Қызылорда “қызыл аймақта”
Әлемді дүрліктірген пандемия дертінің беті қайтар емес. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөздің де қазір мәні кеткендей. Айналып келгенде мәселенің бәрі кейде өзіміздің салғырттығымыздан болып жатады. өткен жылдың елге салған ауыртпалығы талайымыздың арқамызға аяздай батқаны өтірік емес. Торға түскен торғайдай болып аурудың қақпанына түсіп, қиналып жатсақ та қазақтың той-томалағы әлі таусылмай жатыр.
Ұзынқұлақтан естиміз, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар. Мейрамхана, кафелердің артынан кіріп той өткізіп жатқандарын көзімізбен көріп жүрміз. Елдің ішінде болып жатқан жиын-той қанша жасырсаң да ел құлағы елу, көрген көзде жазық жоқ дегендей, көпшілігімізге жария болып жатыр. Міне, осындай жауапсыздық салдарынан басқа да себептері бар болар, біздің өңір “қызыл аймақтар” қатарына еніп, дерті дендегендер саны күн санап артып отырғаны әрине, өкінішті. Осыған орай аймақ басшысы халыққа арнап үндеу де жариялап отыр.
Эпидахуал барынша күрделеніп барады. Бүгінде өңірде 4890 жағдай тіркелген. Облыс басшысы «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді дана халқымыз деп көкейіндегісін ұлтымыздың ұлықты сөзімен жеткізді. Осы ретте аймақ басшысы сақтық шараларына мән беруді ұмытсақ, көзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндірері анық екенін, оны тек сақтану арқылы ғана жеңе алатынымызды қаперге салды.
Әрбір сөзін аз да саз салмақты сөзбен жеткізген Гүлшара Әбдіқалықова «Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қалдыра тұрайық. Денсаулығымыз бәрінен қымбат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қарапайым қағидатты ескерейік: маска, антисептик және арақашықтықты сақтау. Саулық сақтықта екенін естен шығармайық» деп түйінді сөзін Сыр жұртына арнады.
Шынында қоғамның бүкіл тамыр қағысын бақылап отырған аймақ басшысы үшін елдің амандығы, халықтың денсаулығы маңызды екені айтпаса да түсінікті. Біз күнделікті ақпараттық бағытта басылымда осы дерт жайлы қаншама ел ағаларының, зиялы қауымның, дәрігерлердің, мамандардың келелі ойлары мен керекті кеңестерін, кеселден сақтану жолдарын үзбей жазып келеміз. Ақпарат майданында да осы пандемия дертімен күрес былтырдан бері толас таған емес. Әлеуметтік желіде де халықты құлақтандыратын мәліметтер жеткілікті. Сынап та жазамыз, сырласып та жазамыз. Шынында ағайындар бұл індет ешқандай адам бей-жай, жауапсыз, салғырт қарайтын дүние емес. Бұл – өмір мен өлімнің бетпе-бет келген қатерлі тұсы. Сен сақтанбасаң, жақыныңды, ұрпағыңды қорғамасаң, ажал саған кез келген уақытта ауыз салуы мүмкін. “Вирус” деп аты айтып тұрғандай, онымен күрес сағат емес, сәт санап үдей беруі керек. Сол үшін дәрігерлердің ақылына барынша құлақ түріп, кеңестерін әскери бұйрық деп қабылдаған жөн. Шегінуге жол жоқ. Жаза бассақ, жайпайтын жау айналада жүр.
Алақандай біздің Жалағаш ауданының өзінде бүгінде өршіген індеттің салдары өте ауыр болып тұр. Иек астында тұрған Сырдария ауданы «қызыл аймаққа» енгені қашан. Соған қарап бағамдай беріңіз. Ал мамандар, яғни дәрігерлер бүгінде бұл қиын ахуалға дайындық үстінде. Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы А.Маханбетова қазіргі дайындық шараларына тоқталды.
– Эпид ахуалдың күрделенуіне байланысты ОДСБ №165 «Инфекциялық төсек-орындарын қайта бейімдеу» бұйрығына сәйкес 15 сәуірден бастап аудандық аурухана төсек орындары қайта бейімделіп, 40 төсек орын инфекциялық, оның ішінде 6 төсек орын реанимациялық болып бекітілді. Стационар ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларының талаптарына сай «Таза» және «Лас» аймақтарға бөлінген, жауапты болып 2 дәрігер, 10 мейірбике және 5 кіші аяжан бекітілді. Аталған 40 төсек орында қазіргі таңда 20 науқас ем алуда, оның ішінде «КОВИД» теріс мәнді 10 науқас, оң мәнді 10 науқас. Бекітілген протокол бойынша ем жүргізілуде,–деді ол.
Қазақта “Жаман айтпай жақсы жоқ” деген бар ғой. Біз жетекші дәрігерден аудандағы эпид ахуал күрт күрделенген жағдайдағы дайындық шараларына тоқталуын сұрағанымызда ол Дәуімбай емханасы 50, жұқпалы аурулар бөлімі 50, Мәдениет ауылдық ауруханасына 100, барлығы 200 қосымша инфекциялық орын жасақтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар коронавирус пандемиясына қарсы күреске аудан бойынша 25 дәрігер, 140 орта буын қызметкер, 20 кіші аяжан жұмылдырылмақ екен. “Әрине былтыр тыныс алу аппаратынан тапшылық болғандығын байқадық” дегенімізде бас дәрігер биыл ол мәселенің шешімін тапқанын алға тартты. Оның айтуынша, биыл жасанды өкпені желдету (ӨЖЖ) ИВЛ аппаратының саны 14-ке жеткен. Қазіргі таңда осы аппараттың 4 данасы инфекция, 1 данасы перзентхана, 1 данасы қабылдау бөлімінде, 8 данасы орталық аурухананың реанимация бөлімшесіне орналастырылғанынан хабардар етті.
Бұдан бөлек 2 дана рентген, 2 дана флюрограф аппараты, 44 дана оттегі концентраторы, 70 дана оттегі баллондарымен, 149 дана пульсоксиметр, 54 дана бесконтактный термометр және арнайы құрал-жабдықтармен толығымен жабдықталғанын айтты. Сонымен қатар былтыр мәселеге айналған бір реттік медициналық бұйымдар қоры жабдықталып отырғаны көңілге демеу болды. Бұл мәселе төңірегінде де сала жетекшісі сақтық шараларына дайындықты саралап өтті.
– Былтырдан жинаған тәжірибемізбен көптеген мәселелерді назарға алып, сақтық шарасына қажетті қорғаныш құралы, дәрі-дәрмек қорын жасақтадық. Қорымызда қазір 125 940 дана бетперде, 19 500 дана медициналық қолғап, 396 дана қорғаныш көзілдірігі, 1231 дана шит маска, 4560 дана респиратор бар. Залалсыздандыру заттары: олар қолға арналған антисептик сұйық түрінде 767 литр, таблетка түрінде 78 590 данасы бар. КВИ инфекция мен пневмонияға қарсы антибиотиктердің 4 000 000 тенгеге қоры бар. Медицина қызметкерлеріне жеке қорғаныш құралдарынан барлығы 2198 обаға қарсы қорғаныш киімдерінің қоры жасақталған. Оның ішінде бір реттігі 2028 дана, көп реттігі 170 дана, – дейді бас дәрігердің міндетін атқарушы.
Қазақта «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе? Дендеген дертпен күресте дәрігердің пәрмені бәрінен мықты. Бұл дертпен күрес – майдан алаңы. Майдан алаңында бұйрықты дәрігер шығарады. Сондықтан ақ халаттылардың пәрменіне бағынғанымыз жөн.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА