"Әр вагон үшін 500 мың теңге талап етті": ҚТЖ қуаңшылық жайлаған аймақтарға шөп жіберу үшін еріктілерден ақша сұраған
Түркістандық еріктілер құрғақшылық өршіп тұрған елдің батысындағы шаруаларға шөп жібере алмай әлек. Еріктілер маңызды жүкті тасымалдауды "Қазақстан темір жолы" компаниясы өз мойнына алатынына сенімді болған. Кез келген жағдайда көмектесеміз деп уәде бергенін де айтады. Алайда кенеттен тасымалдаушы қайырымдылықпен айналысқысы келмей қалған. Енді еріктілерден тіпті қарапайым вагондарға ақша төлеуді талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Түркістандық еріктілер Маңғыстау облысында қиын жағдайда қалған шаруалары үшін шөп жинаған. Олар мұнай аймағындағы аштықтан қырылып жатқан малдарды құтқарғылары келген. Еріктілер өмірлік маңызы бар жүкті тасымалдау бойынша барлық шығындарды “Қазақстан темір жолы" компаниясы өз мойнына алуға уәде бергенін айтады. Нәтижесінде олар бірден бес вагон шөп тиеген. Бірақ жібермес бұрын тасымалдау кенеттен ақылы болып кеткен.
“Кеше осы бес вагонды жөнелтетін болғанбыз, бірақ аяқ астынан бізге: "Жағдай өзгерді, енді тасымалдау үшін өздерің төлеулерің керек" деп айтты. Әр вагон үшін 500 мың теңге талап етті. Сондай-ақ жай вагон үшін 100 мың қажет. Біз оларды екі күн бойы тиедік. Сондай-ақ, "біз сіздерге есептегіш қойдық, күн сайын сома өсіп отырады" деді”, – дейді еріктілер.
Бүкіл өңірді құтқару туралы сөз болғанда ұлттық компания шетте қалмайтынына сенімді болған олар, енді алаңдаулы. Қазірдің өзінде жүк тиелген вагондардың жанында ондаған тиелген шөп жатыр. Енді еріктілер мұның бәрін елдің екінші шетіне қалай жеткізу керектігін білмей әлек. Егер тасымалдауға ақша төлейтін болса, келесі партияға ақша қалмайтынын айтады.
“Қазіргі уақытта менде 7 миллион теңге бар. Бұл ақшаның барлығын қарапайым адамдар жібереді. Біз бұл ақшаға шөп сатып аламыз. Егер жүкті тасымалдауға ақша төлейтін болсақ, бүкіл жиналған ақша соған кетіп қалады. Онда оның несі көмек болмақ”, – Сайлаубай Мейірбеков.