» » Кітап оқып жүрсіз бе?

Кітап оқып жүрсіз бе?

«Богатый папа, бедный папа», «Екінші болма», «Жаман әдеттен арылудың 11 әдісі», «Живи как миллионер, думай как миллионер» секілді тақырыптағы сәнге айналған мотивациялық кітаптарды кез келген кітап дүкенінің сөрелерінен немесе интернет дүкенінен кездестіріп жүрміз. Сол кітаптар іс жүзінде жалқау адамды еңбекқорға, жігері жоқты батылға айналдырып, табысы төмен жанды бай-бағландардың қатарына қоса ала ма?

Бүгінде интернет-дүкендерден «мотивациялық» типтегі сан алуан кітаптарға тапсырыс беріп, сатып алуға, сайттардан жүктеуге мүмкіндік мол. Негізі, оқырмандар мұндай кітаптарды өзін-өзі дамыту үшін, рухани биіктікке жету мақсатында, жеке өміріндегі мәселелердің шешімін тауып, өз мінезіндегі кем­шілікті түзегісі келіп оқиды. Мотивациялық кітап сөрелерінің оқырмандары сол авторлардың сау­дасын қыздырып, қалтасын қампайтып жатқанын да ұмытпау керек. Өйткені кітап жазу дегеніңіз қып-қызыл ақша. Қазіргі күні дәл осы жанрдағы кітаптарға сұраныс жоғары. Сондықтан бұл әлемде пайдасы шаш етектен шығармашылық индустрия болып есептеледі.

Жалпы осындай бағыттағы кітаптарды оқи­тын­дардың ба­сым көпшілігі – университет, кол­ледждердің студент-жастары мен кәсібін бастап келе жатқан жас кәсіпкерлер. Дегенмен, оқырмандардың көп пайызы «Осы жұрттар оқып жатыр ғой, мен де бастап көрейінші» деп кітап бетін ашқанымен, ондағы кеңестерді орындамайды. Егер ескісін іске асырмасаңыз, жаңа кеңестерді оқығаннан не пайда? Онда қандай нәтижеге алып келетінін көру үшін белгілі бір уақытты талап ететін ақыл-кеңестер жазылады. Солай бола тұра, сізде ондай талаптарды орындайтын тәжірибе де жеткіліксіз. Сонысымен де мотивациялық кітаптар қауіпті. Өйткені олар шабыттандырудан гөрі, бетіңіздің қайтуына әсер етіп кетеді. Әрине, бұл жағдайда кінә оқырманнан.

Әлем оқырмандарының “өте жақсы” деген баға­сын алған аустралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» атты кітабын алып оқуды жөн көрдім. Бұрын шығарманың дәйек­сөздерін жиі-жиі әлеуметтік желілерден кө­ре­тінмін, жалпы роман шынайы оқиғаға негіз­делген. Мен кітапқа қол жеткізу мақсатымен ауданымыздың бір кітап дүкеніне хабарластым. Дүкенде мен іздеген кітап жоқ екен, бірақ тапсырыс беруге болады. Сөйтіп бірден екі кітапқа тапсырыс беруді шештім, бірін­шісі «Шантарам» болса, екіншісін сатушыдан кеңес алуды жөн көрдім. Шынайы іс-шаралар мен оқи­ғаларға негізделген туындылар болса ұсынуды сұрадым.

– Сіз классикалық жанрдағы кітаптарды оқы­ғыңыз келеді екен, сіз одан да Қуаныш Шонбайдың «кітаптың аты есімде жоқ» осы кітабын алып оқып көріңіз, өзінің басынан өткен оқиға дәйегімен жа­зыл­ған, – деп тағы бір-екі мотивациялық кітапты ұсынды.

– Әрине, мен екі кітап аламын деген ойымнан де­реу айныдым. Бірақ неліктен оқырмандарға қазақ жазушыларының керемет көркем туындыларын жарнамаламасқа деген ойда қалдым. Халықтың дерті қандай болса, оқитын әдебиеті де сонымен сабақтасып келеді. Қазір бәрінің қарызы, несиесі бар, сондықтан мотивациялық әдебиет дәл уақы­тында оқырманға келді. Бірақ бұл өтпелі дүние деп ойлаймын. Айналып келгенде бүгін тренд болып жүрген мотивациялық кітаптардың негіздемесі «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген Абай атамыздың сөзіне саятын секілді.

Жандос Махмұтұлы

06 желтоқсан 2021 ж. 509 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930