ТЕГІН ІРІМШІК ТЕК ҚАҚПАНДА
«Байлықтың жолын көрсетуге көмектесеміз, тек жұмысқа деген ынтаңыз бен ниетіңіз болса жеткілікті. Хабарласыңыз!», «Ақша сал да еселеп қайтар», «Берешектен құтылуға көмектесеміз» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Ал хабарласа қалсаңыз, хал-жағдайыңызды біліп, қандай шешімге келгеніңізді сұрап әлек болады. Бірінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине, олардың жұмысы да сол, адам шақыру арқылы ақы алады. Осы сипаттағы жарнамалар әлеуметтік желілерде де жетіп артылады. Себебі, бүгінде көбінесе адамдар тез әрі жеңіл жолмен табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді армандайды. Бірақ қайдан…
Елімізде алғаш қаржылық пирамида пайда болған 90-шы жылдардан күні бүгінге дейін оның құрбандарының қатары күн санап артып келеді. Мемлекетімізде қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардтарға дейін барады. Жалпы қаржылық пирамидалар ешқандай өнім немесе тауар ұсынбайды, айналымда тек ақша жүреді. Бұл жердегі іс-әрекет мынадай екен, сіз алдымен белгілі бір сомада ақшалай салым саласыз, яғни неғұрлым көбірек болса, табыс та соғұрлым молырақ деген сөз, сонан соң артыңыздан тіркелген жандардың салымының есебінен пайыздық үлес алып отырасыз. Салымшылардың саны көбейген сайын табыс та еселене береді. Аталған жүйеде бір нәрсе анық, пирамиданың бас жағында тұрған салымшылардың қалтасы қалыңдайды да, соңғылары тақырға отырады. Жалпы мұндай компаниялар қомақты қаржыларды уәде еткенімен, оның қалтаңызға сап ете қалатынына ешқандай кепілдік бермейді. Тақырға отырушылар қатарының көп болуы да сол себепті. Мұндай ұжымдар біраз қаржыны жымқырып болған соң жабылады да, тайып тұрады. Әлбетте, мұндай компаниялар лицензиясыз жұмыс істейді. Себебі оның өкілдері өздерінің қызмет түріне мұндай қағаздың қажеттілігі жоқ деп сендіреді. Тіпті олар салық органдарына да тіркелмеуі мүмкін. Сондықтан аталған қаржылық пирамидаларға қаржы салу – тәуекелге бел буу деген сөз. Себебі, сіздің қалтаңыздың жұқаруы әбден мүмкін жағдай.
Жылдан-жылға қаншама адам ақшасынан айырылса да, мұның бәрі алдау үшін жасалатын қаржылық пирамидалар екені туралы қаншама мақалалар, пікірлер, нақты мысалдар жарық көріп, қанша профилактикалық шаралар өтсе де бүгінде осының бәріне сеніп, алаяқтардың шырмауына түсіп жатқан адамдардың саны азаяр емес. Керісінше, елімізде күн сайын жаңа қаржылық пирамидалардың саны артуда. Қаржы саласында алаяқ болатын адам да ақымақ емес. Сондықтан мүмкіндігінше алданбаудың жолдарын қарастырған дұрыс. Осы орайда апта басында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қайрат Ахметовпен және аудан тұрғындары, студент жастардың қатысуымен ауданымызда қаржы пирамидасын анықтауға байланысты кездесу болып өтті.
Кездесу барысында қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабымен және ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабымен қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті және де қаржы пирамидасының негізгі белгілерін айтып өтті. Атап айтсақ, қаражаттың елеулі сомасын салу қажеттілігі, ірі пайыздарды және салынған ақшаны тез қайтаруды уәде ету, төлемді алу үшін таныстарыңызды тарту керектігі, қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын қолданбай, интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін пайдаланады, жоба «ноу-хау» ретінде ұсынылады және мұндай компаниялардың лицензиясы жоқ.
Кім не десе де оңай жерде алтын жатпайтыны бәрімізге белгілі жайт. Ақша табу үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бақыттан бас айналдырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау секілденбей, қандай да бір компанияға тіркелмес бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара-жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс болар дегім келеді.
Жандос Жазкен