Алматыда ротвейлер иттері 3 жасар қызды талап тастады
Алматыда 3 жасар қызды ротвейлер тұқымды иттер талап тастады. Салдарынан бүлдіршін көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы жағдай Алатау ауданының Құрылысшы ықшамауданында орын алған. Үйдің ауласында ойнап жүрген қызға екі ротвейлер тап беріпті. Бүлдіршін алған жарақатының салдарынан дәрігерлер жеткенше көз жұмған.
Қалалық ветеринария орталығындағылардың мәліметінше, иттер ұсталып, изоляторға қамалған.
«Сағат 12:30-да қоңырау түсті. 20 минуттың ішінде ветеринарлық қызметтің екі бригадасы оқиға орнына қарай шықты. Иттер изоляторда және бақылауға алынды. Олардың құтырғандығын анықтау үшін сараптама жасалады», - дейді орталықтың жануарларды аулау бөлімінің басшысы Айгерім Жақсылық.
Сонымен қатар орталықтағылар иттердің қайтыс болған қыздың отбасына тиесілі болғанын айтты.
«Ротвейлер тұқымдас иттер. Иесі бар. Қайтыс болған қыз иттердің иесінің баласы болған. Әзірге иттердің неліктен қауып алғаны белгісіз. Түрлі себептері болуы мүмкін», - дейді ветеринарлық дәрігер.
Stan.kz