ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ
Біраз уақыт бұрын шалғайда орналасқан бұл елді мекенге барам деушілер көлік таппай сандалып, шарқ ұратын. Өйткені, аудан орталығына жолаушылар тасымалдайтын көлік мәселесі бір жолға қойылмаған еді. Кей ауылдардағыдай келім-кетім такси де қарастырылмаған. Жаңадарияға барып-келетін адам бергі жағындағы көрші Есет батыр ауылына жетіп, ары қарай жолай өткен жеңіл көліктерді торуылдайтын. Бағыңызға қарай машина кездессе жақсы, кездеспесе жаяулатып жетіп аласыз не болмаса тамыр-таныстарды мазалайсыз. Жарайды, бұл күндер өтті. Тақырыпқа ойысайық.
Биылғы жаңа жыл жаңадариялықтарды жағымды жаңалығымен қуантты. Күн тәртібінен түспей келген көлік мәселесі шешілді. Ауыл тұрғыны «Газель» көлігімен жолаушыларды апта бойына тасымалдайтын болды. Жалағаш аудандық «Маржан 2002» ЖШС автостанциясының басшысы Марат Оспановтан анығын сұрадық. «Жаңадариядан қатынайтын маршрут жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қосалқы бөліктеріне, жанармайына қаржы бөлінеді. Бұдан былай жолаушылар тасымалдайтын көлік субсидияланатын болғандықтан уақытылы, үзіліссіз халыққа қызмет көрсетеді», – дейді автостанция басшысы. Ауыл тұрғындары да мәселенің шешілгеніне дән риза.
– Ауылдағы ағайынның көп шаруасы аудан орталығында. Әсіресе, мұғалімдер қауымы көлік таппай әбігерге түсіп жүретін еді. Шүкір, тұрғындар өтініші оң шешімін тапты. Ауылдағы көлік тұрақты түрде қатынап тұр. Елдің тілегі еленгеніне қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Оразбек Желдербаев.
Айта кетейік, алдағы наурыз-сәуір айларында ауыл мен аудан арасына қатынайтын тағы бір көлік бөлінеді деп жоспарлануда. Егер осы іс дер кезінде орындалатын болса, жаңадариядағы жағдай біршама реттеледі.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.