ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ЕТУ – ТАРИХТАН ТАҒыЛЫМ АЛУ Кешегі КСРО деген алып мемлекет өткен ғасырды соғыспен бастап, соғыспен аяқтады. Әрине, сол ХХ ғасырдың орта шеніндегі екінші дүниежүзілік соғысты сөз етпегенде, кеңес құрамында болған халықтар одан кейін де түрлі дәрежедегі қанды қырғынды бастан кешті.Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Мылтық атылған жерде қан төгіледі. Соғыстың аты – соғыс. Сол шайқастардың барлығында да қазақ халқынан адам шығыны көп болды. Қаншама қазақ жауынгерлері елін қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп, опат болды. Қаншамасы туған жеріне жете алмай, жат топырақты жамылып қала берді. Солардың бірі 1979 жылы басталып, 1989 жылы аяқталған кеңес-ауған соғысы еді. Он жылға созылған бұл қанды қырғынға 23 мың қазақстандық қатысып, 749 жауынгер Ауған жерінде қаза тапты. Ал, 26 жауынгер майдан даласында із-түзсіз жоғалып кетті. Біздің ауданымыздан осы соғысқа 34 азамат қатысты. Қазірде олардың 6-ауы арамызда жоқ. Соғыстың салған жарасынан көз жұмды. Бүгінде осы кеңес-ауған соғысына мағынасыз, басқыншылық мақсаттағы соғыс деп баға беріп жатқандар бар. Алайда, Ауғанстан жеріндегі соғыста болған жерлестеріміздің көбі ол кезде 18-19 жастағы қылқандай жастар еді. Олар тек отан алдындағы өздерінің әскери интернационалдық борышын өтеді, азаматтық міндеттерін адал атқарды. От пен оқтың астында жүріп әскери бұйрықты ғана орындады. Сондықтан біз бүгін оларға құрмет көрсетіп, осы соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің қайсар рухының алдында тағзым етуге тиіспіз. Сындарлы сәтте бастарын қатерге тігіп, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан ауғандық ардагерлерді құрметтеу – бүгінгі біздің және келер ұрпақтың борышы. Өткен жұмада Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 29 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым – ұрпақ парызы» атты салтанатты кеш өтті. Алдымен жұртшылық ауған даласындағы қанды қырғында қыршынынан қиылған боздақтарды орындарынан тік тұрып бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң сахна төріне сол боздақтардың өлмес рухы мен өшпес ерлігіне арнап тағзым гүл шоғы қойылды. Кешті аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашты.– Соғыс – халықтың қасіреті. Осы залда отырған ауған соғысына қатысушылар бейбіт өмірдің бағасын білетін азаматтар. Сондықтан жерлестеріміздің жорық жолдарындағы ерліктері мен бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін ұғындыратын тағылымды естеліктері кейінгі ұрпаққа үлгі, жастар тәрбиесінде ерекше рөл атқарады. Сол секілді кешегі Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыстың зардабын жоюға қатысқан және Семейдегі ядролық сынақ алаңында әскери борыштарын өтеп, денсаулықтарын жоғалтқан бір қатар аға буын ұрпақ өкілдері де қандай құрметке де лайық. Міне, осы азаматтарымыздың ерліктеріне кейінгі ұрпақ тағзым етуі үшін биыл орталық саябақ ішінен үлкен ескерткіш бой көтеретін болады, - деді аудан басшысы. Осы кеште Қайратбек Әубәкірұлы кешегі ауған соғысы ардагерлерін, бүгінгі бейбіт өмірдің үздік еңбеккерлерін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Ал, кеш барысында сөз алған ауған соғысының ардагері, Қызылорда облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Х.Баймаханов ауыр да азапты жылдардың естелігімен бөлісті. Жуық арада демеушілердің қаржылай қолдауымен ауған соғысы ардагерлерінің жорық жолдары баяндалған «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» атты кітап жарық көріп, көпшілік оқырманға жол тартпақшы. Салтанатты кеште сөз алған кітап авторы аймағымызға белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы келер ұрпақ бейбіт өмірдің құнын ұғынуы үшін өткен тарихтан тағылым алуы тиіс екенін айтып, «енді соғыс ардагерлері емес, тек еңбек ардагерлері ғана болсын» деген ізгі тілегін жеткізді. Кеш барысында ауған соғысы ардагерлеріне сый-сияпаттар жасалып, тәуелсіз еліміздің болашақ отан қорғаушыларына шақырушының тіркеу туралы куәліктері табысталды. Салтанатты кеште ауған соғысының ардагерлері, аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары, аудандық әуез мектебі оқушылары және аудан мектептерінің әскери-патриоттық клуб мүшелері өнер көрсетті. Аталған шараға «АгроХолдинг – Байқоңыр» ЖШС-ның басшысы М.Еспанов және кәсіпкер Б.Сейітова қаржылай демеушілік жасады. Қ.АХЕТОВ. Жаңалықтар 20 ақпан 2018 ж. 1 371 0