Тоқшылық тойы
Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында Жалағаш аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы Титов шағын ауданында жәрмеңке өткізіліп, көпшілікке ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келгенін айтып өту қажет. Азық-түліктерді тиеген жүк көліктері ұзыннан-ұзақ етіп, бір қатардың бойымен орналастырылды. Бұл жерден тауардың барлығын табуға болады. Сыр салысы – ақ күріштен бастап, картоп, сәбіз, пияз, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз секілді түрлі бақша өнімдері сатылымға шығарылды. Тіпті, ет пен балық та, араның балы да болды. Сондай-ақ, көпшілікке төрт түліктің айраны мен сүті, қолдың майы мен құрты, алма, алмұрт, жүзім де ұсынылды. Сондықтан, шамасы келгендер арқалап тасыса, мүмкіндігі барлары арбаға басты. Қолдарына сөмке ұстап келгендер толтырғанша асықты. Әйтеуір, не керек, жәрмеңкеге келгендер бос қайтпады.
– Осындай жәрмеңкені ұйымдастырған жалағаштықтарға рахмет. Енді қыстай жейтін азығымызды алсақ деп тұрмыз. Қазірдің өзінде 4 қап картоп алдым. Әйелім күріш таңдап жүр. Әлі пияз бен сәбіз алу қажет, – деді қызылордалық Мейрамбек Төлбаев есімді жігіт ағасы.
Жәрмеңкедегі тағы бір ерекшелік ретінде аудан өнерпаздары әзірлеген концертті атап өтуге болады. Мәдениет саласының майталмандары ән шырқап, жырдан шашу шашты.
Бұл күнгі молшылық мерекесіне қала халқы көптеп жиылды. Ең бастысы, сапалы әрі базар нарқынан арзан өнімді алған жұрт алғысын жеткізіп жатты.
– Өз басым ризамын. Қала мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңке қызылордалықтар үшін тамаша сый болды. Барлықтарыңызды туған қаламыздың 200 жылдығымен құттықтаймын, – деді Жансая Сәрсенбайқызы есімді қала тұрғыны.
А.Ақылбек.