» » » Майдангер диқан – Сасықбай Дәулетбеков

Майдангер диқан – Сасықбай Дәулетбеков


Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған майдангерлердің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Қан Майданда жаумен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлігі – бізге, яғни бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына да биыл – 75 жыл. Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқи-ғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанмен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қан майданда қаза болған боздақтарымыздың теңдессіз ерліктері ғасырлар бойы жасай береді. Өйткені олар кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін өздерінің азаматтық және патриоттық парыздарын абыроймен өтеді. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлық пен ерліктің ғажап үлгілерін көрсеткен кімдер дегенде, Жалағаш топырағынан майданға аттанған үш мыңға жуық жауынгерді түгел атауға болады. Олардың үштен екісі қаза тауып, майдан даласында қалды. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде теңізші, окопта әскер және тылда еңбеккер болғандардың бәрі де Ұлы Жеңіс үшін фашист оғына өз кеудесін тосты. Соның бірі – жалағаштық жауынгер Сасықбай Дәулетбеков.
Сасықбай әкеміздің балалық шағы ашаршылық кезеңмен тура келді. Әкесінің жанында жүріп үлкендерше шаруаға араласты. Әкесі де баласын ерте еңбекке баулып, ауыл шаруашылық жұмысына бейімдейді. Тар заманда туып, ерте есейген әкеміздің балалық шағы осылайша аштық нәубетіне тап келіп, өмір оны ерте есейтті. Сол бір жылдары елді қынадай қырған ашаршылық бұл отбасын да айналып өткен жоқ. Жұртпен бірге аштықты ауыздықтауға жұмылып, жер баптап, егін екті. Бір сәтте радиодан тараған: «Тыңдаңыздар! Неміс басқыншылары Кеңес одағына соғыс ашты» деген суық хабар халықты дүр сілкіндірді. Онсыз да ашаршылық әбден сілелеткен халықты аяқ астынан тұтанған соғыс өрті абдырата бастады.
Сол сәттен бастап ел азаматтары иығына қару асынып, майдан даласына бет алды. Алғашқылардың бірі болып жауға қарсы қару кезенгендердің қатарында Сасықбай әкеміз де бар. Ол 1941 жылы әскерге өзі сұранып, Қармақшы әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды. Ауылда мылтықтың дауысын естімеген бозбаланы адам қаны сел боп аққан ұрыс даласы үреймен қарсы алды. Ол ең бірінші Украина бағытындағы дивизия сапында ұрысқа кіреді. Одан кейін де көптеген шайқастарда болып, Латвияны жаудан азат етіп, фашистерді Германияға дейін ығыстырған жауынгерлердің сапында болды. Майдан даласында жүріп талай жорықтарға қатысқан жауынгер отты жылдарды еске алып, балаларына әңгімелемейтін. Себебі ашаршылық жылдардан кейін тұтқиылдан келген фашист соққысы сан мыңдаған адамның жанын алып, бейкүнә сәбиді жетім етті. Сондықтан сол бір қасіретті жылдарды сөз етудің өзі майдангерлер үшін ауыр болғаны анық. Майдангер әкеміз түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталды.
– Майдан даласында біздің әскерді әуеден бомбалады. Жаудың зеңбірегі нысанаға дөп тимесе де, қап-қара қою түтін арасында қалдық. Артында төбеден қарша жауған снарядтар біздің саптағы әскерді тас-талқан етті. Мен де ауыр жараландым. Еміс-еміс есімде, көзімді ашсам, қалың қар қызыл қанға боялған екен. Бірінің аяғы, бірінің қолы жоқ. Жан тапсырғандары қаншама. Артынша фашистер тірі қалған әскерді мылтықпен атып келе жатыр. Әбден шарасыз күйге түскен біздің қолымыздан ештеңе келер емес. Тірі қалған әскер санаулы ғана. Сол сәтте алыстан әскерлердің шапшаң қимылы сезілді. Басымды көтеріп қарасам, өзіміздің полк әскері екен, бізге көмекке келген. Мұндай жағдай барлық майдангерлердің басынан өтті ғой. Майданда тойып тамақ жеуді тіпті армандамайтын едік. Ал неміс әскерлерінің қоржыны құнарлы нанға, суға толы болатын. Кептірілген ет те, шылымы да өздерімен бірге жүретін. Ал біздің жағдай ондай мәз болған жоқ. Бірақ қайсар мінезімізбен, жанкешті ерлігімізбен бәрін де жеңіп шықтық. Майдан даласында артқа қарау жоқ, тек «Алға!» деген ұранмен отқа да, суға түсіп, елді жаудан азат етуге барлық күш-қайратын жұмсаған жауынгерлердің ерлігіне бас иемін деп, Сасықбай ақсақал көзі тірісінде марқұм болған жандарға дұға етіп отырушы еді, – дейді көзін көрген ауылдастары.
Ел басына күн туған сәтте жанкешті ерлік көрсеткен жауынгер Сасықбай Дәулетбекұлы 1912 жылы Жалағаш ауданы «Жас Қайрат» қазіргі Ақсу ауылында дүниеге келген. Төрт жылға созылған соғысты аяқтап, 1945 жылы елге оралған соң, тұралап қалған ауыл шаруашылығы жұмыстарын жандандыруды қолға алды. Күріш өсірудің майталман шебері болған ол білімі мен мол тәжірибесін жас диқандарға үйретуден жалыққан емес. Сондықтан да С.Дәулетбековті совхоз еңбеккерлері қадір-құрмет тұтады.
Егін орағы қай кезде де екпінді майдан саналады. Жер-ананы баптап, онымен жұмыс істеген жандар мұны жақсы түсінеді. Майдангер ауылға келісімен құнарлы жер іздеп, оны қолдан инженерлік жүйеге келтірді. Алпысыншы жылдары республика көлемінде рекордтық өнім жинап, озат күрішші атанды. Сол жылдары «Социалистік Еңбек Ері» атағын алуға үміткер болып, жоғарыдағы басшылардан түрлі мақтау қағаздары мен грамоталарын иеленді. Қырманды дәнге толтырып, күріштен тау тұрғызған майдангер, диқан әкеміз 1975 жылы өмірден өтті.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының майталманы атанған майдангердің ұрпақтары әке жолын жалғап, жер баптап, күріш өсіруде жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
01 сәуір 2020 ж. 727 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930