» » Вакцина – тығырықтан шығар тиімді жол

Вакцина – тығырықтан шығар тиімді жол

Өткен жылы жалғанды жалпағынан басып жүрген талай жайсаң мен жақсының өмір қуатын тауысып, ажал қақпанына түсіріп, жансебіл еткен тәжтажал індеті биыл тағы да екпін ала бастады. Екпін алғаны емей немене қас пен көздің арасында өзінің зәрлі уытын жайып, ұядағы балапандарымызға да қауіп төндіріп жатыр. Қазақта «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген нақыл бар. Ал бұл дерт керісінше, көзге көрінбейтін белгілерсіз-ақ жылдам таралып үлгеріп, қасіретіңді қалыңдататынын көзбен көріп, көңілге тоқып жүрміз.

Тажал вирус елімізге алшаңдап кіріп, адам бойына тұтқиылдан жа­бысып, жасты да, кәріні де дел­сал күйге түсіріп, тіпті ағзасы әлсіз адамдарды өзінің құрбанына ай­нал­дыруда. Алыстан орағытпай-ақ, екі-үш күнде аурудың тәу­лік ішінде таралым деңгейін ба­ғамдасақ, жа­ға ұстарлық жағдайға көз жет­кізесіз. Мәселен мамандар ұсын­ған мәліметке жүгінсек, біздің об­лыста бір тәулікте 17 сәуірде 75, 19 сәуірде 35 адамнан вирус оң нәтиже көрсеткен. Дәл осылай ауру пәрмені үдей берсе, былтырғы ахуал­ға қайта қауышуымыз мүмкін.

Ал біздің алақандай ауданның өзінде бірнеше күннің ішінде 43 адам­ның бойынан осы қауіпті дерт табылған. Оның 17-сі мек­теп оқушылары болса, қалай жаның жай табады? Уақыт өткен сайын кесел жұқтырғандар саны артқанмен, жергілікті тұрғындардың бұл жағдай қаперіне де кірмейтіні ойландырады. Мейрамханаларда, үйлерде жасырын той-томалақ та үзілмей отыр. Арнайы жа­сақ­талған мобильді топпен сән-сал­танаты жарасқан талай той дастарханы жиылып, тойшыл қауым таратылды. Оны айтасыз қо­ғамдық орындарда, халық көп жиналатын жерлерге бетперде ки­мей, ара қашықтықты сақтамай арты қасіретке айналдыратын дерт­ке көпшілік бүгінде пысқырып та қарамай жүр. Былтыр да алып-қашпа әңгіменің құрбаны болғанымыз қаперімізден шығып кеткендей. Енді қазір сол тосыннан келетін қатерден қорғайтын вакцинаны тәжірибелі ға­лымдар ойлап тауып, жаппай екпе салуды қолға алып жатса, әлеуметтік желіден келетін түрлі бейнежазбалар мен қауесеттерге иек артқан көпшілік оған аттандап қарсы шығуда. Қазір “қызыл аймаққа” енген өңірлер санында да өсім бар. Сыр өңірінің де “сары аймаққа” енуі сүйіншілейтін жағдай емес. Ал мамандар дертті дендетпеудің тиімді жолы вакцина екенін айтады.

Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы А.Маханбетованың айтуынша, ко­ро­новирусты инфекцияға қарсы вак­цина салу 9-наурыздан бастап іске асырылуда. Аудан бойынша бүгінде бұл екпені 500 адам алып үлгерген.
–Алғашқыда 100 доза ке­ліп, яғни 9-наурызда 25 адамға, 10-наурызда 40 адамға және 11-наурызда 35 адамға салынды. Ек­пе алғандар қатарында медицина қызметкерлері, мұғалім, мемлекеттік қыз­меткерлер және басқа да топ­тағы адамдар бар. Екпе алған кісі­лер­дің бүгінде жағдайлары қа­на­­ғаттанарлық. Олар 3 күн бойы дә­­­рігер бақылауында болды. Ба­қылау барысында жанама әсерлер байқалмады.

Арасына 21 күн салынып 30-31 наурыз аралығында вак­ци­на­ция­лау­дың 2-ші кезеңінде ОДСБ 400 до­за вакцина келіп, медицина, іш­кі істер бөлімі, мемлекеттік қыз­мет­керлерге, мұғалімдерге, сту­дент­терге салынды, – дейді бас дәрігер.
Иә, ақ халатты жандар ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолы вакцина салдыруда дейді. Гиппократтың ан­тына адал дәрігерлерге де құлақ асқанымыз жөн болар. Қалай десек те, қауіпті кесел айналамызда жүр. Қорғана білейік, төңірегіміздегі жа­қындарымызға қамқоршы бо­лайық. Сол үшін ағайын, қырандай қырағы болып, сақтық шараларын қаперге алайық. Жау жоқ демейік, ол жар астында жүргенін ұмытпайық.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

20 сәуір 2021 ж. 429 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930