Сақтық шаралары бәрінен маңызды
Әр сәт сайын күнделікті шығатын ақпаратқа қарап асқынған дерттің дүмпуін байқап, есеңгіреген ауыр күндер артта қалып, облыстардың көпшілігі қызыл аймақтан шығып, ал біздің Қызылорда облысы жасыл аймаққа өткелі көңіліміз жай тауып, жанымыз бір жадырап, арқа-жарқа болып қалғанымыз рас. Аурудың беті қайтқанмен алаңсыз бейғам жүруге болмайтынын мамандар әрдайым еске салып отырды. Әлі де сақтық шаралары сақталу керек. Жақындарымызды жоғалтып, жүрек сыздаған сәттер әркімнің санасын сансыратады.
2020 жылдан бері біз дерт жайлы біраз сабақ алдық. Ақпарат көздері де арнайы мамандардан сұхбат алып, олардың пікірлерін, кеңестерін ақпараттың ашық кеңістігіне жариялап, елді сақтыққа шақырды. Дәрі-дәрмек тапшылығы орын алғанда дертті жандарды емдете алмай жақындарының дегбірі қашты. Әлемді үрей биледі. Тәж-тажал адам таңдамай азуын батыратынына куә болдық. Қазір де жасыл аймақ қатарындамыз. Алайда Ресейде бұл дерт қайта бас көтерді деген хабар жетуде. Сондықтан «жаман айтпай жақсы жоқ» деген мақалды бетке ұстап, уақыт таңдамай сап ете қалып, тұтқиылдан шабуыл жасайтын вируспен күресуге сақадай сай отыруымыз керек.
Осы мәселелерді назарға алып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы медициналық және фармацевтикалық бақылау мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралаған болатын.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменованың айтуынша, бүгінде дәрі-дәрмек қорында тапшылық жоқ. «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасында ковидке қарсы 3,69 миллион теңгенің дәрі қоры сақталған.
Өңір басшысы шалғай елді мекендегі дәріханаларда препараттардың қорын тексеріп, қажеттілікке қарай сараптама жүргізу қажеттігін еске салды.
– Көрші Ресейде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бізге де нақты іс-шаралар жоспарын бекіту қажет. Әсіресе шалғай ауылдар мен аудандарда дәрі тапшылығының орын алмауын қамтамасыз ету керек. Тұрғындардың шағымдарын ескеріп, департаментке түскен өтініштер бойынша тексеру, бақылау жұмыстарын әлде де күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен фармацевтикалық ұйымдарды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін 488 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда аймақтағы 17 мекеме бір жылға 1 пайыз мөлшерлемемен несие берілгені белгілі болды.
Аймақ басшысы өңірді коронавирус және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етуді, халық арасында ковид-19 індетіне қарсы екпе туралы түсіндірме жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Мұнан бөлек балалар арасында туберкулез ауруына қарсы вакцина салдыру мәселесі (БЦЖ) туралы ата-аналар арасында ақпараттық жұмыстарды күшейту керектігін айтты.
Облыс басшысының сөзінің жаны бар. Елде қазір екпеге қарсылық пен үрей басым. Олар жылда салынып жүрген вакцинадан бас тартып жүргені де байқалады. Реті келгенде айта кету керек, мектептерде ата-анадан рұқсатсыз вакцина салады екен деген жаңсақ пікірлер ғаламторда кездесіп жүр. Ол ресми ақпарат емес. Ешкімнің ескертусіз мектеп оқушысына екпе салуға құқы жоқ. Сондықтан өздерінің жас мөлшеріне сай жылда салынып жүрген екпені алғаны дұрыс екенін мамандар мәлімдеп отыр. Адамның ағзасы әлсірейтін, тұмаудың да жабыса кететін кезі осы күз айы. Жылы кезеңнен салқын ауа райына бірден қалыптасып кете алмай, адам әсіресе тұмауға бейім тұрады. Сол қауіптен сақтану үшін тұмауға қарсы екпе салдыру өте орынды. Себебі бұл да вирустың бір түрі. Ал пандемия кезінде кез келген вирус қауіпті. Бұл – маман дәрігерлердің ескертпесі.
2021 жылы 13 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының мәліметінше, «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта: Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстары.
Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1707 жағдай тіркелді.Осылайша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 908847 жетті.
Айта кетейік, 2020 жылдан бері коронавирус инфекциясымен Қызылорда облысында 18 255 науқас тіркеліп, 17 427-сі емделіп шықты. Бүгінгі күні аймақта коронавирус инфекциясымен 28 жағдай тіркеліп отыр.
Ал Жалағаш ауданында жағдай қалыпты. Мамандардың айтуынша, стационарда 6, реанимацияда 1 науқас ем қабылдауда. Оң нәтижемен тіркелгені – 4, теріс нәтиже – 2. 1 ақпан мен 12 қазан аралығындағы мәлімет бойынша тұрғындардың COVID-19 жұқпасына қарсы екпенің I компонентін 17544, ал II компонентін 12427 адам қабылдаған.
Бүгінде аурухана қорында қорғаныш құралдарынан 94 000 бетперде, 41000 қолғап, 1926 қорғаныш комбинезоны, 282 литр антисептик, 136000 дезинфекциялық дәрі, 400 көзәйнек және өзге де аса қажетті заттар сақтаулы.
Иә, қазақтар «жау жоқ деме, жар астында» деп өте көрегендікпен айтқан. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, бұл дертпен де бетпе-бет келіп, пәрменін байқап, тәжірибе жинадық. Сондықтан абай болайық. Қауіпке көзжұма қарап, ертең өкініп қалмайық. Тойды да тойлайық. Бірақ қамсыз қалмай, қауіп барын да ойлайық. «Сақтансаң, сақтайды» дейді ғой көреген қазақ. Ендеше халық айтса, қалт айтпайды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА