Жолда жүру: ереже бәріне ортақ, қағида жалпыға бірдей
Жуырда аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі аудандағы такси жұмысын ретке келтіру мақсатында «Такси» профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Айжан Назарбаеваның айтуынша, іс-шара барысында такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылық анықталған.
– Профилактикалық іс-шараның мақсаты – аудан көлемінде такси ретінде жолаушыларды тасымалдауға аудандық салық органдарында кәсіпкер ретінде тіркеліп, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде, яғни рейс алдындағы техникалық қарап-тексеруден өтпеген және рейс алдындағы медициналық қарап-тексеруден өтпеген жүргізушілерді анықтау. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу және жолаушы тасымалдаушы автокөліктердің жүргізушілерінің тасымалдау заңдылығын тексеріп, жүргізуші тарапынан заң бұзушылыққа жол бергендерді анықтау. Осы тұрғыда оларға қатысты заңдылықты бұзғандары үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабына сәйкес, әкімшілік шараларын көріп, алдағы уақытта заң бұзушылықтарына жол бермеу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді ол.
Айта кетейік, алдағы уақытта да құқық бұзушылық деректерін анықтау мақсатындағы рейд жұмыстары жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, өңірде «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» атты профилактикалық іс-шара да өткізілгенін айта кеткен жөн.
Жалағаш АПБ-нің Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен аудандағы жаяу жүргіншілердің жүру қауіпсіздігін сақтау және олардың қатысуымен жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытындағы бұл жұмыстардың нәтижесі де жаман емес.
Рейдтің алғашқы 3 күнінде 29 жол жүрісі ережелерін бұзған азаматтар анықталыпты. Ал, іс-шара қорытындысы бойынша ережеге мән бермегендерге тиісті хаттама толтырылған.
«ЖЖ» ақпарат.