» » ҚАРАШАСЫНА ҚАРАЙЛАСҚАН

ҚАРАШАСЫНА ҚАРАЙЛАСҚАН

Кешегі қазақ ауылдары нағыз иманның, мейірімнің ордасындай еді. Бір шұңқырда ұжымдасып тіршілік кешіп отырған бір қауым ел бір-бірінің жоғын түгендеп, бір-біріне болысып, қарайласып, қиындықта демеу болыпты. Үйлерінің есігі жабылмайтын, құшағы қаусырылмайтын ауылдас ағайындар ала қоңыр тірлік кешсе де, татаусыз өмір сүріпті. Бүкіл ауыл халқының жүрегіне нұр тұнып, көңілінен күн күліп тұрмаса да, сол ортаның береке-бірлігін сақтап, қолындағысын көппен бөлісіп, қарашаға қарайласып отырған жақсы адамдардың арқасында қазақтың ұрпағы талай қырғыннан аман қалды. Солардың бірі аңшы, қақпаншы, ұста Ыбырай әкеміз болыпты.

Ыбырай Ахметұлы 1894 жылы осы өңірдегі Ақтікен төбесінің маңындағы Еңбекші ауылында (қазіргі Жаңаталап ауылы) дүние­ге келіпті. Жастық шағы қазақтың басынан өткен аумалы-төкпелі заман­ға тап келген Ыбырай әкеміз жиырмасыншы жылдарда басталған ашаршылық нәубетінде ағасы Шахатпен бірге Қызылқұм арқылы Өзбекстанға ауып, көрші елде біраз жыл тұрақтайды. Түстіктегі өзбек елінің жағдайы ол кезде бізден әлдеқайда жақсы болғанын тарихтан білеміз. Алайда, жылы өңір, жайлы тұрмыс дегенімен, "ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне" деген мақал жастайынан санасына сіңген жас жігіт елдегі саяси ахуал тұрақталып, халықтың тұрмысы түзелген тұста туған жеріне, ата мекеніне қайта оралады. Елге келген соң Сағынтайқызы Рысбике анамызбен бас құрап, шаңырақ көтереді. Осы күнгі Мақпалкөл ауылдық округі сол жылдары майда шаруашылықтардан бірігіп, Ленин атындағы колхоз болып кеңейіп қайта құрылады. Ұжымдық шаруашылықта өрістегі, қорадағы мал да, егістіктегі, қамбадағы дән де, дүние-мүлік те ортақ. Кеңес үкі­меті сол бір қазаннан ас ішіп отырған халыққа ортақ қазынаны сар­қып алмай, орнын толтырып отырудың жауапкершілігін жүктеп, тіпті міндеттейді. Ыбырай әкеміз де көрші елден өз ортасына оралған бойда алдына колхоздың малын алып, тұяғын кемітпей, басын толтырып отыруды мойнына алады. Рысбике анамыз екеуі колхоздың айналасындағы “Жайынкөл”, “Тоқтыкеткен” көлдерінің маңайын, “Құламан” төбе етегін жайлап-қыстап, бірнеше жыл сиыр бағып, 1954 жылы зейнетке шыққанша колхоз малының басын еселеп, шаруашылықтың күш алуына үлес қосады.

Жер емген өзбек ағайындардың ортасында жүріп, диқаншылық пен бағбандықты үйренген Ыбырай Ахметұлы елге келіп қоныстанған соң егін салып, бау-бақша егіп, жеміс ағаштарын күтіп-баптауды кәсіп қылады. Колхоз малынан босағаннан кейін ауласындағы бос жатқан жерді пайдаға жаратып, өнімді үйіп-төгіп беретін жайқалған бақ өсіреді. Сол ұлтарақтай жерге салған бақшалықтың өнімі мен бақтағы жеміс-жидек бүкіл ауылдың ырыздығына айналады. Қолы ашық, жүрегі жомарт жанның пейіліне Алла берген дейді Ыбырай әкеміздің көзі көрген ауылдастары.

Алатақиялы ағайынның бау-бақша егу кәсібінен тәжірибе жинаған бағбанға колхоз басшысы "ауыл орталығынан 2 гектар жер ашып берейін, алма, жүзім егіп, күтімін өз қолыңа алсаң қайтеді?" деген ұсыныс жасайды. Ыбырай әкеміз оған қуана келісіп, бақ егетін жерді өзі таңдап, жұмыс бастайды. Аяқсу келетін арықтарына дейін өзі бас болып жүріп қаздырып, алма, алмұрт, жүзім және басқа да Сыр өңіріне жерсінген жеміс ағаштарының өзі таңдап әкелген түрлі сұрыптарын Өзбекстанда үйренген тәсілдерін қолданып отырғызады. Алма мен алмұртты, қара өрік пен сары өрікті будандастыруды да Ыбырай әкеміз ауылда алғашқылардың бірі болып тәжірибеден өткізеді. Одан бөлек бір түп ағаштан алма да, алмұрт та өсіп тұрғанын көрген ауыл адамдары таңырқайды. Екі гектар бақты күтіп-баптау бір адамға оңай шаруа емес. Алайда, бағбанның еңбегінің жемісін бүкіл колхоз көреді. Күтімі келіскен бақ жемісінің тіл үйіріп, бал татыған дәмі мен мол өнімі алыс-жақын колхоздарға аңыздай тарайды. Не керек, Ыбырай әкеміз сол бақты өзі дүниеден өткенше он жыл бойы күтімінде ұстайды.

– Ауылда үш Ыбырай бар еді. Бір-бірінен ажырату үшін ауылдағылар олардың есімдеріне лақап атын қосып айтушы еді. Менің әкемді "қайқыбас Ыбырай" деп атайтын. Әкемізден менен басқа Азамат есімді ағам және Рабиға деген қарындасым бар. Өзі бала кезінен жетім қалып, алмағайып, аласапыран заманның уын жұтып, сорын татқан соң ба, әкеміз бүкіл ғұмырын балаларына арнап, үшеумізді ұядай үйде мейіріміне қандырып, балапандай баптап өсірді. Әкеміздің бағбан болғанын қазіргі жастар білмесе де, көнекөз қарттар жақсы біледі. Осы күнгі Темірбек Жүргенов атындағы ауылдың орталығындағы бұзылып кеткен ескі клуб орнында әкем еккен үлкен бақ болды. Әкемнің жарты ғұмыры сол бау-бақшаның ішінде өтті. Ерте көктемде кіргеннен, күзгі жиым-терімнен соң бел жазып бір-ақ демалушы еді, жарықтық. Сырт көзге көрінбегенімен бейнеті көп бағбандық кәсіптен нәсіп терді. Бейнетті іздеп жүріп тауып алатын және сол ісінен жаны жайланып, рахат табатын өте еңбекқор жан еді. Одан бөлек әкеміздің кәсібінің бір қыры аңшылық болатын. Бала күнімде әкем талай мәрте аңға ертіп барды. Кешқұрым қалыңның арасына бірнеше қақпан құрып кетіп, ертесіне атпен бір шолып шығады. Кешке үйге бірнеше қасқыр, түлкі, борсық, қоян алып келеді. Қақпанға түскен жыртқыштарды қамшының сабымен ұрып алатын. Бір қызығы, әкем мылтықпен аңға шыққанда қоянның, қырғауылдың дыбысын салып, шақырып алып ататын. Ара-тұра жарау атын мініп, қақпандарын артынып, Аралқұмға кетеді. Екі-үш күн қона жатып 3-4 қарақұйрық алып келеді. Бірақ әкем аң-құсты көп ауламайтын. Обалынан қорқамын деуші еді. Аңшылыққа деген пендәуи ашкөз құмарлығын қанағатымен тойтарып отыратын. Сонымен бірге әкем ау салып, қармақ құрып, балық аулайтын. Ауыл маңайындағы көлдерге ау тастайды, ағын суларға қармақ құрып кетеді де, ертесіне бір үйлі жанға бірер күн талғажау болатын балық алып келеді. Әсіресе жемтігіне бұзаубас ілген қармақты көбіне ұзындығы бір метрге жуықтайтын дәу жайындар қабады.

Әкемнің аңнан, балықтан оралғандағы олжасы тек біздің үйдің қазанына ғана түспейді, көрші-көлем мен ағайын-туысқа ортақ болатын. Қылдай қылып бөліп, таратып жібереді. Әкем көңілі кең, жомарт кісі еді. Үйдегі сауын қылып отырған жалғыз сиырын да қиналған біреуге жетектетіп жібергенін шешеміз айтып отырушы еді. Ал аңшылықтағы қанжығасына байлаған қасқыр мен түлкінің терісін өзі илеп, өңдеп тіккен ішіктерін қалаған таныстарының көңілін қимай, қолын қайтармай кигізіп жібергеніне өзім талай мәрте куә болдым. “Балам, кең болсаң, кем болмайсың. Сенің несібеңнің бір бөлігінде ағайын мен жақын-жуығыңның қақысы бар. Тапқаныңның бір пұшпағын жұртпен бөліссең, Алла саған берерін еселейді”, – деп отыратын.

Әкемнің көрші елдегі ұсталардан үйренген тағы бір кәсібі – үйшілігі еді. Сыр талынан киіз үйдің сүйек-қаңқасын жасайтын. Сәмбі талдың ұзын, сидам бұтақтарынан кереге мен уыққа жарамдыларын кесіп алып, бірнеше ай кептіреді. Содан соң шауып, жонып, дымдайды, түтінмен ыстап, морға салып қисығын түзейді. Уық пен шаңырақтың арасын иерде де осындай тәсілді қолданады. Кереге қанаттарының көзін түйенің мойнағынан немесе өгіздің бас терісінен жасалған қайыспен көктейтін. Оны да кептіріп, қырып, илеп, үгіп өзі дайындайды. Үйдің сүйегі дайын болғанда оны қызартып жосамен бояйды. Әкем үй жасарда бала болсақ та жанында жүретінбіз. Қазір ойлап отырсам, халқымыздағы соңғы үйші шеберлер сол кісілер екен ғой. Одан кейін мен киіз сүйегін жасайтын шеберлерді көргенім жоқ, – дейді Ыбырай әкеміздің бел баласы Табынбай ағамыз.

Расымен қазіргі ұрпақ киіз үй жасамақ түгіл, киіз үйдің бөліктерін де білмейді. Тіпті киіз үйді көрмеген балалар өсіп келе жатыр. Ал Ыбырай әкеміздің бағбандықтағы, аңшылықтағы ұстанымы мен кәсіби шеберлігінен бөлек, аң-құстың киесінен сескенетін қанағаты көзіне көрінген, қарайғанды қынадай қырып, ысырап ететін бүгінгі ынсапсыз һәм қатыгез браконьерлерге үлгі.

Қуат АДИС


27 желтоқсан 2021 ж. 675 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930