ШОЛПАН

ÐаÑÑинки по запÑоÑÑ looking out window at night– Әй, қайдам, әке, қазір баяғы бала жоқ қой, Шолпанға армандауды, қиялдауды үйретіңдер дейсіз. Қазіргінің балалары данышпан болып жатқандарын көрмейсіз бе әлде сіз, – деп Жұман ақсақалдың жалғыз ұлы Самат таңғы астың үстінде әңгіменің бір шетін көтерген еді.
– Біздің Шолпан қазірдің өзінде ұялы телефонды меңгеріп алған. Барлық функцияларын ашып, жұмыс жасайды. Музыкасын қосады, суретке түсіреді, шынында да қазіргілер іштен біліп туылғандай, – деп Саматтың сөзін іле-шала жалғастырған келіні Салтанаттан кейін тумысынан жұрттың сөзін бөлмейтін Жұман ақсақал тамағын кернеп алды да әңгіменің ауанын тереңдете жалғастырды.
– Әй, шырақтарым, бала армандай, қиялдай білуі керек. Арманшыл бала болашақ үшін еңбек ете білетін, кездескен қиындыққа қарсы тұра алатын адам болып өседі. Армандай білген бала ойлай біледі. Ал, ойлай білген баланың ақыл-өрісі де ерекше дамиды, – деді де астың батасын беріп, орнынан тұрып кетеді.
Бұлардың Шолпан деп отырғандары осы үйдегі кішкентай бөбек болатын. Ашығын айтқанда, Жұман ақсақалдың немересі. Бұл үйдің үлкендерінің назары түгел осы балақайда болғандықтан, әңгіменің бас­ты тақырыбына айналған. Әркім өз білгенін үйреткісі келеді. Тамыз айының жиырма бесі Шолпанның туған күні. Бұл күнді үйдегілер асыға күтеді. Ал, Шолпанның өзі болса балабақшаға бірге баратын Сабинаға әкесі алып берген үлкен қуыршақты қайта-қайта әңгіме етіп қояр емес. Немересінің қызыққанын байқаған Жұман ақсақал Сабинаның үйіне арнайы барып, қуыршағын көріп, дәл сондай біреуін Шолпанның туған күніне сыйлық ретінде алып қойды. Атаулы күнге бір күн қалғанда Жұман ақсақалға бір ой келді.
– Қызым, кел, келе ғой. Мен саған керемет ертегі айтып берейін, – деп қасына шақырып,тізесіне отырғызған атасына – Ол қандай ертегі, айтыңызшы – деп үнсіз тыңдауға көшеді.
– Баяғы бір заманда осы елде қайырымды хан болыпты. Әлгі ханның тек Шолпан есімді жалғыз қызы бар екен, – деп немересіне қараса,
– Ата менің атым сияқты ғой, иә, деп жымиып күліп алды. Немересінің күміс күлкісінен кейін ертегіні баяндауды одан ары жалғасады.
– Өзі сондай мейірімді болыпты. Сұлулығы айналасына нұр шашып жүретін хан қызы кедейлер тұратын ауылдарды жиі аралап, олардың жоқ-жітігін түгелдеп, жыртығын бүтіндейді екен. Аш отырғандарға тамақ, малы жоқтарға мал беретін қайырымы мол жан болып өсіпті. Ел ішінде осылай жүргенде жазылмас ауруға шалдығып, өмірден өтіпті. Ол өлгеннен кейін аспандағы мыңдаған жұлдыздардың қатарында тағы бір ерекше жарық жұлдыз пайда болыпты. Таң сәріде ерекше жарқырап көрінетін жұлдызды халық Шолпан деп атап кеткен. Сол Шолпан жұлдызына қарап тілегіңді телесең, арманың орындалады дейтін бағзының аңызы бар. Сол себепті, «ерте тұрған адамның несібесі артық» деп жатады. Сенің атыңды Шолпан қойып, несібеңнің мол болуын тіледік құдайдан, – деп сөзін аяқтайды. Кішкентай Шолпан болса «Шолпан жұлдызын көрсем ғой, шіркін» – деп қиялдай армандап, анасына кешкілік төсек орынды далаға салдыртады.
– Күнде атасының қасына жататын Шолпан бүгін біздің қасымызға жатамын дегені саған біртүрлі қызық көрінбей ме? – деп Самат Салтанатқа таңырқай сұрақ қояды. Салтанат болса
– Білмеймін, Самат, әйтеуір, кешқұрым «төсекті далаға салшы, мен сендердің қастарыңа жатамын» – деп айналшықтап қасымнан шықпай қойды – деп әңгімелесіп жатқан әке-шешесіне қарап:
– Маған Шолпан жұлдызын көрсетіңдерші – дейді. Қыздарының наздана қойған сұрағына «Қызым, Шолпан жұлдызын таң сәріде көрген дұрыс. Ол жұлдыздардың ең соңы болып сөнеді» – деп түсіндіреді анасы. Кішкентай Шолпан болса «Онда мені сол кезде оятыңдаршы» деп өтініп, жастыққа жантая ұйықтауға кіріседі. Таң сәріде Самат пен Салтанат қыздарының өтінішін орындау үшін Шолпанды оятып: «Қызым, әне, әне, қарашы, анау жарқырап тұрған жұлдыздың аты Шолпан деп аталады» – дейді. Шолпан өзі кішкентай болса да атасының айтқандарын естен шығармайтын. Тіпті, «Бауырсақ», «Мақтақыз бен мысық» ертегілерін жаттап алған. Кешегі Шолпан жұлдызы туралы айтқан ертегісін есіне алып,
– Шолпан, маған жаңа қуыршақ керек. Атам Шолпан жұлдызына қарап тілегіңді айтсаң орындалады деп айтқан – дейді де, ұйқыға жатуға қайта кіріседі. Таң намазы кезінде Самат Жұман ақсақалға болған оқиғаны түгел баяндап береді. Ол болса жәй ғана жымиып, баласына өзі алдын ала алып жасырып қойған қуыршақты беріп, Шолпанның қасына қоюын өтінеді. Шолпан таңертең ұйқыдан тұрғанда қасындағы қуыршақты көреді.
– Ата, ата, менің арманым орындалды. Мен Шолпан жұлдызынан қуыршақ тілеген едім, ұйқыдан тұрсам қуыршағым қасымда жатыр, – деп қатты қуанады. Кішкентай Шолпанның туған күнінде қатты қуанғанын көрген Самат пен Салтанат Жұман ақсақалға разы болып, рахметтерін айтады.
Күндер осылай өтіп жатады. Бір күні Самат пен Салтанат Шолпанды алып бір жолдастырың үйіне қыдырып барады. Сол үйден келгеннен кейін Шолпан әлгі үйдің әдемілігін біразға дейін айтып жүрді. Тіпті, кешкі ас үстінде атасына қарап:
– Ата, ай ата, Шолпан жұлдызы менің тағы бір арманымды орындай ма? – деп сұрайды. Немересінің бетін қағып көрмеген Жұман ақсақал:
– Ботақаным-ау, сен не айтсаң да орындайды, – деп жауап береді. Кішкентай Шолпан болса:
– Онда маған тағы да Шолпан жұлдызын көр­се­тіңдер, бізге жаңа, әдемі үй керек деп айтамын, –­ деп әкесі мен шешесіне қарайды. Оның бұл сөзін ұна­тыңқырамай қалған Самат Салтанаттан Шолпанды жатқызуын сұрап: – Әке, айттым ғой сізге баланың басын босқа қатырмаңыз деп, енді не, ертең таң сәріден кейін біз жаңа үйді, оның үстіне бүкіл жағдайы жасалған әдемі үйді қайдан табамыз? Менің айлығым неге жетеді? – деп ренішін білдіреді. Жұман ақсақал болса «Баланы таң сәріде оятып жұлдызды көрсетіңдер, кім біледі, Жаратқанның көзі түзу болса, періштемнің тілегі қабыл болар. Ол әлі періште ғой» – дейді. Сол күні түнде өткендегідей Самат пен Салтанат қыздарын оятып, Шолпан жұлдызын көрсетеді. Кішкентай Шолпан болса өзінің дастарқан басындағы тілегін айтады. Арада екі ай уақыт өткенде Самат пен Салтанат «Қол жетімді баспана» бағдарламасы бойынша үйлі болып, қатты қуанады. Сол кезде қыздарының тілегі естеріне түсіп, Жұман ақсақалға тағы да рахмет айтып, армандарының орындалғандарын жеткізеді. Сол оқиғадан кейін өздері де таң сәріде ерте оянып, Шолпан жұлдызына армандарын айтуды әдетке айналдырады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
13 қараша 2018 ж. 1 061 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930