» » Төрімізде төл спорт

Төрімізде төл спорт

Елімізде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталып келеді. Оның үстіне «ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» құрылғалы осы бағыттағы жұмыстар жандана түскендей. Бір жылдары төл спортымыз тек ұлттық мерекелерде ғана бой көрсетсе, қазір мүлде олай емес. Керісінше бүгінде салтанатты шаралардан бөлек, арнайылап ұлттық спорт түрлерінен бақ сынауға арналған турнирлер жиі ұйымдастырылуда. Тіпті кейбір төл спортымыз халықаралық және әлемдік деңгейде өтетін сайыстар тізімінен бой көрсетті.

Көкпар – тек қазақтың ғана емес барша түркі халықтарына тән ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі көкпар ойынының өмірге келуі көшпелі халықтардың айналасын қоршаған жаудан өзін-өзі қорғап қалу қажеттігінен туындаған. Яғни, халық бейбіт күндерде азаматтарын әскери машыққа баулып отырған. Қазақтың ат үстіндегі ойындарының шығу тарихы жауынгерді батырлыққа, ептілікке, шапшаңдыққа үйретуді мақсат тұтқан.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.
Қазіргі командалық көкпар ережесіне сәйкес, бір команда 12 спортшыдан тұрады. Ойынға әр командадан 4 ойыншы қатысып, бәсеке 8 ойыншы арасында өтеді. Ойыншылар команда жетекшісінің ұйғаруымен ойын барысында ауысып отырады. Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа командалас ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені ердің алдыңғы қасына немесе басқа оңтайлы жерге байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын қамшымен ұруға, жетектеуге, адамға қасақана ат салуға, бір метрден ұзақ жерден қарсыласты атпен шауып келіп соғуға, қарсыласқа қарай атты тік шапшытып барып, аттың алдыңғы екі аяғымен соғу сияқты өрескел қимылдарға жол берілмейді. Қазіргі командалық көкпар ойыны арнайы көкпар үшін жабдықталған ұзындығы 220 метр, ені 70 метр алаңда өтеді.
Ауданда ат спорты қарқынды дамып келеді. Аққұм ауылында ипподром бар. Осы ауылдың азаматтарынан құрылған ат спорты командасы көкпар тарту, теңге алу жарыстарын ұйымдастырып жүр. Бауыржан Жүсіпбеков жаттықтыратын көкпаршылар командасы ауыл спортшыларының «Алтын күз– 2017» облыстық спартакиадасында үшінші орынды иеленді.



Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың құрметті азаматына айналған. Соның бір дәлелі Қажымұқан бабамыздың есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты ұйымдастырылуда.
Спорттың бұл түрі адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Бір сөзбен айтқанда қазақша күрес – күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар, ол қорғанудың ұлттық өнері. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.
Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жасөспірімдер үшін 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісін жасайды. Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық додалардың бағдарламасына енген әрі ресми түрде жұрт таныған төл спорт.



Асық ату – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Асық ойынының құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл сияқты түрлері бар.
Ауданда асық ату үйірмесі жұмыс жасайды. Оған Жасұлан Сержанов жетекшілік етеді. Ұлттық ойынды жетік меңгерген үйірме мүшелері аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүр. Соның айғағы – 2017 жылдың соңында осы ұлттық ойын түрінен өткен ауыл спортшыларының облыстық сайысында ауданымыздың «асық ату», «бес асық» командасы жүлделі үшінші орынды иеленіп, жеңіспен оралды.




Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал, кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ жақсы насихатталып жатыр. Мәселен, Моңғолияда мектептерде тоғызқұмалақтан олимпиада өтеді. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Сондай-ақ, көршілес Алтайда, Қарашай-Шеркеште, Сахада үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде тоғызқұмалақ кеңінен насихатталуда. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ жылдан жылға дамып келеді. Бұл жерде жаңа құрылған тоғызқұмалақ федерациясының ықпалы зор. Бүгінгі таңда осы қауымдастықтың арқасында елдің түкпір-түкпірінде үйірмелер ашылып, тоғызқұмалақтан жарыстар жиі өткізіліп келеді. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Ауданда тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс жасайды. Жастардың да бұл спорт түріне деген қызығушылығы жаман емес.



21 наурыз 2018 ж. 1 409 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930