» » » ӨНЕРДІҢ ЖАЙЛАУЫНДА ЕР МЕН БАТЫР

ӨНЕРДІҢ ЖАЙЛАУЫНДА ЕР МЕН БАТЫР

Жастардың өнерге деген құлшынысын көріп, көңіл сүйсінеді. Бірі білімімен биікті бағындырса, енді бірі күміскөмей әнімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Солардың бірі – «Жалағаш аудандық балалар әуез мектебі» жанынан құрылған «Ер-Ай» дуэті.

Дуэт 2 өнерпаз оқушыдан құралған. Оларға балалар әуез мектебінің директоры Рахым Досмановтың өзі жетекшілік жасайды. Ән шырқаудың қыр-сырын үйретіп, киелі сахна мәдениетін сақтауға тәрбиелейді. Дуэт мүшесі Ермұхамед Әлімбет әуез мектебінің домбыра класында оқыса, Айбатыр Темірбек домра-прима бағыты бойынша білім алады. Өнерлі өрендер бар-жоғы 2 жылдың ішінде қазақтың ұлттық аспаптарын еркін меңгеріп алды.
Аталған дуэт 2016 жылы құрылған. Жас әншілердің репертуарында бірнеше эстрадалық және патриоттық әндер бар. Музыкалық әуенді әрлеп, орындаушылық мәнерін қалыптастырған ұстазы Р.Досманов өнерлі жастардың болашағынан зор үміт күтеді. Себебі, жас өрендердің бүгінгі аяқалысы жаман емес.
– Ермұхаммед Әлімбет қазір №201 мектеп-лицейінің оқушысы. Екі жылдан бері аудандық балалар әуез мектебінің домбыра класында Ақтолқын Шампикова есімді тәжірибелі ұстаздан дәріс алады. Алғаш рет 5 жасында патриоттық әндер байқауына қатысып жеңімпаз атанды. Ал, Айбатыр Темірбек. №202 орта мектептің озат оқушысы. Аудандық, мектепішілік жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып келеді. Ол 1-сыныптан бастап біздің мектепте домра-прима класында белгілі оқытушы Мария Баекешовадан текті өнердің қыр-сырын үйреніп жүр. Болашақта әуез мектебін бітіріп, арнайы жоғары оқу орнында музыкалық білімін жалғастырса, олардан елге белгілі өнер иелері шығатынына сенім мол, – дейді дуэт жетекшісі Р.Досманов.
Жас өнерпаздардың осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Бірі «Бақытты елдің ұрпағы» қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» атты байқауында «Вокал» номинациясы бойынша жоғары деңгейде өнер көрсетсе, ал енді бірі «Елбасы – ел тірегі» атты өлеңдер байқауында 3 орынды, аудандық «Ұрпағы ұлықтаған тұлға» атты балалар шығармашылығы әндері байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Олардың сахналық киімін алуға өткен жылы аудандық кәсіподақ басшылығы демеуші болса, биыл елімізге белгілі кинотанушы Гүлзат Көбек арнайы костюм алуға қаржылай сый-құрмет көрсетті. Қазір олар аудан көлемінде ұйымдастырылатын мерекелік және мәдени-көпшілік шараларда өнер көрсетіп жүр.
Айта кетейік, бұл дуэттің әнін алғаш рет аудан әкімінің дарынды жастармен кездесу іс-шарасында тыңдадық. Екеуі де сахнада өздерін еркін сезініп, патриоттық әнді нақышына келтіре орындады. Балалардың өнеріне тәнті болған көпшілік орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті. Осылайша, жас та болса өнерімен дүйім жұртты тамсандырған балалар қазақ әндерін әуелете шырқап, елдің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Нұрсұлтан Алпысбайұлы,
Маханбет ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет).


19 мамыр 2018 ж. 1 085 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930