» » » «АҚНИЕТ» ДЕМЕГЕН АРМАНШЫЛ АЗАМАТ

«АҚНИЕТ» ДЕМЕГЕН АРМАНШЫЛ АЗАМАТ


Көпшіліктің көзайымына айналған Еркін Нарымбетовтің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Қос жанарынан айырылған азаматтың таланты талайды тамсандырып келеді. Себебі, бірінші топтағы мүгедек бірнеше музыкалық ас­пап­та ойнайды, әуесқой сазгерлігі де бар.
Бала күнгі Еркіннің арманы музыкант болу еді. Туған жер қасиетін бойына сіңіріп өскен арманшыл бала бір сәтте көзі қарауытып, жарық дүниені көруден қалды. Сол кезден бас­тап, қос жанары көру мүмкіндігінен мүлдем айырылды. Өмірге құштар жанның бала кезінен-ақ, музыкалық қабілеті байқалып, ауыл жұртшылығын өзінің қоңыр дауысымен баурап, әсем әндерімен тамсандыра бастайды. Өнерлі отбасынан шыққан Еркін осыдан кейін өмірін музыкаға арнап, өнеріне тәнті болған ауылдастарының шақыруымен тойға шыға бастады.
– Жастайымнан аппаратура ұстап үйренген адаммын. Бұрын қолданылмаған жаңа аппаратураны бір көріп, тексеріп аламын да, одан кейін өзім меңгеріп кетемін. Мысалға, музыкалық аппаратпен бірге жүретін әр дискіге өзім білетіндей кішкене белгі салып қоям. Біреуінің бір жерін жырып қойсам, ендігісіне қағаз жабыстырып белгілеп аламын, – дейді өнерпаз.
Музыкаға деген ерекше қызығу­шылығының арқасында қазақ­тың қасиетті қара домбырасымен қоса гитара мен баян да еркін ойнайды. Бүгінгі таңда бірнеше әннің авторы атанған талант иесі 2013 жылы «Ақниет» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, балаларға арналған үйірме ашты. Оның айтуынша, музыкалық білім алуға көзі көрмей, мүмкіндігі болмапты. Бірақ, бойға біткен таланты арқылы өзі осы күйсандық пен түрлі аспаптарды еркін меңгерген. Әндерді тыңдап жаттайды да, өзінің бойындағы ерекше қабілеті арқылы музыкалық аспаптардың қыр-сырымен қоса, әнді жеткізу мәнерін ауылдағы балаларға үйретеді. Әнді әрлейтін құрылғыларды өзі үйрене жүріп, өзгелерге үйретуден де жалықпаған жігіт ағасының бүгінде шәкірттері көп. Олардың алды жоғары оқу орындарында музыкалық білімдерін жалғастыруда.
Бүгінде Еркін ұялы телефонды да меңгеріп алған. Өздігімен қоңырау шалып, тапсырыс берушілермен тілдеседі. Алдағы уақытта компьютерді де үйренгісі бар. Егер көзі көрмейтіндерге арналған арнайы техникам болса, өздігіммен фонограммалар жазар едім деп армандайды. Аудан көлемінде өткізілген түрлі іс-шаралардың әнін әрлеп, музыкасын өңдейтін Еркіннің өнері дүйім жұрттың жүрегінен орын алып та үлгерді.
Оны жарымен табыстырған да осы өнер жолы. Таланты мен жігеріне тәнті болған Мархабат Еркіннің қос жанарынан айырылғанына қарамастан, оған тұрмысқа шығады. Мүмкіндігі шектеулі жанның өнерін қадір тұтып, қөзінің қос шырағына айналған Мархабатпен отау құрғанына да 15 жылға жуықтаған. Жарасымды жұп иелері 4 бала тәрбиелеуде. Бүгінгі таңда жүрек сырын әнмен өрнектеген жан еңсесін биік ұстап, қиындықтың бәрін еңсеріп келеді. Міне, өмірге құштар азамат шәкірт тәрбиелеп, өзгелерге үлгі болып жүр. Күйсандықтың әр нотасын дөп басып, әуелете ән шырқайтын оның шәкірттері талай додаларда топ жарып, ұстазының мерейін өсіруде. Ол үшін бұл өнер жүрек сырын жеткізудің тетігі ғана емес, табыстың да көзі. Себебі, ол жиын-тойда ән шырқап, тапқан қаражатымен ел қатарлы отбасын асырап келеді.

Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
08 қыркүйек 2018 ж. 936 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930