ЖАСТАР – ЖАҢАША КӨЗҚАРАСТА

Ойлап отырсам, өзімнің де мектеп бітіргеніме он жылға жуықтапты. Бірақ, біздің көзқарасымызда мұндай дүниелер емес, қызықты кештер мен үлкен отырыстардың маңызы жоғары болды. Мектеп бітіру кешін де осылай өткіздік. Ал, қазіргі түлектердің көзқарасы, ішкі түйсігі мүлде бөлек. Осыған қарап «Қазіргі жастар бұзылған» деген аға буын өкілдерінің ауызынан жиі шығатын жаттанды сөздің көнергеніне көз жеткізесің. Негізінен бұл сөздің тарихы әріде жатыр. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын табылған папирус қағазында «Қазіргі жастар бұзылған» деген грекше сөздің жазылғаны айтылады. Яғни, алдыңғы аға буын өкілдері тарапынан кейінгі буынға деген көңілі толмаушылық түсінігінің қалыптасуы бұрыннан болса керек. Сондықтан, жастар жайлы жақ ашарда олар да бұл сөздің өздеріне тиіп кетерін білсе дейміз. Бұл «Ақылың өзіңе, білмеймін, білгеннің тілін алмаймын» дегеннің кері емес. Сыннан көрі сырымен бөлісе отырып, ағалық ақылын аямайтын алдыңғы буын да баршылық әрине. Біз де олардың өмір жолы мен өнегелі насихатына налымаймыз. Керісінше, келген ізі мен жүретін жолына зер салмай кейінгі буын жайлы кейитіндерден көңіліміз қалады.
Бірді айтып екіге кеттік-ау, енді тақырыпқа оралайық. Жалпы астамшылық – бұл да жемқорлық сынды үлкен індет. Мұны Елбасымыз да өзінің бағдарламалық мақаласында ашық айтты. Ал, бұл сөздің растығына көз жеткізу үшін әріге бармай-ақ қойыңыз. Қарапайым қазақтың тұрмыстық өміріне бір сәт зер салсаңыз болғаны. Осыған дейінгі тойлардағы ас та төк дастарханның ысырапшылдыққа үндейтінін айтқан едік. Кейбір тұрғындар «Әркімнің өзі жағдайы келсе жасасын, онда тұрған не бар» деп өзімізге назын жеткізді. Жауапты сәт туғанда жеке дара бола қалатын қанымызда бар қасиет емес, қасірет. Бұл жерде кейбір астамшылыққа жол беріп, той жасайтын ағалар ісінің айналасына да жұғатынын білсе дейміз. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген қанатты сөзді қаперге алған қазақпыз ғой. «Елден қалмайық» деп ептеп банкке ентелейтін жұртым тағы бар. Айналып келгенде зардабын да көретін солар.
Соңғы жылдары астамшылық, ысырапшылдыққа қатысты насихат жұмыстары қарқынды жүрді. Менің ойымша, жастардың жаңағы бейнеролик арқылы көтеріп отырған тақырыбы соның жемісі болар. Бір қуаныштысы эстафетаны үлкен бағдарлама іспетті республиканың бір өңірінен келесі бір аймағы жалғап әкетіп жатыр. Яғни, насихат жұмыстарынан тағылым алған жастар еліміздің барлық аймағында бар. Әсіресе, олардың қатарында қызылордалық түлектердің де жүргенін көріп қуанып қалдым. Үлкендер астамшылықтың түбінде қажетсіз екенін насихаттады. Жастар да мұны түйсігімен түсінді. Енді оны іспен дәлелдеу – сіз бен бізге міндет.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.