Республикалық штаб Сыр еліндегі іс-сапарын қорытындылады
Пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық азаматтық штаб өкілдерінің Қызылорда облысына сапары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан баспасөз конференциясымен аяқталды. Сапардың басты мақсаты халыққа COVID-19 вакцинациясының коронавирустық инфекция пандемиясымен күрестегі жалғыз дұрыс шешім ретінде маңыздылығын түсіндіру болды.
Елде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, халықтың 70-80%-ын вакцинациялау нәтижесінде COVID-19-дан сырқаттанушылық пен өлім деңгейін азайту, мүмкін болатын әдеттегі өмірге қайтаруымыз қажет деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-министрі орынбасарының баспасөз-хатшысы, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
«Қызылорда өңірі бүгінде жасыл аймақта. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, алдағы уақытта күннің салқындауына байланысты тұмау, ЖРВИ ауруы өршуі мүмкін. Сондықтан, әлі де болса сақтық шараларына қатаң сақтауымыз қажет», – деді пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі.
Журналистердің қойған сауалдарының бірі, балаларға салынатын екпе болды. Бірақ, бүгінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ешқандай вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ. Дегенмен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мақұлдаған 12-17 жас аралығындағы балаларға «Pfizer» вакцинасы ұсынылуда.
Ресми өкілдің Ержан Байтанаевтың айтуынша, Денсаулық Министрлігі Америкалық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Нәтижелі болғанда үстіміздегі жылдың 4-тоқсанында елімізге жеткізу жоспарлануда. Айта кету керек, вакцинациялау ата-аналардың және заңды қорғаушылардың келісімімен жүргізіледі. Балаларға мәжбүрлеу, мектепке кіргізбеу жұмыстары болмайды. Бұл балаларымызды аурудан қалай сақтаймыз, вирустан қалай қорғанамыз деген көптеген ата-аналардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Ескере кету қажет, вакцина салу білім ордаларында жүргізілмейді. Өздеріне қарасты емханаларда салынады.
Бірнеше күн бұрын Үкімет құрамындағы ведомствоаралық комиссия отырысында қазақстандықтарды ревакцинациялау бойынша шешім шығарылды. Көптеген мемлекеттерде вакцинациялаудан кейін 6 айдан соң, 1 дозалы екпе алуға болады. Бұл екпеден кейін жоғалған антиденені қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Комиссия зерделей келе, қайта вакцинациялау осы жылдың қараша айының үшінші онкүндігінде басталады деп жоспарлады. Мұны да салдыру әр адамның өзінің еркіндігі.