» » Апаттан келген ажал

Апаттан келген ажал

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері бұл. Күре жолдағы көлік апатын сан мәрте қаузасақ та әзірге айтарлықтай нәтиже байқалмайды.
Бұған дейін жазылғандай Жалағаш-Қызыл­орда бағытына жолаушы тасымалдайтын так­си қызметін бір жүйеге келтірудің әзірге нә­ти­жесін көрмедік. Қала мен аудан орталығын бай­ланыстыратын көлік иелерінің 100-ден ас­тамы ғана мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде заңды тіркелсе, заңсыз такси қызметінде жүргендердің нақты саны белгісіз. Осы мәселеге байланысты құрылған арнайы жұмыс тобы жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүрген такси жүргізушілерін анықтап, заң талаптарын бұзғандарға айыппұл да салынды. Бірақ бұл жол-көлік оқиғасына тұсау болмай тұр.
Өздеріңізге белгілі жуырда аудан жұрт­шы­лығын дүр сілкіндірген көлік апаты орын алды. Оқиға 4 наурыз күні Қалжан Ахун ауылы тұсында «Қызылорда-Жалағаш» тасжолында болған. «Ваз-21214» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, «Opel Vectra» көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында үш адам көз жұмып, тағы бес адам ауыр дене жарақатын алды. Жалпы, қоғамның басты байлығы – адам және оның денсаулығы мен өміріне жауапсыз қа­рағанның салдарынан осындай өкінішті жағ­дайлар жиілеуде.
Мамандардың сөзінше, рулі оң жақта орна­лас­қан және сырғыма есікті автокөліктерге такси қызметін атқаруға тиым салынған екен. Тағы бір айта кететін жайт, қазір такси жүргізушілердің дені жиырмадан жаңа асқан тәжірибесі жоқ жастар. Жастыққа тән алып-ұшқан көңілмен жолаушыларды діттеген жерлеріне жермен емес, «аспанмен» апарып, әкелетіндер де осылар.

Рас, кейде шұғыл шаруамыз болғанда қо­ғам­дық көлікке отырмай, жолақысы қымбат болса да, аудан мен қаланың аралығына такси қызметін пайдаланымыз. Осындайда байқайтынымыз, жүр­гізушілер жолаушылардың талабымен са­нас­пайды. Мәселен, бұрылыс-бұралаңы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жыл­дамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескер­туін құлағына да ілмейді. Оған себеп, осы ба­ғыт­та қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті кезекке таласып, қоғамдық ортада жаға жыртысып, бірі-біріне балағат сөздер айтып жатқандарды талай көріп жүрміз. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан такси жүргізушілері осы аралыққа бір күнде екі-үш мәрте қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сол үшін олар тізгіндегі темір тұлпарды жүйткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуді көздейді.
Жол қозғалысын реттейтін полиция бөлі­мін­дегі мамандардың сөзінше, жол-көлік оқи­ға­ларын азайту, алдын алу бағытында бір­неше рет «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртіп», «Жаяу жүргінші» секілді іс-ша­ралар ұйымдастырылған. Алайда жүгенсіз кеткен жүргізушілердің жол поли­циясының ескертулерінен де, қайғылы оқи­ғалардан сабақ алар түрі жоқ. Мөңке бидің “темірден болар ажалың” дегені осы автокөлікке қатысты ма деп ойлайсың. Ең өкініштісі, жол апаты салдарынан қанша жас қыршын кетіп, ата-ана баласынан, жас жұбайлар сыңарынан айы­рылуда.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

11 наурыз 2020 ж. 393 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930