Жол апаты қайтсе азаяды?
Соңғы кезде апатқа әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Мөңке бидің “темірден болар ажалың” дегені осы автокөлікке қатысты ма деп ойлаймын. Ең өкініштісі, жол апаты салдарынан қанша жас қыршын кетіп, әке баладан, ана жарынан айырылуда. Елімізде жол апаты салдарынан қаза тапқандар санының өскені сонша, мамандар Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады
30 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖАРАҚАТ АЛҒАН
«Егемен Қазақстан» газетінде Ш.Жылқыбаеваның «Жол-көлік оқиғасын азайтудағы шетел тәжірибесі» атты мақаласындағы: «Республика жолдарында қаза тапқандар санының өскені сонша, Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады мамандар» деген сөзі дене түршіктіріп жіберердей. Мәселен, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Осының бәріне кім кінәлі? Сапасыз салынған жол ма, арқасы қозған жүргізуші ме? Дегенмен жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, желмен жарысқан «шумахерлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы, ішімдік ішіп, есірткі қолданып рөлге отыруы және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі секілді факторлар жол апатына әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, көліктің максималды жылдамдығын 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемиді екен. Мәселен, қалада рұқсат етілген максималды жылдамдықты 60 км/с-тан 50 км/с деңгейіне жеткізіп, ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 пайызға азайтатынын зерттеушілер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 пайызға дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 пайыз деңгейге түсіретін көрінеді. Осы мәселені назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік жүргізгендерге берілетін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Енді мас күйінде көлік басқарғандар бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Қызылордадағы ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ
Соңғы жылдарда Сыр өңірінде жол-көлік оқиғаларының саны артып кетті. Соның салдарынан жол апатынан қаза болғандар мен зардап шеккен адамдар көбейді. Өткен аптаның өзінде Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылы бойында «Тойота Камри» маркалы автокөлігінің жүргізушісі «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін сол қапталынан соғып өтіп, көлік құралын басқаруға ие бола алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдардың ажалына себепші болды. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, 2 адам медициналық мекемеге жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша ауруханаға түскен 10 жасар бала да жансақтау бөлімінде қайтыс болыпты. Өкінішті...
Естеріңізде болса, жыл басында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында аймақтағы жол-көлік оқиғалары кеңінен талқыланды. Онда өткен жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасының саны 20 пайызға өскендігі және жол апатынан қаза болғандар саны – 11, ал зардап шеккендер саны 22 пайызға көбейгені айтылды.
Өткен жылдың қазан айында төрт адамның өмірін қиған жол апаты орын алған болатын. Сондай-ақ 2018 жылдың қараша айында Қызылорда облысында екі автобус соқтығысып, оқиға орнында үш адам көз жұмған еді.
Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Алайда әзірге айтарлықтай нәтиже байқалмайды. Десе де жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, ересектердің барлығы жаппай автокөлік тізгіндеген заман болған соң, жаяу жүргіншілер көшенің қай бөлігінде жүрсе де қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаны абзал. «Сақтанғанды – сақтайтынын» ұмытпайық.
ЖАЛАҒАШТАҒЫ ЖОЛ КӨЛІК ОҚИҒАСЫ
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, биылғы жылдың 10 айында аудан көлемінде жол қозғалысы ережесіне қатысты 3180 құқық бұзушылық тіркелген. Орын алған 15 жол-көлік оқиғасы салдарынан 26 адам жарақат алса, 2 адам қайтыс болған. Ал мас күйінде көлік басқарғандар саны – 19.
Жол қозғалысын реттейтін полиция бөліміндегі мамандардың сөзінше, жол-көлік оқиғаларын азайту, алдын алу бағытында бірнеше рет «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртіп», «Жаяу жүргінші» секілді іс-шаралар ұйымдастырылған. Осыған қарамастан көліктен келетін қауіп-қатер азаяр емес. Мәселен, биыл аудан көлемінде жол-көлік апаты 5-тен 14-ке, жарақат алғандар 3-тен 26-ға өссе, қаза тапқандар саны 3-тен 2-ге кеміген.
КІМНІҢ МӘЛІМЕТІНЕ СЕНЕМІЗ?
Жол-көлік оқиғасы жиілегені жасырын емес. Бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Алайда осыған қатысты аудандық аурухананың берген мәліметі тым басқа болып шықты. Ауданның бас дәрігері Әсия Бекбергенова ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасына қатысты 25 жағдай орын алып, жедел-жәрдем арқылы ауруханаға 40 адам жеткізілген. Олардың ішінде ауыр және орташа жағдайда дене жарақатын алған адам саны – 30. Бірақ қайғылы жағдай орын алмаған. Кімнің мәліметі шындыққа жанасады? Бұл жайында алдағы уақытта тиісті саланың мамандарынан жауап күтеміз.
ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?
Қазір Жалағаш-Қызылорда бағытына жолаушы тасымалдайтын 111 такси ғана мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде заңды тіркелсе, заңсыз такси қызметінде жүргендердің нақты саны белгісіз. Осы мәселеге байланысты құрылған арнайы жұмыс тобының бақылауының нәтижесінде жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүрген такси жүргізушілері анықталып, ескерту жасалып келеді. Тіпті ескертуді елемегендерге заңға сәйкес айыппұл да салынды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары рулі оң жақта орналасқан және сырғыма есікті автокөліктерге такси қызметін атқаруға тиым салынатынын айтады. Заң талаптарын орындауға, ережелеріне бағынуға тиіспіз. Өйткені қоғамның басты байлығы – адам және адамның денсаулығы мен өмірі. Сосын тағы бір айта кететін жайт, қазір такси жүргізушілердің дені жиырмадан жаңа асқан тәжірибесі жоқ жастар. Жастыққа тән алып-ұшқан көңілмен жолаушыларды діттеген жерлеріне жермен емес, «аспанмен» апарып, әкелетіндер де осылар.
Рас, кейде шұғыл шаруамыз болғанда қоғамдық көлікке отырмай, жолақысы қымбат болса да аудан мен қаланың аралығына такси қызметін пайдаланымыз. Осындайда байқайтынымыз, көп жүргізуші жолаушылардың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жылдамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескертуін құлағына да ілмейді. Оған себеп, осы бағытта қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті кезекке таласып, қоғамдық ортада жаға жыртысып, бірі-біріне былапыт, боқтық сөздер айтып жатқандарды талай көріп жүрміз. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан такси жүргізушілері осы аралыққа бір күнде екі-үш мәрте қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сол үшін олар тізгіндегі темір тұлпарды жүйткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуді көздейді.
ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ДЕ АЙТАРЫ БАР
Жоғарыда айтқан такси қызметіндегілер жол апатының жиілеуіне жолдың сапасыздығы да сеп болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда Жалағаш-Қызылорда бағытындағы жолдың сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. Қалжан ахун ауылынан әрі ассаңыз болды, шұрық-тесік жолдарға тап боласыз. Қалаға күніне екі-үш мәрте қатынайтын жүргізушілер бұл жолды жаттап алған. Оқыр-шоқыр жолды қуалап, көліктің доңғалағын жолдағы шұңқыр-тесікке түсірмей зулап өтіп кетеді. Бірақ сол шұрық-тесік жолдан қашамын деп, талай адам қарсы беттегі көлікке де соқтығысты емес пе? Демек жол апатының орын алуына бұл да себепші болып отыр деген сөз.
Бүгінгі күні жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол жүрісін ұйымдастыру деңгейін арттыру мақсатында жолдың нашар бөліктері жаңартылып, жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Жолдың сапасыздығына қатысты мамандар биылғы қыста Жалағаш-Қызылорда бағытындағы жолға жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Айта кетейік, соңғы 1-2 жылда кентішілік және кейбір ауылға апаратын жолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тақтайдай тегіс жолдың игілігін ел көруде. Енді қала бағытындағы күре жолды жөндеу жұмыстары қолға алынса, бұл жүргізушіге де, жолаушыға да жайлы болары анық.
Түйін:
Жыл басынан бері облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол-көлік оқиғаларына тікелей септігін тигізетін құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында барлығы 12 жедел профилактикалық іс-шара өткізілген. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, осы жылдың 10 айында жол-көлік оқиғалары өсім алып отыр. Оның ішінде, халықаралық маңызы бар жолдарда 59 жол-көлік оқиғасы орын алса, онда 33 адам қайтыс болып, 84 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Бұл туралы күні кеше жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қатысты облыстың өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтылды.
Қорыта айтқанда, ең бастысы адамның амандығы маңызды. Адамды темір жеген бұл қоғамда балалар түгілі, үлкендердің өзі жолда «екі шоқып, бір қарамаса» болмайды. Темір тұлпар – бөтендікі, ал тағдыр – өзіңіздікі. Сондықтан көшеде жүрсек те, көлікте отырсақ та, тіпті аялдамада тұрсақ та жан-жағымызды зер салып, желіккен жүргізушілер тізгіндеген көліктен қашық жүрейікші...
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ