Ақтөбеліктер жарылғыш заттар қоймасын басқа жерге көшіруді талап етуде
Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары Арыс пен Тараз оқиғасы қайталана ма деп үрейленіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Тараздағы жарылыс Ақжар-2 елді мекені тұрғындарының ұйқысын қашырды. Ауылдан 200 метрдей жерде жарылғыш заттар сақтайтын қойма тұр.
“Арыста, Таразда болған нәрсе ертең тағы қайталанып жүрсе, санымызды соғып қаламыз. Бүкіл бала-шаға бар. Мына жерде үлкен мектеп бар. Мың жарым орындық мектеп. Соның бәріне қауіп төніп тұр”, – дейді Ақжар-2 ауылының тұрғыны Жәрдем Қазтуғанов.
“Әскери адамдар шығар, келіп жүреді машинамен. Жарылыс бола ма, снарядтар бар дейді астында, анық-қанығын білмейміз. Құзырлы органдар келіп, қарап тексерсе дейміз”, – дейді ауыл тұрғыны Сержан Ақбосов.
Мұндағы жұрт құзырлы органдар қойманы тексеріп, қауіп болса, басқа жерге көшірсе екен дейді. Тұрғындардың айтуынша, онда сақталып жатқан жарылғыш заттар ескіріп қалған болуы мүмкін.
“Жер астында тротил болуы мүмкін. Оны тек тексергеннен кейін біле аламыз. Біздің талабымыз сол – көшіре ме? Үкімет өзі қарайды. Жақын жер, тротил жарылмасын, жарылса көпке дейін жетеді”, – дейді тағы бір тұрғын Ғани Дәрібаев.
Анықталғандай, Ақжар-2-дегі қойма "Қазөндірісгеофизика" мекемесіне тиесілі. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі өкілдері қоймадағы жарылғыш заттар тек өндірістік мақсатта, пайдаланылатынын айтты. Яғни мұнай өндіру кезінде ұңғымаларды бұрғылауға қолданылады. Ал, қойманың орналасқан жері қауіпсіздік ережелеріне сай, қашықтық нормасы сақталған. Жылына бір рет тексеріледі деді.
“Бұл аудан жаңадан салынып жатқанда, екі мыңыншы жылдардың басында ол жерде үй тұрғызуға болмайды деп тиісті органдарға хат жаздық. Соған қарамастан, елді- мекен бой көтерді. Ол жерде бұрын үш қойма болған. "Запказвзрывпром", "ҚазЦКубнитрохим" және "Қазөндірісгеофизика" мекемесі қоймасынан қазір тек соңғысы қалды”, – дейді ҚР төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департамент директорының орынбасары.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары қойманы көшіру жөнінде "Қазөндірісгеофизика" мекемесі басшылығына хат жазған. Мәселе әзірге шешілмеген.