"ҮЗДІК АУЫЛ ӘКІМІ" АНЫҚТАЛДЫ
Жалпы қай деңгейдегі әкім болса да, оның халық алдындағы беделі биік болуы тиіс. Ал ол бедел әкімнің тек лауазымдық қызметімен ғана өлшенбейтінін тағы да ескеруіміз керек. Ең алдымен адами болмысымен, білім-білігімен, ішкі, сыртқы мәдениетімен, ұйымдастырушы-іскерлік қабілетімен, бұқарамен қарым-қатынасымен мемлекеттік қызметші ретінде тұлғасы айшықталады. Елбасы айтқандай, әкім –халықтың басшысы емес, қызметшісі. Тіпті осылай деген Елбасы әрбір әкімге халық алдында есеп беріп отыруды да міндеттеген болатын және бүгінде әкімнің халық алдында есеп беру жиыны қалыпты жүйеге түсті.
Әкім – Алла тағаланың есімінің бірі. Әл-Хаким деген сөз даналық иесі, басқарушы, ізгі амал жасаушы кемел адам деген мағынаны білдіреді екен. Яғни әкім тек ел тізгінін ұстаған саяси-әкімшілік лауазым иесі ғана емес, алдағы күнді асқан даналықпен, көрегенділікпен болжап, бағып, жақсылықта да, жамандықта да халқының алдында жүретін тұлға. Міне, осындай қасиеттер бойынан табылғанда ғана әкімнің халық алдында абырой, беделі болады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің бастамасымен биыл екінші рет өткізілген республикалық "Үздік ауыл әкімі" конкурсында ел игілігі жолында еңбек етіп, жасалған оң жұмыстардың нәтижесінде Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округі әкімі Қанат Ниетқұлов аталған конкурстың облыстық кезеңінен басым дауыс жинап, "Үздік ауыл әкімі" атанды. Бұл – тек бір ауылдың ғана ғана емес, ауданымыздың мәртебесі, абыройлы жеңісі.
Байқауға облыстың 8 ауылдық округі әкімі құжаттарын тапсырған. Соның ішінде белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін және тиісті құжаттар топтамасын толық өткізген 4 кандидат өңірлік комиссиямен әңгімелесу кезеңіне жіберілген. Үміткерлер өңірлік комиссияға өздерінің портфолиолары мен бейнероликтерін ұсынып, жобаларын қорғады. Өңірлік комиссия тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары мен әкімнің халықпен кері байланыс орнату көрсеткіштерін ескере отырып, Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округінің әкімі Ниетқұлов Қанат Қуанышұлын «Үздік ауыл әкімі» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы деп таныды. Қанат Қуанышұлының жетістігіне ел болып қуандық.
2018 жылдан бері Ақсу ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келе жатқан Қанат Ниетқұлов лауазымдық қызметін алға тартпайтын, керісінше үлкенмен де, кішімен де қарапайым қалыпта сыпайы қарым-қатынас жасап жүретін азаматтығы бір төбе. Сондай-ақ жас болса да елге бас болып, әрбір істің көзін тауып, қысылтаяң кезеңде туындаған мәселеге байланысты батыл шешім қабылдап және оның оң шешілуіне бар күш-жігерін жұмсап, ауыл халқының береке-бірлігін ұстап отырған іскерлігі мен ымырашылдығы әріптестеріне үлгі болуы тиіс. Біз де БАҚ өкілі ретінде өз аймақтарында атқарған жұмыстарының негізінде басылым бетіне ауыл әкімдерінің жан-жақты образын түзіп келеміз. Әрине, бір-бірінен бөле-жаратыны жоқ, барлығы өз деңгейінде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Десе де, ауылда ғана емес, аудан деңгейіндегі шараларға қалмай қатысып, үнемі қоғамдық, елдік істердің басы-қасынан табылып, белсенділік танытып, айналасымен сыпайы қарым-қатынас орнатып, ауданның мәдени-әдеби өміріне де бей-жай қарамай, өзінің пікірін білдіріп жүретін Қанат Ниетқұловқа осы конкурста комиссия да, халық та дұрыс таңдау түсірді деп ойлаймыз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, әкімнің бойынан табылуы тиіс жақсы қасиеттердің барлығы да Қанаттың бойында бар.
Қазірде 300-ден астам отбасы, 1600-ден астам тұрғыны бар Ақсу ауылының береке-бірлігі көпке үлгі. Елдің бірлігі сол елге басшылық жасап отырған адамға байланысты. Ел іші алауыз болса, ауыл тозып кетеді. Қанат Ниетқұлов Ақсуға әкім болып келгеннен-ақ өзінің алдында ауылды басқарған ағаларының игілікті ісін жалғастырып кетті. Тіршілік тазалықтан бастау алады. Жас басшы ең алдымен тазалыққа ден қойды. Одан соң ауыл ішін абаттандыру, көшелерді көркейту-көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстарына көңіл бөлді. Содан соң өз кезегінде заман талабына сай ауылда кәсіпкерлік саласы да жанданды.
Қазір Ақсуда 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 18 шаруа қожалық, 72 жеке кәсіпкер бар. Мал шаруашылығын қолға алған тұрғындар ауыл айналасындағы 2 769 гектар жайылымдық жерде 2 335 бас ірі қара, 2 546 бас уақ мал, 1 353 бас жылқы және жүзден астам түйе өсіріп жатыр. Ал 3 307 гектар егін алқабында бір кездері күріштен тау тұрғызып, қырманды қызылға толтырған дала еңбеккерлерінің ісін жалғап келе жатқан бүгінгі буынның да мерейлі істері жетерлік. Бір ғана "Сәрке батыр" және "Ақбостай" шаруашылығының өзі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Ауыл халқы арнайы бағдарламалар арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауын да тиімді пайдаланып, жобаларын іске асырып отыр.
Ауылдық клуб, дәрігерлік амбулаториялық емхана, кітапхана, пошта бөлімшесі, аймақтық полиция тірек пункті де халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мәдениет – тіршіліктің мәйегі. Сондықтан аталған ауылда мәдени салаға көп көңіл бөлінеді. Бұл сөзімізге ауылдық клуб жанынан құрылған тарихы терең "Асыл әжелер" ансамблі дәлел. Сонымен бірге ауылдық клубта ән, би, көркемсөз үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірме мүшелері облыстық және аудандық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Сонымен бірге ауыл мектебіндегі мұғалімдер мен оқушыларға қойылатын талап қатаң. Соның нәтижесінде жылда "Үздік аттестат" және "Алтын белгі" иегерлері шығады. Спорт саласында да жетістіктер бар. Аудандық, облыстық жарыстарда спорттың бірнеше түрінен және командалық ойындардан жүлдегер атанып келеді.
Әрине, осылардың барлығының басында ауыл әкімі тұр. Ауылдың жетістігі де, кемшілігі де ауыл әкімінен сұралады. Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүру – әрбір басшыға сын. Сондықтан сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, халыққа жоғары деңгейде қызмет етіп келе жатқан Қанат Ниетқұловтың мерейлі сәтін біз де бөлістік.
Қуат АДИС