» » Таңғы ризық Тәңірден!

Таңғы ризық Тәңірден!

Бұрынғы ата-бабаларымыздың көрегендік қа­сиеті бүгінге үлгі болуы керек. Ол үрдіс таң қылаң бере оянып, таңғы несібесін Тәңірден сұрау. Бала күнімізде аналарымыз үнемі айтатын «Алла таңмен таласып тұрған пендесіне ризығын төгіп кетеді. Күн шыққаннан соң да ұйықтай берсең бұл пәниде жоқ адамның қатарына ілігіп, несібеңді кемітеді» деп.

Ауылда ата-анамыз ерте оянып, жаз болса, түндікті ашып, таң қылаң бере ауылдың күйбең тіршілігіне кірісіп кететін. Біз ұйқымызды қимай бала болған соң көрпемізді бүркеп алып, тәтті ұйқыға кететінбіз. Ол кісілер дала қараңғы болса да ертемен шәйін ішіп отыратын. Ұйқыдан тұрғаннан кейін «Апа, неге ерте тұрасыз, ша­малы жатпайсыз ба?» дегенімде «Шырағым, мен ұйықтасын деп мал күтпейді. Оны сауып, өріске айдау керек. Нан көму керек. Оған тезек теру тағы бар. Самаурынға шоқ салу керек. Сүт пісіру керек. Оны ұйытып, айран пісіп, май шай­қау, сүзбе істеу, әйтеуір тірлік таусылған ба?» деп жылы жымиып, маған мейірлене қарайтын. Сол зер­демізде жатталып қалғаннан ба, есейе келе күн шықпай тұруды әдетке айналдырдық.

Арайлап атқан таңның шапағы шашылатын кез берекелі уақыт саналады. Кімде-кім таң ат­қан­да ояу болса, күнделікті ырыздық несібесін мо­лы­нан жинап алады деген сөзді үлкендер де көп айтатын. Әркім өз ырыздығын бір орында оты­рып табуы мүмкін емес. Ертерек тұрып, ер­те­рек қамданса Алла Тағала нәсіп етіп, дегеніне қол жеткізеді. Жалпы таңды ояу көзбен атырып, күннің шығуына куәгер болған әрбір жанның бір дүниесі бүтін болады. «Ерте тұрған еркектің ыры­сы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген атам қазақтың салмақты сөзі де ерте тұру мәселесіне бей-жай қарамау керектігін еске салады.

Мен өз басым тәжірибесі мол ана ретінде кейінгі жастарға айтар кеңесім бар. Бауырында сәбиі бар жас келіндерге ерте тұрған өте тиімді. Себебі баланың күтімі осы сәттерде көп уақыт кетіреді. Саламатты сәби өсіру үшін баланы күніне 2 мезгіл суға шомылдыру керек. Сылап-сипап, жөргөгін тазалап, таза ауада серуендету де баланың денсаулығына оң ықпалын тигізеді. Оның үстіне үйде ата-енең болса, олардың да қасы-қабағына қарап, келіндік міндетіңді адал атқарғанға не жетсін. Айналып келгенде, майда-шүйда үй тірлігімен жүргенде түскі, кешкі ас әзірлеу де бар. Ауылдық жерде күйбең тірлік мұнан да көп. Сиыр сауу, сүт пісіру, от жағу, самаурынға шай қою, нан көму...

Түндігі ашылған үйге күн сәулесімен береке, несібе мол келеді деуші еді. Бәріміз ерте тұрып, анамыздың қайнатқан сары самаурынынан, жаңа пісірілген сүт қосқан қою күрең шайды рақаттана ішетінбіз. Дастарқанда майға салған ыстық нан, құрт, ірімшік тұратын. Қазір ойлап отырсам, бар ризық пен берекелі дастарқан анамыздың аялы ала­қа­нының жемісі, таңнан тұрған еңбегінің нәтижесі екен.

Жалпы ерте ояну ұқыпты, жинақылықты қа­лай­тын адамдарға да тән қасиет. Сондықтан қамшының сабындай қысқа өмірде бәріне үлгеріп, өз несібеңді, үлесіңді өмірден алып қалу үшін таңмен таласа оянған жөн. Ерте тұру қағидасына басқа халықтар да біржақты қарамайтын көрінеді. Мәселен, ирандықтар: «Ерте тұрған адамның мақсаты да ерте тұрады» дейді. Қытайлықтар болса: «Ұйықтап жатқан адамның бақыты да бірге ұйықтап жатады» деген мәні терең даналық пікір айтқан.

Әрбір адам таңертең ерте тұрып алдына мақ­­сат қойса, дегеніне жетеді. Бүгін не істей­ті­нін таңертең жоспарлап алса, уақыты да зая кет­пей­ді. Байлығы артықтау болса, сол бай­лығын дұрыс жолға жұмсауға ертеден қамдану керек.

«Таңғы сауда – сауда, түскі сауда – қауға» деген атам қазақтың даналық сөзі бір жағынан ерте тұрып жасалған сауданың берекелілігін жет­­кізсе, екінші жағынан адамның ең үлкен ба­зары оның жастық шағын меңзегендей. Ра­сын­да, адам баласының өмір жасы күнделікті уа­қыт­тарға ұқсайды. Мәселен, сәресі уақыты мен шуақты таң уақыты адамның дүниеге шыр етіп келіп, енді өмірге беттей бастаған балалық, жас­тық шағына ұқсайды. Түскі уақыт болса адам­ның өмірге белсенді табан тіреп, өзі шешім шы­ғара алатын, кемелденіп, әбден ақылы то­лыс­қан шағы. Түс қайта бастаған уақытта адам сол қалпында, бірақ қуат кеміп, бой аласарып, күш азая бастаған кезі. Осылайша, өміріміздің түсі ауып тіземіз дірілдеп, қолымыз қалтырап, тісі­міз түсіп қалжырап тұрған кезде атқарған құл­­­шылығымыз базар қайтыстағы сауда секіл­ді болады екен. Бұл кешкі уақытты меңзеп тұр­ғандай.

Таңғы уақытымыз ұйқымен немесе басқа да болмашы тірліктермен босқа өтпесе, қан­ша жасқа келсек те, таңғы уақыттай сергек болар­мыз. Ғұмырымыз да ұзарғандай күй кешеміз. Олай болса, күлімсіреген күнді бірге оянып, мейі­ріммен қарсы алайық!

Г.ҚОЖАХМЕТОВА


08 қараша 2021 ж. 936 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930