АРЗАН БАҒА, САПАЛЫ ӨНІМ
Аудан орталығында көлік тізгіндегендерден қос қолында азық-түлік салынған дорбасы бар жаяу азаматтар көптеп көзге түсті. “Мұның бәрі қайдан қайтты?” деген ішкі сауалыммен жол жиегінде оларға қарсы жүріп келемін. Орталық көшені бетке алған аудан тұрғындарының бірде шеті көрінді. Жолдың арғы жағын темір қоршаумен жауып, ішкі істер саласының қырағылары сауда жасаушыларға қолдан келген көмегін жасап жатыр. Сөйтсем, алды қоршалған көшенің арғы бөлігінде жәрмеңке өтіп жатыр екен.
Не керек, әдеттегідей базар бағамынан 15-20 пайызға төмен бағада халыққа азық-түлік үлестірілетін дәстүрлі шара өтіп жатқан жерге де келіп жеттім. Қарапайым халықтың қыстық азығын қамдап алатын сәтті көптен күткені көрініп-ақ тұр. Не дегенмен күнделікті нарықтан айтарлықтай арзан өнім ғой. Көпшілік “мына картобың мен пиязыңнан тағы бір қап өлшеп жіберші” дейді. Енді бірі “ана қызанағыңды қанша деп тұрсың” десе, жерде жатқан қаптаулы сәбізге орта жастағы ер азаматтың қолы тигені сол еді, ар жағынан “әй қарағым, ол өлшеніп қойған, немеремді күтіп тұрмын, қайта сен соны көлікке тиеуге қол көмегіңді бер” деген алпыстан асқан әжейдің даусы шықты. “Апау, қазір өтіп кетпей тұрғанда сәбіз алып алайын, қайта келермін, оған дейін немереңіз де жетіп қалар” деп, әлгі азамат артына азық-түлік толы келесі көлікке бет түзеді.
Жәрмеңкеге жиылған жұрттың қарасы қалың. Елдің ешқайсы құр қайтып жатқан жоқ. Бірақ бақша өнімдері мен басқа да азық-түлік артылған жүк көліктері босар емес. Соған қарағанда ұйымдастырушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп әкелген болуы керек.
Байқасам, мұнда жаныңа керектің бәрі бар. Әр ауылдан жеткізілген азық-түліктің ішінен ет те, ет және сүт өнімдері де сөре секілді қаз-қатар тұрған көлік алдында халыққа арзан бағада сатылып жатыр. Бірақ келушілер легі тоқтар емес, тауардың да таусылар түрі жоқ.
Жәрмеңке өтіп жатқан көшенің арғы басында тұрған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысын көзіміз шалды. Аман-саулық сұрасқан бойда қажетті мәліметімізге қанықтық. Мұнда жалпы құны 35 млн теңгеге жуық 40 өнімнің түрі жеткізілген. Бөлім басшысы Марат Мәнерұлы мұндағы өнімдер нарықтан әлдеқайда төмен бағада сатылып жатқанын айтады. Расында солай, болмаса көпшіліктің ішінен құрығанда біреуінің аузынан ұйымдастырушыларға қатысты күңкіл шығар еді.
Әлде бір адамды күткендей жан-жағына қарайлай берген бір апамыз дорба-дорба затының үстіне қолындағы сөмкесін қоя салды. Бір сәтте қалта телефонын қайта-қайта құлағына алып барады. Ар жағынан жауап болмады ма, телефонын да аузы ашық сөмкесіне тастай салды. Әлі біраз аялдайтын адамның отырысы. “Апа, такси жолдың мына шетімен көп жүреді” деп бастадым әңгімемнің басын. “Жоқ, қажет емес, қазір балам да келіп қалар” деді алпысты алқымдаған әлгі апам. Бақсам, баласы таң атысымен “саудаңызды жасап алыңыз, қазір алып кетемін” депті. Соны тосып отырған жайы екен.
Мұндайда тек ұйымдастырушылардың ғана емес, халықтың да пікірі біз үшін маңызды ғой, қарап отырмай апамды әңгімеге тарттым. “Мұның бәрін үйге алып жатырсыз ба, баға қалай, қалтаңызға ауыр болмады ма?” деймін апама. “Өзім де артық алып жібердім-ау деп отырмын. Базар бағамынан арзан екен, мұндай мүмкіндікті құр жібергім келмеді” дейді ол. Оның үстіне әлгі апамыз сауда жасап жатқанда аудан басшысы Асылбек Шаменов сөредегі өнімдер бағасымен танысып, ұйымдастырушыларға бағаны өсірмеуді тапсырыпты.
Көшенің имандылық үйі орналасқан беткейінде сөредегі балыққа көзім түсті. Апамның да баласы сол сәтте келіп жетті. Заттарын тиесіп сатушыдан балық бағасын сұрадым. Кәнігі шортандарың небәрі 300 теңге. Мың жарым теңгеге жастар жағы “шука” деп атап кеткен әлгі жыртқыш балықтың бес келісін таразыға тарттырып, жөніме кете бардым. Ал мұнда сауда әлі де қызып жатыр. Қыстың қамын жасап алуға асыққан жұрттың легі әлі саябырситын түрі жоқ. Сатушының қалтасы қалыңдаса, сауда жасаушылардың дорбасы толып жатыр. Баға қалтаға қонымды, өнім де сапалы. Кешеге дейін жел басылмай, сол күні күннің де қарасқанын қайтерсің.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ