Денсаулықтың қадірін білейік
Бұрынғылар "Бірінші байлық – денсаулық" деп бекерге айтқан жоқ. Деннің саулығы бәрінен қымбат. Бірақ былайғы күндері ауруханаға түспесек, науқастанған адамның халін онша біле бермейміз. Ал әлемде пандемия басталғалы біреу ауруханаға түстім десе, үрейленетін жағдайға жеттік. Әсіресе дәл қазіргі уақытта адамзат өте қиын жағдайды басынан өткеріп жатыр.
Былтырғы көктем мен жаз айларындағы індеттің соққысы халықты есеңгіретіп кетті. Күз бен қыс айларында біршама толастаған сияқты еді, биыл қайта бас көтерді. Көктемнен бері еліміз осы індетпен арпалысып келеді. Ең қиыны, адам ағзасына түскен вирустың мутацияға ұшырап, өте қауіпті түрге айналуы.
2019 жылдан күні бүгінге дейін бірнеше миллион адам тыныс алу мүшелерін зақымдап өтіп, өкпені жегідей жеп қоятын тәжтажалдың құрбаны болды. Былтыр жақындарымыздан бөлек, елімізге танымал қаншама тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Қос өкпесі қабынып, жасанды тыныс алу аппаратына тәуелді болған қаншама туыстарымыз жанарлары жәудіреп көз алдымызда жан тапсырды. Соның барлығы жүрегі, сезімі бар адам үшін оңайға соққан жоқ. Қиналып, тығырыққа тірелген пенденің Алладан басқа жәрдемшісі бола ма?! Араны ашылып, жолындағысын жалмап келе жатқан тажал-індеттің алдында өзіміздің соншалықты қауқарсыздығымызды анық сезініп, Аллаға жалбарындық. Өйткені алғашында бұл індетке медицина қызметкерлерінің өзі араша тұра алмады. Шаршады, тіпті көбі өздері де вирус жұқтырып көз жұмды. Дәріханалардан дәрі-дәрмек таба алмай, шетел асып іздеп кеттік. Бір жұтым ауаға зәру болып жатқан жақындарымызға жасанды тыныс алу аппаратын таба алмадық. Бірақ биыл былтырғыдан жағдай сәл басқаша. Үкімет қор жасақтады, дәрігерлер де тәжірибе жинақтады. Алайда уақыт өткен сайын вирус сан алуан түрге еніп, ойрандап жатыр.
Халыққа екпе егу жұмыстары көктемнен басталды. Өз кезеңі бойынша әлі жалғасып келеді. Айтайын дегенім, бізді індеттен енді тек осы екпе ғана сақтайды. Салдырып жатқан екпелердің барлығы да жыл бойы тәжірибеден өтіп, адам ағзасында ауруға қорғаныш қабатын қалыптастыратын қабілеті дәлелденген. Сондықтан әлеуметтік желілерде желдей есіп, тараған алып-қашпа әңгімелерге сене бермей, бір сәт дәрігерлердің кеңесіне құлақ асқанымыз да жөн. Иә, Мемлекет басшысының, бас санитардың мәлімдемелері елдегі эпидахуалға байланысты өзгеріп отыратын шығар, алайда олардың да көздегені тек халықтың саулығы. Сондықтан күнделікті тұрмысымызды карантин талаптарына бейімдеу және екпе алу – біздің бұдан әрі қарай да тіршілігімізді жалғастыруымыздың кепілі.
Манзура Қойлыбаева,
коронавирусқа шалдыққан науқас,
аудан тұрғыны