» » ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?

Кезіндегі адамдарды сарылтып, сағындырып жететін пошташының орнын айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткізетін сымсыз құрылғылар басты. Жылт еткен жаңалықты жақсысына да, жаманына да қарамастан айдай әлемге жария ететін ғаламтордың дәурені қазір. «Заманына қарай адамы» демекші, бұл да заманның талабы. Осындай кездейсоқ көлбең ете қалған мына бір жантүршігерлік оқиға назарымызды аудармай қоймады. Онда «Атырауда 13 жасар қыз баланы төрт ит талап тастағаны» айтылған. Қыз жансақтау бөлімінде екен. Неткен қорқынышты, өкінішке толы оқиға дерсіз. Осы кішкентай ғана қыздың басынан өткен оқыс оқиғаны оқып отырып, мәселенің мәнісіне үңіліп көрдік. Өзіңізде не айтпағымызды түсініп отырған шығарсыз. Мұның бәрі салғырттықтан болған оқиға.

2008 жылы туған қыз сол күні би үйірмесінен шығыпты. Алайда үйге қайтар жолда қанды оқиғаның құрбаны болған. Көшедегі қаңғыбас иттер тап бергенде қасындағы құрбылары қашып үлгереді де, ол аштықтан көздері көрмей, көше кезіп жүрген иттерден құтыла алмады. Төрт ит талағаннан оңсын ба, байғұс баланы өтіп бара жатқан көлік иесі арашалап алмағанда не болар еді, кім білсін?! Денесінің сау тамтығы қалмаған, қанжоса болған жасөспірімді таныған ауылдасы дереу көмекке жүгінген екен. Оқиға орнында болған жағдай, жас­өспірім қыздың ата-анасына да, жақындарына да ауыр тигені анық. Өйткені, итке таланған бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр екен. Дәрігерлер қауымы жарақаттанған қыздың сауығып, отбасына аман-есен оралуына әлі біраз уақыт қажет екенін айтыпты.

Көптен бері бізді алаңдатып жүрген ойды осы оқиға қозғап жіберді. Өйткені біздің ауданда да осындай аш жүрген иттер көп. Оларды кез келген көшеден кездестіре аласыз. Кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада, орталық базар маңынан көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар ішінен балаларының өміріне қауіптенетіндері де аз емес. Өйткені топ-тобымен жүрген иттер кез келген уақытта балаларға шабуыл жасауы мүмкін. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Жақында бір топ иттің құрбаны бола жаздадым. Абырой болғанда айналамда адамдар болып, иттерді қуып үлгерді.

Жалпы бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасауы мүмкін. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Қаңғыбас иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көргендіктен, олардың бойында ауру болуы әбден ықтимал. Ал жаңағыдай топтанған итке бетпе-бет келген ересектер емес, балалар болса ше? Тіпті менің орнымда бала болса қайтер еді деген сұрақ мазалады. «Адамдардың денсаулығы, амандығы бәрінен қымбат» деген аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы, ауданның бас санитары да жұқпалы аурулар қаңғыбас, иесіз ит, мысықтардан жұғуы мүмкін деген еді бір сөзінде. Бұл аурулардың алдын алудың бірден-бір жолы егесіз жүрген ит-мысықтардың көзін жою болғандықтан, осының аясында бюджеттен тиісті қаржы да бөлінді. Бұл үшін арнайы бригада құрылып, иесіз ит, мысықтар жойылған. Аудандық ветеринариялық станциясы ШЖҚ КМК мекемесіне хабарласқанымызда да осындай жауап алдық. Яғни жыл басынан осы уақытқа дейін 1323 ит пен 66 мысық ауланып, жойылыпты. Бірақ мамандардың айтуынша, қаң­ғыбас үй жануарларын аулау жұмыстары жыл соңы­на дейін жалғаса бермек. Ал аудандық тауар­лар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау басқармасы осындай қаңғыбас иттердің қабуынан жарақат алған 59 адам тіркелді дейді. Бұл иттердің 24-нің иесі болса, қалғандары иесіз екені анықталған. Абырой болғанда, ит қапқан адамдардан да, адамға шабуылдаған иттерден де құтырма ауруы анықталмапты.

Жауапты мекемелер ит, мысықтарды аулап, жою жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келе жатқанымен, кенттегі қаңғыбас иттерден біржола құтылдық деуге келмейді. Ондай қараусыз үй жануарлары әлі де кездеседі. Бұл әлгі иттің шабуылынан зиян шеккен тұрғындардың жағдайы Атыраудағы жан­түр­шігерлік оқиғаның тағы қайталануы мүмкін деген үрей туғызып отыр.

Иә, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Сал­ғырттық сан соқтырмас үшін, жауап­кершілікті күшейткен дұрыс секілді. Әйтпесе, кент көшелерінде еркін жайылған төрт түліктің орнын енді қаңғыбас ит, мысықтар жоқтатпайын деп тұр.

Нұр НАУАН

21 желтоқсан 2021 ж. 625 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930