2020 жылды "Еріктілер қозғалысының жылы" деп жариялауды қолдаймын - ҚР Президенті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өтіп жатқан жастар форумы барысында 2020 жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялауды қолдайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда жаңадан ашылған Жастар сарайындағы форум барысында еріктілермен кездесті. ҚР Президенті елдің болашағы жастардың қолында екенін тағы бір еске салды.
«Жас достар! Бүгін мен барлықтарыңызды осы залда қауыштырғаныма қуаныштымын. Сіздер - елдің болашағысыздар. Қазақстан - жастардың мемлекеті. Бізді әлемнің әр мемлекеті таниды, бізбен санасады. Бұл елдің тарихи жетістіктерінің бірі емес пе!? ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін», - деді Мемлекет басшысы.
Президент еріктілер қозғалысы туралы БҰҰ-да жұмыс істеп жүрген уақыттан бері білетінін айтты.
«Мен сол кезде де еріктілерге мүмкіндік жасау керектігін айтып жүрдім. Сондықтан Сіздердің келесі жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер - жаны таза адамдар. Олар - елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», - деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты. Сондай-ақ, ҚР Президенті Үкіметке еріктілер қозғалысын қолдауды тапсырды.