіш дархан пейілін, досына деген адал көңілін бейнелеуі де заңдылық. Мемлекеттік рәміздер – біздің елдігіміздің бейнесі. Сондай-ақ ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі. Мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы. Еліміздің азаматтарының Мемлекеттік рәміздерге деген қарым-қатынасы, құрметі олардың өз Отанын қаншалықты сүйетінінің және жарқын болашаққа деген сенімінің, адамгершіліктің биігі мен отансүйгіштік қасиетінің көрсеткіші деуге болады.
Бүгін міне, тағы да Қазақстан үшін айтулы мереке, мән-мағынасы тереңде жатқан маңызды күн. Бұл мереке бізге үлкен міндеттер жүктейді. Өйткені осының бәрі Қазақстанның жаңа тарихының өмірге келуінің алғашқы куәсі. Қасиеттілігі сол, тәуелсіз елдің, Отанның өзі осы Тудан, Елтаңба мен Әнұраннан бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тиігізіп ерекше қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Біз болашақта бұдан да жақсы жетістіктерге жетіп, елдігімізді сақтауға тиіспіз. Біздің тілегіміз жүрегі Отан деп соғатын патриоттарымыз көбейіп, тәуелсіздік туы желбіреп, әнұранымыз әр қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей берсін. Елтаңбамыз бостандықтың, жарқын өмір мен бейбітшіліктің нышаны бола берсін.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

04 маусым 2019 ж. 1 357 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930