» » АРЗАН БАҒА, САПАЛЫ ӨНІМ

АРЗАН БАҒА, САПАЛЫ ӨНІМ

Жыл сайын қала күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Қызылорда қаласында биыл да өз жалғасын тапты. Бас шаһардың бірнеше шағын ауданында өткен жәрмеңкеде қызылорда қаласы мен 7 ауданның шаруагерлері халыққа қолжетімді бағамен түрлі азық-түлік өнімдерін ұсынды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап, тұрғындармен тілдесіп, шаруалармен жүздесті.

Алдымен аймақ басшысына Тағзым алаңы маңына жайғасқан қала шаруаларының жеңілдетілген бағамен ұсынған жәрмеңкесін таныстырған Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарық­тағыдан төмен бағамен сатылып жатқанын жеткізіп, қаланың мерейлі мерекесінен бастау алған жәрмеңке облыс орталығында әр сенбіде желтоқсан айына дейін жалғасатынын атап өтті.
Мұнан кейін облыс әкімі мен шаһар басшысы аудан және ауылдардан жеткізілген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнім сапасы мен бағасын бағамдады. Өңір басшысы жауаптыларға бағаның негізсіз көтерілмеуін және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, өткен аптада жеті аудан және қаланың ауыл шаруашылық құрылымдары бас шаһардың 8 жерінде төмендетілген бағамен өз өнімдерін ұсынды. Облыс орталығына күріштен бастап көкеніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері мен мал азығы сынды 40-тан аса өнім түрі жеткізілген. Дәл осы күні жалпы құны 265,6 млн теңгені құрайтын 700 тоннадан астам азық-түлік өнімдері халыққа 10-15 пайызға төмендетілген бағамен ұсынылды. Шараның жүйелі өтуіне 500-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде қала шаруалары жәрмеңкеге 75 көлікпен 214 тонна өнім шығарса, аралдықтар 30 көлікпен 50 тонна, қазалылықтар 35 көлікпен 200 тонна, Қармақшыдан 86 көлікпен 197 тонна, Жалағаштан 60 көлікке тиелген 170 тонна өнім келді. Сырдариялықтар 46 көлікке 165 тонна өнім артып келсе, шиелілік шаруалар 70 машинамен 330 тонна, жаңақорғандықтар 53 көлікпен 452 тонна өнім жеткізді.
Әдеттегідей жалағаштық шаруалар ұйымдастырған жәрмеңке Титов шағын ауданында өтті. Мереке аясында аудан еңбеккерлері шаһар халқына 170 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып, нарықтық бағадан төмен һәм сапалы өнім алуға келген жұртшылық сауданың көркін қыздырды.
Титов шағын ауданында тұратын Шерхан Сақи жалағаштық еңбеккерлер өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірнеше жылдан бері тұтынушысы екенін айтады. Яғни ол жыл сайын ауданның осында ұйымдастыратын жәрмеңкесінен қалмай, сапалы өнімді молынан алып қоятынын айтады.
– Жалағаштық еңбеккерлер өндірген өнім­нің тұрақты тұтынушысымын десем де болады. Себебі жыл сайын бұл аудан осында жәрмеңке ұйымдастырады, осы шағын ауданның халқы арзан әрі сапалы өнімді молынан алып қоюға тырысамыз. Былтыр да Жалағаш үлкен жәрмеңке ұйымдастырды. Биыл сол шара тағы да жалғасын тауып жатыр. Халық қысқа деп картоп, сәбіз, пияз сияқты бақша дақылдарын молынан алып жатыр. Өзім де қыстың қамын жаз ойлап, бірқатар өнім түрінен молынан сатып алдым. Бастысы баға қалтаға қонымды. Халық та дән риза. Жаңа аймақ басшысының өзі аралап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. Өнімдердің сапасына сөз жоқ, ал бағасы базар бағамынан 10-15 пайызға төмен. Тіпті кейбір өнім түрлері одан да арзан. Мәселен, кеше ғана облыс орталығындағы сауда дүкендерінің бірінен келісін 145 теңгеден алған картопты мұнда 100 теңгеден сатып жатыр. Ал пияздың бағасы мүлде арзан. Оны халық та жақсы біледі. Қазір сауданың көркі қызып жатыр. Еңбеккерлер жылда толайым табысқа жете берсін, біз соған тілекшіміз, – дейді Титов шағын ауданының тұрғыны Шерхан Сақи.
Сенбі күнгі жәрмеңкеде жаз бойы бейнеттеніп, өнім өндірген жергілікті өнді­рушілердің тауарын үлкен көлемде әрі тез сатуына жағдай жасалып, тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз, арзан бағамен алуға мүмкіндік туды. Егер баға нарық бағамынан тым төмен болмаса, Жалағаштан Қызылордаға аттанған лық толы көліктер бос қайтпас еді.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ


29 қыркүйек 2020 ж. 354 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930