АРАЛДЫҚ ВЕЛОШАБАНДОЗ АУДАНДА
Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына орай, Семей ядролық сынақ полигонының зардабын жоюға қатысушы, 72 жастағы ардагер Серік Өтебалиев Жалағаш ауданына келді. Серік Сәдуақасұлының ауданға сапарын айтпас бұрын, халыққа қанша жыл қасірет болған Семей полигоны турасында тарих бетіне шолу жасап көрелік...
Жалпы халықтың басынан талай зұлмат заман өтті. Қаншама қиындықты еңсерді. Тарих бетінде, қазақ халқының жадында жан-жағын жайлаған тажалдай болып қалған «Семей полигонының» жабылғанына биыл 30 жыл болды. Дегенмен бұл кезең сол кездегі ядролық қарудың зардабын шеккен әр адам үшін қасірет болып қала бермек.
КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Мұнан кейін оларды жер астына жасай бастады. Семей маңындағы радиацияның әсерінен сол аумақтың тұрғындары зардап шекті. Сол уақыттарда онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама?! Отбастарында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын. 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлеуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Бірақ біздің ел әлемдегі ядролық сынақтан алғашқы болып бас тартты. Осылайша сынақ алаңы жабылып, зардабын жою мақсатында жұмыстар жасалды.
Тарихи деректерге жүгінсек, 40 жылдың ішінде республика аумағында 456 жерасты және жерүсті сынағы жасалған. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Жалпы осы уақытқа дейін бүкіл әлемде жасалған барлық сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында орын алған. Осынау қасіретті жылдардың елге әкелген апатының, зардабының ауыр болғанын тарих беттеріндегі зұлматты жылдар дәлелдеп тұр. Тарихтың қиын кезеңіне шолу жасаған әрбір адам бүгінгідей бейбіт заманның оңайлықпен келмегенін түсінеді.
Шүкір, бүгінде осыншама қиындықтан арылдық, бейбіт заманда күн кешудеміз. Ел басына күн туған шақта көштен ілгері шығып, ел мен жер үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарға лайықты құрмет көрсетуге де мүмкіндігіміз бар. Әсіресе Семей полигонының жабылуы тәуелсіздіктің алғашқы жемісі деуге болады. Осы Семей ядролық сынақ полигонының зардабын жоюға атсалысқан, салауатты өмір салтын жанына серік еткен, ерік-жігері мықты ардагердің ауданға сапары Семей атом полигонына қатысқан ардагерлер мен жастардың басқосуынан басталды. Жас өрендерге, кейінгі елдің тұтқасын ұстар бүгінгінің жастарына ең алдымен салауатты өмір салтын ұстануды, әрқашан ширақ әрі белсенді болуды айтқан ардагер әлі де болса спорттан түбегейлі қол үзбегенін жеткізді.
Салауатты өмір салтын ұстанған Серік Сәдуақасұлы «Тағзым» аллеясында полигонда қаза тапқан ардагерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Тағзым алаңында бас қосқан меймандар мен аудан азаматтары ел бастан өткерген зұлматты кезеңдерді тағы бір еске алса, ел үшін кез келген қиындыққа, әділетсіздікке қарсы тұрған, әсіресе қауіпті ядролық полигонның зардабын жоюға қатысқан азаматтардың ерліктері ел жадынан өшпеуі керек екені айтылды. Осындай құрмет көрсетуге лайықты жан, ауданның құрметті қонағы Серік Сәдуақасұлы да бұдан былай тек бейбітшілік заман орнап, Ел Тәуелсіздігі мәңгілік болуын тіледі. Ардагердің жүрекжарды тілегін, тарихтан сыр шерткен тұщымды әңгімесіне қанық болған жастар азаттықтың оңай жолмен келмегенін және осы жолда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен беткеұстар азаматтардың өмірлері өнеге екенін жеткізді.
Айта кету керек, кент орталығынан бой көтерген саябақ есімдері елге белгілі тарихи тұлғалар мен ел үшін құрбан болған жерлестерге арналған. Мұнда қызыл империяның қыспағына шыдамай қылыш көтерген Қарақұм қөтерілісі құрбандарына арналған ескерткіш, қоғам қайраткері, тарихи тұлға Темірбек Жүргеновке, ғасыр апаты болып тарихта таңбаланған Семей, Чернобыль зардабынан көз жұмғандар мен Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге, сонымен қатар бейбіт еңбек майданының батыры, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановқа арналған ескерткіштер орнатылған.
Аталған шара арал ауданынан веложорыққа шыққан ардагерге аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Ерданұлы аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, сапарына сәттілік тілеуімен аяқталды.
Нұр НАУАН